Тарихи орталығы

Сабақ туралы

Сабақтың тақырыбы

«Туған ел». Сәкен Сейфуллин

Сабақтың түрі

Аукцион сабақ

Сабақтың әдістері

  • Сұрақ–жауап
  • Түсіндіру
  • Ой тастау

Көрнекіліктер

  • Білім ордасының суреті
  • Кілт
  • Слайд

Сабақтың мақсаты

Білімдік

«Туған ел» өлеңінің мазмұнын таныстыру және түсіндіру. Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру.

Дамытушылық

Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру, сөйлеу дағдысын жетілдіру. Өз ойын еркін айтуға үйрету, білімге құштарлығын күшейту.

Тәрбиелік

Туған жерге сүйіспеншілікті қалыптастыру, табиғатты қорғауға және туған елді құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы: «Білім ордасы» аукционы

Сабақ аукцион формасында өтеді: «ақшаның орнына» оқушылар өз білімін ұсынып, ұпай жинайды. Әр кезеңнен ұпай алып отыру маңызды. Ең көп ұпай жинаған топ «білім ордасының» иесі атанады.

I. Ұйымдастыру бөлімі

  • Оқу құралдарын дайындау.
  • Үй тапсырмасын тексеру.
  • Сұрақтар арқылы ой қозғау: «Білімді болу үшін не керек? Білімді қайдан аламыз?»
  • Аукцион ережесімен таныстыру.

1-саты. «Ой жинақтау» (Үй тапсырмасы)

Тапсырмалар:

  1. Өлеңді жатқа айту.
  2. Сұрақтарға жауап беру.

Сұрақтар:

  • Өлеңнің авторы кім?
  • Тіл туралы қандай мақал-мәтел білесің?
  • Дихан Әбілов кім?
  • Дихан Әбіловтің өлеңі не туралы?
  • Екі өлеңнің ұқсастығы мен айырмашылығы неде?
  • «Оты сөнген от ал мен, жүрегімді суырып алыңдар» деген тіркесті қалай түсінесіңдер?

II. Жаңа сабақты меңгерту

2-саты. «Топтастыру»

  • «Туған» сөзіне сөз тіркестерін құрау.
  • «Өлке, ауыл, ел, жер» ұғымдарын бір сөзбен атау.
  • «Туған жер», «туған ел» тіркестерінің мағынасын талқылау.

Мұғалімнің түсіндірмесі

Туған жер — адамның туып-өскен мекені. Қай жерде өмір сүрсек, сол — біздің туған жеріміз.

Ауылымыз Каспий теңізінің жағасында орналасқан, табиғаты өңірімізге тән. Мұнда мектеп, кітапхана, мәдениет ошағы, балабақша, дәрігерлік көмек көрсету орталығы бар.

Сонымен бірге тарихи ескерткіштеріміз де кездеседі: Қошқар ата әулиесі және Мәдениет үйі жанындағы бақта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіш.

Әрбір адам туған жерін және ондағы тарихи орындарды қорғауға міндетті. Бұл талап заңда нақты көрсетілген.

Көптеген ақын-жазушылар туған жерге арнап өлең, шығарма жазған. Солардың бірі — Сәкен Сейфуллин. Бүгін «Туған ел» өлеңімен танысамыз.

3-саты. «Мағына тану»

  1. Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын слайд арқылы таныстыру.
  2. Өлеңді мәнерлеп оқу, мазмұнын талдау.
  3. Оқушыларға кезекпен оқыту арқылы түсінгенін бекіту.

4-саты. «Ой қозғау» — орталықтармен жұмыс

Бұл кезеңде оқушылар бірнеше бағыт бойынша топтық тапсырмалар орындайды: шығармашылық, тарихи таным, экологиялық жауапкершілік және сахналық көрініс.

Әдебиет орталығы

Топтық жұмыс:

  • «Зеректер» тобы: берілген сурет бойынша өлең құрастыру.
  • «Алғырлар» тобы: берілген сурет бойынша шағын шығарма жазу.

Мақал-мәтел сайысы:

Екі топ кезектесіп, туған жер туралы мақал-мәтел айтып жарысады.

Тарихи орталық

  • Ауылымыздағы тарихи ескерткіштер мен орындарды ата.
  • Тарихи орындарды қорғау туралы заң талаптарын түсіндір.

Дүниетану орталығы

Болашақта елге қызмет ететін азамат болғанда, туған жеріміздің табиғатын қалай қорғар едің? (Оқушылар пікірі тыңдалады.)

Театр орталығы

Көрініс: «Кімнің мекені жақсы?»

Талқылау:

Әр адамның туған жерінен артық жер жоқ. Ол салқын болса да, шөл болса да — қадірлі. Сондықтан туған жерімізді құрметтеп, табиғатын қорғауды әрқайсымыз міндет деп білейік.

Жеңімпазды анықтау

Әр сатыда жинаған ұпайлар есептеліп, ең жоғары нәтиже көрсеткен топ жеңімпаз атанады.

III. Сабақты қорытындылау

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгін қандай тақырыппен таныстық?
  • «Туған ел» өлеңінің авторы кім?
  • Сәкен Сейфуллин кім?
  • Өлеңнен қандай ой түйдік?

Үй тапсырмасы

  1. Өлеңді жатқа айту.
  2. «Туған ел — алтын ұям» тақырыбына шығарма жазу.