Елік сөзіне дыбыстық талдау

Сауат ашу · 1-сынып · 77-сабақ · 4-бөлім: «Бізді қоршаған әлем»

Сабақ тақырыбы: «Мен және табиғат». «Е» дыбысы мен әрпі

Бұл сабақта оқушылар тыңдалым, айтылым және дұрыс дыбыстау дағдыларын дамыта отырып, «Е» дыбысы мен әрпін меңгереді. Тақырып табиғатқа қамқорлық жасау құндылығымен ұштасады.

Оқу мақсаттары

  • 1.7 Тыңдалған материал бойынша өз пікірін айту.
  • 1.8 Берілген тақырыпқа әңгіме құрап айту.
  • 1.9 Сөздер мен дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту.

Сабақ мақсаттары

Барлығы: жаңа білімді меңгереді.

Көбі: тақырыпты түсініп, тыңдап, жетекші сұрақтар арқылы талқылайды.

Кейбірі: алған білімін өмірде қолдана алады.

Жетістік критерийлері

  • Айтылған сөздер мен сөйлемдердің көпшілігін дұрыс қайталай алады.
  • Нақты сөйлеу арқылы мәселені түсінгенін көрсете алады.

Құндылықтар және байланыстар

Құндылықтарды дарыту: оқушыларды бір-біріне құрмет көрсетуге тәрбиелеу.

Пәнаралық байланыс: өнер, ана тілі.

АКТ дағдылары: аудиожазба, таныстырылым.

Тілдік құзыреттілік: «Мен және табиғат». «Е» дыбысы мен әрпі.

Сабақтың басы

Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру (5 минут)

Әлеуметтік-эмоциялық ахуал

Балалар қол ұстасып, алақан арқылы жүректің жылуын сезінеді. Осы сәт арқылы сыныпта мейірім мен қолдау мәдениеті қалыптасады.

Шаттық шеңбері (өлең)

Күн жарығын алақанға саламын,

Жүрегіме басып ұстай қаламын.

Ізгі әрі нәзік, мейірімді жарық

Болып кетер сонда менің жан-жағым.

Достармен бірге жүру қандай жақсы! Дос болу қандай тамаша!

Сабақтың ортасы

Қызығушылықты ояту және негізгі тапсырмалар (8 минут)

«Е» әрпімен танысу

Тапсырмалар

  • «Ее» әрпімен танысу.
  • «Елік» сөзіне дыбыстық талдау жасау.
  • Сурет бойынша әңгіме құрастыру.

Мұғалімнің жетекші сұрақтары

Дыбыстар нешеге бөлінеді?

Дыбыс дегеніміз не?

Әріп дегеніміз не?

Дауысты дыбыстарды неге дауысты дейміз?

Дауыссыз дыбыстарға не кедергі келтіреді?

«Емен» сөзі қандай дыбыстан басталады?

«Ата мен әже ақылы»: емен ағашы туралы танымдық мәтін

Табиғатқа қамқорлық

Емен ағашын 3–4 адам қатар тұрып құшақтаса да, құлашы әрең жетеді. Діңі өте жуан болады. Емен 1000 жылға дейін жасайды, ал биіктеп өсуі шамамен 80 жылға созылады.

Емен суға төзімді, шірімейді. Сондықтан көпір салуда, кеме, вагон жасауда емен ағашы жиі қолданылады. Мектептегі парталардың да еменнен жасалуы мүмкін.

Еменнің емдік қасиеті де бар. Емен жаңғағынан крахмал мен спирт дайындайды, ал шеберлер одан түрлі бұйымдар жасайды.

Еменнің жаңғағын орыс тілінде «жёлудь» деп атайды. Біз бүгін «жаңғақ жинау» ойыны арқылы еменге көмектесеміз.

Ойын: «Жаңғақ жинау»

Әр «жаңғақтың» астында сұрақ бар
1) Дыбыстар нешеге бөлінеді?
2) Дыбыс дегеніміз не?
3) Әріп дегеніміз не?
4) Дауысты дыбыстарды неге дауысты дейміз?
5) Дауыссыз дыбыстарға не кедергі келтіреді?
6) «Емен» сөзі қандай дыбыстан басталады?

Еменге көмектестік — жарайсыңдар! Ағаштарға осылай үнемі қамқор болып жүрейік.

№1 Тыңдалым

Сұрақ: «Мен атам мен әжеме кім боламын?» Жауапты суреттердің алғашқы әріптерінен құрастырамыз.

Жауап:

Немере

№2 Оқылым

Буындар мен сөздерді дауыстап, анық оқимыз.

Буындар

ар · ал · да · та · са · ла · ма · ер · ел · де · те · се · ле · ме · мен · сен · не · ер

Сөздер

Есен · емен · сенім · немере · ерте · Ерлан

Сергіту сәті

1 минут

Жоғары қарап ай көрдім,

Төменге қарап жер көрдім.

Оңға, солға қарап,

Егеменді ел көрдім.

Дерек

Мектеп: Л. Қылышев атындағы Шилі ЖОББ мектебі

Мұғалім: А. К. Бахтыгереева