Домалаған заттарды қуып жету Допты қуып жету

Білім беру саласы: Денсаулық ҰОІӘ: Дене тәрбиесі

Оқу іс-әрекеті: «Менімен бірге ойна»

Мақсаты

  • Қол ұстасып, жұппен жүруге үйрету.
  • Тапсырма арқылы жүгіру және домалаған заттарды қуып жету дағдыларын дамыту.
  • Допты қуып жету және екі сызықтан аттап өтуге жаттықтыру.

Дамытушылық міндеттері

  • Қозғалыс арқылы денсаулықты нығайту, дене бітімін жетілдіру.
  • Жүгіру, секіру элементтері арқылы қимыл белсенділігін арттыру.
  • Жаңа қимылды меңгерту, бұрын өткен дағдыларды бекіту.
  • Ұйымшылдыққа, шапшаңдыққа, төзімділікке, ептілікке баулу.

Билингвистік компонент

доп
мяч
аю
медведь

Қажетті құрал-жабдықтар

доп кәрзеңке аю үйшігі екі сызық орман көрінісі гимнастикалық орындық

Әдіс-тәсілдер

  • Қатармен жүру, қайталау, орындау.
  • Қызықты сәт, қимылды ойын.
  • Сұрақ-жауап, мадақтау.

Ұйымдастыру кезеңі

Тәрбиеші балаларды әуен ырғағымен залға кіргізіп, бір қатарға тұрғызады. Қонақтармен амандасу ұсынылады:

Тәрбиеші:

«Балалар, бүгін бізге қонақтар келіп отыр. Қане, қонақтармен амандасайық!»

Балалар:

«Сәлеметсіздер ме!»

Одан кейін балалар оңға бұрылып, қатармен айнала жүреді. Жаттығулар реті:

  • Аяқтың ұшымен жүру (қол белде).
  • Өкшемен жүру.
  • Жай жүгіру, кейін жылдам жүгіру.
  • Шеңбер жасап тұру.

Сұрақ-жауап

Тәрбиеші балаларға сұрақ қояды: «Қазір жылдың қай мезгілі? Көктемнің қандай ерекшеліктері бар?» Балалар жауап береді.

Қызықты сәт: Машаның өтініші

Есік қағылып, ішке Маша кіреді.

Маша:

«Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен сіздерден көмек сұрай келдім. Менің аю деген досым бар еді. Ол қыс бойы ұйықтайды, ал қазір көктем болса да, әлі оята алмай жүрмін. Балалардың даусынан оянып қалар. Көмектесіңіздерші, өтінемін.»

Тәрбиеші:

«Көмектесеміз бе, балалар?»

Балалар:

«Иә!»

Тәрбиеші сұрағы

«Аю қайда тіршілік етеді?»

Балалар: «Орманда»

Тәрбиеші сұрағы

«Аю қандай жануар?»

Балалар: «Жабайы»

Тәрбиеші балаларға «орманға бару үшін сырт киімімізді киеміз» деп, киінгенді қимылмен көрсетеді. Балалар қайталайды. Содан соң балалар қол ұстасып, жұппен қатарласа жүріп «орманға» аттанады.

Негізгі бөлім: кедергіден өту және аюды ояту

Орман ішінде келе жатып, балалар екі сызықтан тұратын кедергіні көреді. Тәрбиеші түсіндіреді: «Орманға бару үшін осы кедергіден өтуіміз керек. Екі аяқтап аттап өтеміз.»

Балалар тәрбиешінің соңынан кедергіден өтеді де, әрі қарай аюдың үйіне келеді (экраннан аю үйі көрсетіледі).

Тәрбиеші:

«Жаймен есікті қағып, ішке кірейік. Балалар, аю ұйықтап жатыр екен. Оятып көрейік.»

Балалар аюды саусақтың ұшымен жеңіл түртіп оятады.

Қимылды ойын: «Ұйқыдағы аю»

Шарты: ұйықтап жатқан аюды оятып, балалар қашады. Аю «ұйықтағым келеді» деп ақырып, қайта жатады. Ойын 2–3 рет қайталанады.

Аю:

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені оятып жүрген өздерің екенсіңдер ғой. Сендер мұнда не істеп жүрсіңдер?»

Тәрбиеші:

«Маша бізден сізді оятуға көмектесуді сұрады. Сол үшін келдік.»

Аю:

«Маша, кешірші мені. Енді ішің пыспайды — бірге ойнаймыз.»

Жалпы дамыту жаттығулары

Тәрбиеші аю мен балаларды шеңберге тұрғызып, төмендегі жаттығуларды орындатады:

  1. 1) Бастапқы қалып: тұру

    Қолды жоғары көтеру — 3–4 рет.

  2. 2) Бастапқы қалып: тұру

    Өкшемен көтеріліп, қайта түсу — 3–4 рет.

  3. 3) Бастапқы қалып: тұру

    Оңға және солға бұрылу.

  4. 4) Бастапқы қалып: арқамен жату

    Қол мен аяқты бір уақытта жоғары көтеру — 3–4 рет.

Қосымша тапсырма

Тәрбиеші гимнастикалық орындықты қойып, үстінен өрмелеуді ұсынады.

Қимылды ойын: «Допты қуып жет»

Тәрбиеші доп салынған кәрзеңкені көрсетіп, балаларды алаңның бір жағына қатарласа тұрғызады. Содан кейін кәрзеңкеден доптарды алып, әр жаққа алысқа лақтырады.

Балалар доптарға жүгіріп барып, оларды жинап, қайтадан кәрзеңкеге салады. Ойын бірнеше рет қайталанады.

Тәрбиеші:

«Жарайсыңдар, балалар!»

Қайту және релаксация

Балалар қол ұстасып, жұппен өз тобына қайтады. Маша мен аюмен қоштасады.

Тыныс алу жаттығуы

Тәрбиеші баяу әуен қосып, балаларды орындыққа шалқайта отырғызады. Балалар шар үрлегендей мұрынмен тыныс алып, демін қысқа уақыт ұстап тұрады да, ауыз арқылы шығарады. Бірнеше рет қайталайды.

Қорытынды

Тәрбиеші сұрақ-жауап арқылы сабақты қорытындылайды:

Сұрақ

«Бізден кім көмек сұрап келді?»

Жауап: Маша.

Сұрақ

«Аю қайда тұрады?»

Жауап: Орманда.

Сұрақ

«Аюмен бірге не істедік?»

Жауап: Жаттығу жасадық, ойын ойнадық.

Сабақ соңында тәрбиеші балаларды орындарынан тұрғызып, қонақтарға алғыс айтып, қоштасады.