Климат қалыптастырушы факторлар
Күнделікті сабақ жоспары (География, 8-сынып)
Бұл жоспар Қазақстан климаты тақырыбын кезең-кезеңімен меңгертуге бағытталған. Материал климат қалыптастырушы факторларды жүйелеп, күн радиациясының маңызын түсіндіру, картамен жұмыс арқылы талдау дағдыларын дамыту және қорытынды жасай білуге үйрету міндеттерін қамтиды.
Негізгі акцент
Қазақстан климатының шұғыл континентті екендігін дәлелдер арқылы ашу: күн радиациясы, атмосфера циркуляциясы, төсеніш беттің сипаты.
Нәтиже
Оқушылар күн радиациясының түрлерін (тура, шашыранды, жиынтық) ажыратып, оның Қазақстан аумағында таралу заңдылықтарын карта бойынша түсіндіреді.
Тақырыптар тізбегі (21–25-сабақ)
21-сабақ
Қазақстанның климаты. Климат қалыптастырушы факторлар. Күн радиациясы.
22-сабақ
Атмосфераның циркуляциясы. Ауа массалары. Ауаның қысымы және желдер. Қазақстан аумағында ауа температурасының таралуы.
23-сабақ
Қазақстан аумағында атмосфералық жауын-шашынның таралуы. Климаттың адам өмірі мен шаруашылық әрекетіне әсері.
24-сабақ
Агроклиматтық қорлар. Павлодар облысының климаты және климат құраушы факторлар.
25-сабақ
№4 сарамандық жұмыс. Қайталау сабағы.
Сабақтың тақырыбы (21-сабақ)
Қазақстанның климаты. Климат қалыптастырушы факторлар. Күн радиациясы.
Білімділік
- Қазақстан климатының ерекшеліктерін түсіндіру.
- Климат қалыптастырушы факторлар бойынша білімді жүйелеу.
- Күн радиациясы ұғымын қалыптастыру және өлшем бірлігімен таныстыру.
- Күн радиациясының түрлерін (тура, шашыранды, жиынтық) ажырату.
- Қазақстан аумағында күн радиациясының таралу заңдылықтарын түсіндіру.
Дамытушылық
Қазақстан аумағындағы жиынтық күн радиациясы картасын физикалық картамен салыстыру және сәйкестендіру арқылы талдау икемділіктері мен дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Отан туралы білімді тереңдету, отансүйгіштік қасиеттерді арттыру және географиялық мәдениетке баулу.
Негізгі тұжырым
Қазақстан климаты шұғыл континентті. Климаттың қалыптасуына әсер ететін негізгі үш фактор: күн радиациясы, атмосфера циркуляциясы, төсеніш беттің сипаты.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Түгендеу жүргізу.
- Сабаққа және психологиялық дайындықты тексеру.
2) Жаңа тақырыпқа көшу (алдыңғы білімді еске түсіру)
1. Климат дегеніміз не? Ол қандай климат қалыптастырушы факторларға тәуелді? Климаттың қалыптасуына географиялық ендік пен жер бедерінің рөлі қандай?
2. Қазақстан қандай климаттық белдеуде орналасқан? Қазақстан аумағының мұхиттардан алыс орналасуы оның климатына қалай әсер етеді?
3) Жаңа тақырыпты меңгеру
Сұрақ-жауап арқылы оқушылар климаттың қалыптасу себептерін және климат қалыптастырушы факторлар арасындағы себеп–салдар байланысын ашады.
Мұғалім Қазақстан климатына сипаттама береді: Қазақстан климаты шұғыл континентті. Оның қалыптасуына негізгі үш фактор әсер етеді: күн радиациясы, атмосфера циркуляциясы, төсеніш беттің сипаты.
Талқылау сұрағы: Жер бетіндегі тіршілік үшін Күннің рөлі қандай? Күн радиациясы ұғымына анықтама беріп, оның өлшем бірлігімен таныстыру: радиация дегеніміз не?
4) Жаңа тақырыпты бекіту (картамен жұмыс)
Күн радиациясының географиялық ендік бойынша таралуын түсіну үшін оқулықтың 84–85-беттеріндегі «Қазақстан аумағының жиынтық күн радиациясы» картасымен жұмыс орындалады.
- 1. Картадан Петропавл, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Тараз және Шымкент қалаларының жиынтық күн радиациясы мөлшерін анықтаңдар.
- 2. Қазақстан аумағындағы 66° меридиан бойымен оңтүстіктен солтүстікке қарай жиынтық радиация мөлшері қалай өзгереді?
- 3. Бір ендік бойында орналасқан Алматы мен Владивосток қалаларында жиынтық радиация мөлшері неліктен әртүрлі?
- 4. Алынған деректерді пайдаланып, жиынтық радиацияның таралу заңдылықтары туралы қорытынды шығарыңдар.
5) Сабақты қорытындылау
1. Қазақстан климатының қалыптасуына қандай факторлар әсер етеді?
2. Күн радиациясының түрлері қандай?
6) Бағалау
Сабақ барысында белсенді қатысқан және картамен жұмыс жасауда нақты жауап берген оқушылар бағаланады.
7) Үй тапсырмасы
Кескін картаға жиынтық күн радиациясының таралуын түсіру. Толық нұсқасын қарап шығу.