Абылай ханның шын аты кім

Ана тілі Аралас сабақ Сұрақ-жауап • Ойын

Сабақтың тақырыбы: Қазақ батырлары

Бұл сабақта оқушылар қазақ батырларының ерлігімен танысып, өлеңдегі негізгі ойды анықтауға және өз ойын жүйелі түрде жеткізуге дағдыланады. Сонымен қатар логикалық ойлау мен сөйлеу мәдениеті дамытылады.

Мақсаты

Оқушыларға қазақ батырларының ерлігі туралы мағлұмат беру.

Білімділік

Өлеңдегі негізгі ойды анықтауға, ойды жүйелі түрде баяндауға үйрету.

Дамытушылық

Логикалық ойлау мен сөйлеу дағдысын жетілдіру.

Көрнекілігі

  • Қазақ батырларының суреттері
  • Қару-жарақ бейнелері
  • Интерактивті тақта

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық көңіл күй

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.

  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  • Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды даярлату.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Үй тапсырмасы сұрақ-жауап арқылы пысықталады.

1) Абылай хан кім болған?

Қазақтың ханы болған.

2) Абылай ханның шын аты кім?

Әбілмансұр.

3) Абылай хан қай жылы дүниеге келген?

1711 жылы.

4) Абылай ханның әкесінің аты кім? Қай жерде билеуші болды?

Уәли. Түркістанды билеген.

5) Абылай хан кімдермен шайқасқан?

Жоңғарлармен және қалмақтармен.

6) Абылай хан кімдердің ақылына жүгінген?

Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ақылына жүгінген.

Қосымша сұрақ

Үш бидің басын біріктірген кім?

III. Жаңа сабақ

Ой шақыру

Бүгін біз қазақ батырларымен танысамыз. Батыр деп ерлік жасаған, елін және жерін сыртқы жаудан қорғаған ер жүрек адамдарды айтамыз.

Танымал батырлар

Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Алпамыс, Қобыланды, Амангелді, Исатай, Махамбет.

Үш жүздің қорғаны

  • Қаракерей Қабанбай
  • Қанжығалы Бөгенбай
  • Шапырашты Наурызбай

Өлеңнен үзінді

Қазақ батырлары
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай.
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты.

Үш жүздің басын қосқан Абылай хан Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың ерлігіне сүйенген. «Қазақ батырлары» өлеңінің авторы — Бұқар жырау. Ол Абылай ханның кеңесшісі әрі ақылшысы болған.

Ерлік дәстүрі жалғасады

Бауыржан, Әлия, Мәншүк сияқты ерлер мен ержүрек қыздарымызға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген. Олар елін, жерін қорғап, азаттық үшін жанын аямай күрескен.

IV. Сергіту сәті

Мақал-мәтел жарысы

  • Батыр бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі.

  • Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы.

  • Шешен сөз бастар, батыр қол бастар.

  • Батыр майданда шынығады, болат қайнауда шынығады.

V. Ой толғаныс

Ер қаруы – бес қару

Батырлар елді жаудан қорғауда әртүрлі қару қолданған. Ер азаматтың бес қаруы әрдайым сай болған.

Садақ
Найза
Қылыш
Айбалта
Шоқпар

VI. Дәптермен жұмыс

145-жаттығу

Жер көгерді. Ағаш гүлдеді. Бақта құстар сайрады. Балалар ойнады. Асылтай мен Еркебұлан гүл терді.

146-жаттығу

Қарама-қарсы мағыналы сөздерді табу және салыстыру.

Үлкен – кіші
Алыс – жақын
Кең – тар
Жақсы – жаман
Жуан – жіңішке
Ақ – қара
Ұзын – қысқа
Қалың – жұқа

VII. Қорытынды

«Аттардың иесін тап» тапсырмасы

  1. Заттың атын білдіретін сөздерге қандай сұрақ қойылады?
  2. Заттың қимылын білдіретін сөздер қандай сұраққа жауап береді?
  3. «Қандай? Қай?» сұрақтарына жауап беретін сөздерді тауып, атаңдар.
  4. «Қанша? Неше? Нешінші?» сұрақтарына жауап беретін сөздерді тауып, атаңдар.

VIII. Үй тапсырмасы

Тақырып: «Қазақ батырлары».

IX. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен белсенділігі ескеріліп, мадақтау арқылы бағаланады.