Өлеңді оқушыларға тізбектей оқыту

Сабақ тақырыбы

Иса Байзақовтың «Алтай аясында» өлеңі арқылы Алтайдың көркем табиғатын таныту, оқушылардың эстетикалық талғамын дамыту және мәнерлеп оқуға машықтандыру.

Мақсаты

Алтай өңірінің сұлу табиғатын ақын өлеңі арқылы таныта отырып, эстетикалық тәрбие беру және оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру.

Білімдік бағыты

Иса Байзақов туралы мәлімет беру, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру, жануарларды қорғау және орынсыз тиіспеуге үйрету.

Тәрбиелік бағыты

Табиғатқа ұқыпты қарауға, жануарларға қамқор болуға, мейірімділік пен жауапкершілікті нығайтуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Алтай тауының суреті
  • Сызба-үлгілер
  • Сөзжұмбақ

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижені қысқаша таныстыру.

II. Психологиялық дайындық

Үлкенге де «сіз»,
Кішіге де «сіз».
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен «біз».

III. Үй тапсырмасын тексеру

С. Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңі бойынша мазмұнын сұрау (2–4 оқушы).

Сұрақтар

  1. Бетбақдаланы неліктен шөл дала деп атайды?
  2. Киік қандай жерді мекендейді?
  3. Өлең неліктен «Ақсақ киік» деп аталады?
  4. Елімізде киікті қорғау неліктен талап етіледі?

IV. Сөзжұмбақ

Оқушылардың сөздік қорын және логикалық ойлауын дамытуға арналған қысқа тапсырма.

1

Жыл мезгілі

2

Жеміс ағашы

3

Төрт түліктің бірі

4

Өз атын шақыратын құс

V. Жаңа сабақ

Күннің жадында

Иса Байзақов — «Алтай аясында»

Өлең мазмұнын қара сөзбен әңгімелеу: Алтай — өте биік әрі көркем тау. Биіктігі соншалық, ұшар басына бұлттан басқа ештеңе жете алмайтындай әсер қалдырады. Тау қияларында бұғы мен марал мекендейді, ал аңғар-шатқалдарында аю мен қабан кездеседі. Оңтүстігіндегі құлан жортқан шөлейт өңірлерде елік пен ешкі жайылып жүреді. Алтай қойнауы алтын мен күміске бай, сондай-ақ басқа да пайдалы қазыналар өндіріледі.

Тау шыңдарын ораған бұлттар жібектей үлбіреп, торғындай шұбатыла келіп, көңілді көтеріп, шаттандырады.

VI. Сергіту сәті

«Табиғатпен сәлемдесу» (хормен).

Табиғат — біздің анамыз,
Біз келбетті, көріктіміз.
Табиғатқа баламыз,
Біз әдепті, мейірімдіміз.

Иіліп сәлем беремін,
Біз ақылды, дарындымыз.
Біз әдепті баламыз,
Біз зейінді, зерекпіз.

VII. Өлеңді оқыту

  • Өлеңді оқушыларға тізбектей оқыту.
  • Мәнерлеп оқуға назар аударту (ырғағы, кідіріс, екпін).

VIII. Сөздік жұмысы

Аясында

бауырында

Қиясында

биігінде

Өршіл

биікке құмар, өр мінезді

Алқабында

айналасында

Орғып

секіріп

Сайын

кең, кең жазық

IX. Шығармашылық тапсырма

6 минут уақыт беріледі. Әр қатар өз тапсырмасын орындайды.

1-қатар

Әңгіме құрастыру

2-қатар

Сурет салу

3-қатар

Өлең шығару

Сұрақ-жауап

  1. Ақын таудың ең биік төбесін неге теңейді? (Ақ бас атан түйеге.)
  2. Орап алған бұлтты кімге және неге теңейді? (Жібек орамалға.)
  3. Ақша қарды неге теңейді? (Ақ күміске.)

Мұғалім өлеңді мәнерлеп оқып береді. Оқушыларға іштей оқуға уақыт беріледі.

X. Сызба-үлгі бойынша жинақтау

Алтай көрінісінің әсері

  • Көңілге күй оралады
  • Сұлулық сезімі күшейеді
  • Торғындай шұбатылған бұлт, жібектей үлбіреген көрініс

Алтай тауының әсемдігі

  • Бұлттан өзге ештеңе қона алмаған ұшар бас
  • Айға шағылған асқар шың
  • Ақша қар — ақ күмістей әсер

Алтайдың аң-құстары

  • Қиясында: бұғы, марал, өршіл киік
  • Аңғар-шатқалында: аю, қабан
  • Оңтүстік даласында, шөлейтте: құлан, елік, ешкі

Алтайдың кен байлығы

  • Негізгі: алтын, күміс, мырыш, қорғасын
  • Қосымша: титан, магний

XI. Сабақты қорытындылау

Өлеңдегі негізгі ойды жинақтау: табиғат сұлулығын сезіну, туған жерді қадірлеу, жануарлар әлеміне жанашыр болу және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру.

XII. Үй тапсырмасы

Өлеңді мәнерлеп оқу. Жоғарыдағы сызба-үлгі бойынша мазмұнын әңгімелеп беруге дайындалып келу.

XIII. Бағалау

Оқушылардың мәнерлеп оқуы, сұрақтарға жауап беруі, шығармашылық тапсырмадағы белсенділігі және топтық жұмысқа қатысуы бойынша бағалау.