Қазақстан - ортақ біздің үйіміз, Отаным деп бар әлемге жар салам

Тәрбие сағаты: «Жаса, Қазақстан!»

Бұл тарихи-әдеби кеш 5–6–8–9 сынып оқушылары мен тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өтеді.

Өтетін орны

Акт залы

Көрнекіліктер

Суреттер, слайдтар

Орындаушылар

6-сынып оқушылары (би)

Мақсаты

Тәуелсіздік туралы терең мағлұмат беру, ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі ете отырып, өз Отанын сүюге, еліне және халқына қызмет етуге тәрбиелеу.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел тарихына шолу жасау, тәуелсіз еліміздің жетістіктерімен таныстырып, оқушылардың білімін тереңдету.

I жүргізуші

Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар, оқушылар және кеш қонақтары! 5–6–8–9 сынып оқушылары мен тарих пәні мұғалімдері ұйымдастырып отырған «Жаса, Қазақстан!» атты тарихи-әдеби кешімізге қош келдіңіздер!

Өлең:

Қазақстан — ұлан-байтақ кең далам,
Қазақстан — өзіңе арнап ән салам.
Қазақстан — ортақ біздің үйіміз,
Отаным деп бар әлемге жар салам.

II жүргізуші

Қазақстан — біздің сүйікті Отанымыз. Көрсең көз тоймас асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері мен ормандары бар. Осының бәрі Алтай мен Атыраудың, Ақжайық пен Алатаудың аясында құлаш жайып, жайнап, түрленіп, жаңарып келеді.

Тақпақтар:

5–6 сынып оқушылары орындайды.

Тәуелсіздік тарихына қысқаша шолу

1991 жылғы 16 желтоқсан

Еліміз үшін ерекше күн. Бұл күні қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет екенін әлемге жария етті.

1992 жыл

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді: Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер — халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған еркіндік пен бостандыққа қол жеткізгенінің айғағы.

Бірлік пен татулық

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Тағдырдың талай соқпағынан өткен еліміз тәуелсіздік жылдарында бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері қол ұстасып, достықты ту етіп, тыныш әрі бейбіт өмір сүріп келеді.

Өлең:

Бір шаңырақта табысқан,
Дос, бауыр көп туысқан.
Отан — ортақ үйіміз,
Көңілді ән мен күйіміз.

Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол — Қазақстан!

Құттықтау жырлары

Әр ұлт өкілі тәуелсіздік мерекесіне арнап ақ тілегін білдіреді.

Қазақ — Карина

Қазақпыз біз туын биік көтерген,
Туын әсем қыран бүркіт көмкерген.
Құтты болсын мерекеміз бүгінгі,
Жарқын далам, құлпыра бер күнбе-күн!

Салт-дәстүр

Шашу шашылады.

Орыс — Самал

Армысыздар, туған жерім, Отаным,
Орыс деген ұлтыңыз мен боламын.
Өмір сүріп Қазақстан елінде,
Достық пенен бейбітшілік — ұраным.

Өзбек — Қамшат

Қош келдіңіз, өнер сүйер халайық,
Жарқын жүзбен сіздерді қарсы алайық.
Құттықтаймын өзбек халқы атынан,
Мерекеміз құтты болсын, ағайын!

Кәріс — Фариза

Кәріс ұлтым, Қазақстан — Отаным,
Қазақстан елінде мен тұрамын.
Құтты болсын Тәуелсіздік күні деп,
Өздеріңізге арналады жыр-әнім.

Қорытынды ой

Тәуелсіздік — ата-бабамыздың аманаты. Оны қадірлеу, елді сүю, білім мен еңбекті ел игілігіне жұмсау — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.