Қара өлең
Кеш тақырыбы
«Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек…»
Кештің мақсаты
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беріп, ақынның өлеңдері мен әндерін оқушылар назарына ұсыну.
Дамытушылық
Оқушылардың поэзияға деген ынтасын арттыру, тіл мәдениетіне баулу, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру.
Тәрбиелік
Поэзия әлемі арқылы оқушылардың жан дүниесіне үңілу, өнер адамына құрмет пен патриоттық сезімді ояту, эстетикалық тәрбие беру.
Көрнекілігі
- М. Мақатаевтың портреті
- Кітаптар қойылған бұрыш
- Домбыра
- Ақын-жазушылардың Мұқағали туралы айтқан естеліктері
Кештің басталуы
Домбырада баяу күй ойнайды. Күйдің әуенімен ілесе сахнада өлең оқылады.
Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым бір басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма?
Жүрегінің түбіне кір жасырмай.
Ақынның өзі айтқандай, ол артына отты жылдар мен мұңды да мөлдір жырлар қалдырды.
Кештің жоспары
-
1. «Поэзия, менімен егіз бе едің?..»
-
2. «Шетінен өлең жыры шұғылалы, біз түсініп болған жоқпыз ұғып әлі…»
-
3. «Жазылар естеліктер мен туралы…»
Жүргізуші сөзі
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Мектебімізде жыл сайын ақпан айы қарсаңында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әдеби шаралар өткізу дәстүрге айналған. Осы әдеби тақырыптағы «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек…» атты кешімізді ашуға рұқсат етіңіздер.
Ақпан — ақиық ақынның дүниеге келген айы, яғни 9 ақпан. Биыл ақын 83 жасқа толар еді. Тума талант бұл күнде өмірден озса да, барша қазақтың жүрегінде берік орныққан.
Ол жалындап өткен 45 жыл ғұмырында ана тілі үшін күресті. Ана тілін туған халқы мен Отанын ешқашан кем санамай, осы өмірдегі бірегей үш бақытының біріне балаған.
Ақын шығармаларының тақырыбы сан алуан. Дегенмен оның ерекшелігі — өзгеге ұқсамас сыр мен қырында. Дүниедегі құбылысты да, адамзат санасындағы сан қырлы сезімді де сөз арқылы жеткізуге болады.
Сондықтан сөз құдіретінің мән-мағынасына терең бойлап, мың сөздің ішінен бір сөзді таңдап, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелейтін Мұқағали — қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі.
Ендігі кезек — бейнеслайдқа беріледі. Таныстыратын: Әнуарбеков Наурызбай.
Өмірі мен шығармашылығы
Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы таныстырылады. Кеш барысында ақынның «Менің анкетам» өлеңі оқылады.
Туған жерің? — Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың. Туған жылың? — 1931. Құрдасымын Шәмілдің. Жынысың кім? — Еркекпін ғой, еркекпін! Және дағы тәуірмін… Партияда барсың ба? — Жоқпын. Шыққан тегің? — Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын. Білімің ше? — Орташа ғой. Алайда өзімді жоғарыға балаймын. Мекенжайың? — Мекенжайым жер менің. Жерде жүрген ақын деген пендемін. Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған — Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!
Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың 35 000 жолға жуық өлеңі поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды.
Оқылатын өлең:
«Поэзия, менімен егіз бе едің»
Оқылатын өлең:
«Үш бақытым»
Мұқағалиды ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, ақындық ғарышқа самғатқан да — осы қазақтың қара өлеңі. Ақын қара өлеңді бағалады, бас иді, тағзым жасады.
Байырғы бабаларымыз дархан даламыздың қас жауына қарсы аттанғанда туған қара өлең де, соғыста қанмен жазылған қара өлең де, ақ жүректі аналар сәби әкелгенде ақ сүтімен өрілген қара өлең де — ақынды баурап алған қуат еді.
Ол дүниеге келгенде бесік жыры мен ана әлдиімен көзін ашты. Сол бесіктен басталған жыр ақыры оны ақынға айналдырды.
Оқылатын өлең:
«Қара өлең»
Ән
«Сарыжайлау» — орындайтын: музыка пәнінің мұғалімі.
Сұрақ-жауап және естелік
Сұрақ:
Мұқағали ақын жылдың қай мезгілін ерекше ұнатқан?
Жауап:
Күз.
Ол күз мезгілін айрықша ұнататын. Жапырақ түсіп, жауын құйып тұрған түндерде қолынан қаламын тастамайтын. «Көктемде сайрандадық, жасардық, ал күз — енді жазатын мезгіл», — деп әзілдейтін.
Оқылатын өлең:
«Сап-сары жапырақтар»
Махаббат жырлары
Мұқағали — махаббат жыршысы. Ол махаббатты асқақтата жырлады: сезімді сөзбен ғана емес, жүрекпен жазды.
Оның шығармаларын оқи отырып, біреуге ғашық болғандай күй кешесің: қиялға беріліп, армандайсың, жүрек те оянады.