Біреулер бастық көрсе қуанатын, Біреулер жалпылдайды сұрап атын

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні

Ашық тәрбие сағаты: «Ұлтына қамқор – Елбасы»

Мақсаты

  • Қазақ халқының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы туралы мәлімет беру: туған жері, өскен ортасы, білім алған және еңбек еткен орындары.
  • Елбасының өмір жолын үлгі ете отырып, оқушыларды Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа және патриоттық сезімге тәрбиелеу.
  • Оқушылардың жүрегінде Елбасына деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру.

Көрнекілігі

Слайдтар, үнтаспа, шарлар, суреттер, көрме материалдары.

Сценарий

1-жүргізуші

Армысыздар, құрметті ұстаздар, тәрбиешілер, оқушылар және қонақтар!

2-жүргізуші

Қайырлы күн, тәуелсіз елдің қадірменді азаматтары! Бүгінгі Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы еңселеткен Елорда» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

1-жүргізуші

Алаулаған алабынан нұр тамып,
Қазақ елін бүкіл дүние жүр танып.
Көк байрағың желбірейді төріңде,
Гимнің тұр көгіңде шырқалып.

(Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.)

2-жүргізуші

Алихан, сен қалай ойлайсың: Қазақстан Республикасы осындай деңгейге жетіп, көк туымыздың астында бейбіт өмір сүріп жатқанымыз кімнің арқасы?

1-жүргізуші

Әрине, Қазақстанның әлемге танылып, астанамыздың көркейіп, еңсе тіктеуі – Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың еңбегінің нәтижесі. Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ: ата-бабамыз ғасырлар бойы ел мен жер үшін күресіп, ұрпағы тыныш өмір сүрсін деп, бізге тәуелсіз мемлекет мұрасын қалдырды.

Көпұлтты мемлекетті басқару – үлкен жауапкершілік. 1991 жылғы 1 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстанды басқару сенімі халқымыздың таңдауы бойынша Елбасымызға жүктелді.

1-жүргізуші

Тәуелсіз ел атанғалы бері мемлекетіміз даму жолына түсті: экономика, білім беру, медицина, өндіріс және халықаралық байланыстар нығайды. Мұның бәрі елдік саясаттың бағыт-бағдарымен байланысты емес пе?

2-жүргізуші

Дұрыс айтасың. Бірақ сол тәуелсіздікке де жеңіл жеткен жоқпыз. Қаншама бабаларымыз бен аталарымыз, Қайрат пен Ерболдай ағаларымыз, Ләззаттай әпкелеріміз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Ендеше 1986 жылғы 16 желтоқсанға арналған Ақұштап Бақтыгерееваның «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңін тыңдайық.

Оқитын: Жұбанышева Қарлығаш.

Өлең: «Ерлікті көзбен көрген күн»

Желтоқсан — 86, ызғарлы күн,
Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін,
Өттің де астан-кестең ойда жоқта
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,
Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді,
Халыққа Жаңа жылдық сәлем жолдап,
Жазушылар үйіне Колбин келді.

Біреулер бастық көрсе қуанатын,
Біреулер жалпылдайды сұрап атын.
Бір кезде жазушылар мінбесіне
Барады көтеріліп Жұбан ақын.

Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:
«Замандаспыз», — деді оған, қатар жүрген.
Желтоқсанның көргенше он алтысын
Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен.

«Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,
Әлі күнгі Отанды ән етемін.
Мен қазақпын!» — деуші едім біле тұра,
Шовинизм дегеннің бар екенін.

Ұрпағыма халім бар не дер енді,
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан
Ит таласын деп пе едім немеремді?

Ақынша айтсам, ұлы елдің бұл мазағын
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.

Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін.
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің, замандас, салтын елдің.

Бір еместей өзіңмен жолым бүгін,
Мен айтпасам, паш етер сорымды кім?
Жетпіс жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.

Деп үйреттің: «Мәңгүртсің, бәрің надан»,
Тіл мен діннен айырылды елім, бабам.
Кеше аланда сабаған — сенің тегің,
Ал таяқты жегендер — менің балам.

Ақын жүрек тартуда содан қайғы,
Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы.
Кешір мені, замандас, осы жолы
Жұбан саған пікірлес бола алмайды.

Намыс пен кек түнеріп қабағында,
Мұң аралас жас тұнып жанарында.
Ел алдында арқадан жүгі түсіп,
Ақын тұрды тазарып ар алдында.

Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,
Бір адамның жанары күлімдемей.
Біз отырдық төбеден жай түскендей,
Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.

Кетті залды ақынның өртеп демі,
Әлі есімде — біреулер селт етпеді.
37 қуғынын көрген сорлы
Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.

Жұбан — бөрі, өзгелер — қояндардай,
Колбин жүзі сөл қанға боялғандай.
Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп,
Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.

Елбасы туралы қысқаша түйін

Елбасының өмірбаянына тоқталсақ, Н. Назарбаев ең алдымен өз міндетін терең сезінетін, жауапкершілікті жоғары қоятын, жүктелген істі қажыр-қайратпен атқаратын тұлға ретінде сипатталады.

Ол әр қадамын мұқият есептеп, саясаткер болуды табиғи дарынмен қатар күн сайынғы тынымсыз еңбек пен өмірлік дағды деп түсінеді. «Ұлтына қамқор – Елбасы» идеясы осы жауапкершілік пен елдік мүддені алға қоятын ұстаныммен сабақтас.