Интеграциаланған сабақ

Қайталау сабағы • Интеграцияланған сабақ

Проценттерді қайталау: математика арқылы темекінің зиянын түсіну

Сабақ мемлекеттік емтиханға дайындық аясындағы аудандық семинарда өткізіледі. Басты ой: кез келген сынаққа дайын болу үшін ең әуелі денсаулық қажет.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Проценттерді есептеу біліктілігі мен дағдыларын пысықтау: проценттің анықтамасы, санның процентін табу, проценті бойынша санды табу.

Дамытушылық

Ақпаратты сыни тұрғыдан талдау, дәлелдеп түсіндіру және нәтижені бағалау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Темекінің зияны туралы мәліметтер арқылы жаман әдеттен аулақ болуға, салауатты өмір салтын саналы таңдауға тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар және әдістер

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Тапсырмалар жазылған слайдтар
  • Баспасөз және тест материалдары
  • Бағалау жетондары
  • Презентация

Әдіс-тәсілдер

  • Ақпараттық және проблемалық оқыту
  • Дамыта оқыту технологиясы
  • Ауызша талдау және өзара тексеру

Сабақ барысы

  1. Ұйымдастыру
  2. Сабақ тақырыбын ашу
  3. Қорытындылау
  4. Бағалау

Кіріспе ой: «Темекі тарту керек пе, әлде өмір сүру керек пе?»

Темекінің салдары ретінде өкпе рагі, өкпенің қабынуы, жүрек-қан тамырлары және тыныс жолдары аурулары жиі аталады. Осы тақырыптағы сұрақтарға жауапты проценттерді қайталау арқылы іздейміз.

«Қандай ғылым болмасын, онда қанша математика болса, сонша шындық болады» — И. Кант

Темекі түтінінің құрамы және есептер арқылы талдау

Оқушының хабарламасы

Темекі түтінінде ағзаға зиянды улы заттар көп: никотин, синиль қышқылы, азот, эфир майлары және өкпе рагіне әкелуі мүмкін радиоактивті элементтер. Ең улысы — никотин.

Негізгі дағды

Проценттік есептерді өмірлік дерекпен байланыстырып шығару.

1-тапсырма

1 тал темекіде никотин 2%. Синиль қышқылы никотиннің 1%-ына тең. Шылым шайыры никотиннен 7,5 есе көп. Көміртегі тотығы шылым шайырының 3/5 бөлігіне тең. Осы зиянды заттардың темекі құрамындағы процентін табыңдар.

Мұғалімнің жетекші сұрағы

Зиян екенін біле тұра, адамдар (әсіресе жасөспірімдер) темекіні неліктен бастайды? Деректерге сүйеніп ойланайық.

2-тапсырма

Статистика бойынша жасөспірімдердің арасында темекі тартатындар: ұлдар — 60%, қыздар — 40%. Егер мектепте 120 ұл, 160 қыз болса, темекі шегетіндердің санын анықтаңдар.

Талқылау: жасөспірімге ықпалы

  • Сыртқы келбетке кері әсер етеді
  • Көру және есту қабілеті төмендейді
  • Ішкі ағзалардың жұмысы бұзылады
  • Ашуланшақтық, сабырсыздық байқалады
  • Сабақ үлгерімі төмендеуі мүмкін

3-тапсырма

20 адамнан тұратын, темекі тартқанына 3–4 жыл болған топты тексергенде, олардың 70%-ы аурудың екі түрімен, ал қалғандары аурудың бір түрімен ауыратыны анықталған. Қаншасы екі түрлі аурумен, қаншасы бір түрлі аурумен ауыратынын табыңдар.

4-тапсырма

Темекі тартатын жасөспірімдер өз өмірін 15%-ға қысқартуы мүмкін екенін біле ме? Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 66 жас болса, темекі тартатын балалардың болжамды өмір сүру ұзақтығын есептеңдер.

Оқушының байқауы

Темекі көбіне тек шегушінің өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да зиян келтіреді. Темекі тартатын отбасында туған балалардың аурушаң әрі ашуланшақ болуы жиі кездеседі.

5-тапсырма

Нәрестенің орташа салмағы 3 кг 500 г болуы керек. Егер әкесі темекі тартса, салмағы 125 г-ға, ал анасы тартса 300 г-ға кем болып туылады. Нәресте салмағының неше процентке азаятынын есептеңдер: A) әкесі тартса; B) анасы тартса.

6-тапсырма

Көп елдерде жұмыс орнында және балалар мекемелерінде темекі тартуға тыйым салынады. Егер темекі тартатын хатшы 1 бетте 1000 таңба тергенде 4% қате жіберсе, барлығы қанша қате жіберетінін табыңдар.

Бекіту және қолдану: теориядан тестке дейін

«Теорияны білетін, бірақ оны іс жүзінде қолдана алмайтын адамдар моторсыз машина сияқты» — В. Карпинский

Тест тапсырмаларымен жұмыс

Оқушылар тесттегі процентке байланысты есептердің шығару жолын ауызша талдайды. Өткен аптадағы №30 орталық тестіндегі кейбір есептер тақтада орындалады. Жауаптарды тексеру барысында дұрыс жауаптардың артынан «Темекі шегу — азап шегу» деген ой шығады да, сыныпта «Бұған кім кінәлі?» деген сұрақ талқыланады.

Үй тапсырмасын тексеру

Зерттеу бетшесі арқылы темекі шегудің отбасылық бюджетке әкелетін шығынын есептеу және қорытынды жасау.

Бағалау: өзін-өзі бағалау мәдениеті

«Ешкім де өзіне-өзі баға беруді үйренбей тұрып, басқаларды бағалай алмайды» — И. Гете

Қызыл жетон

Сабаққа қанағаттандым. Сабақ мен үшін пайдалы болды. Барлығын түсіндім және жақсы жұмыс жасадым.

Жасыл жетон

Сабақ қызықты өтті. Белсенді қатыстым. Белгілі бір деңгейде пайдалы болды, кей тапсырмаларды орындадым, өзімді жақсы сезіндім.

Сары жетон

Тақырыпты толық түсінбедім. Жауап беруге дайын болмадым немесе сабақ маған аса қажет емес сияқты көрінді.

Үйге тапсырма

Тест тапсырмаларымен жұмыс: процентке берілген есептерді шығару және шешу жолын түсіндіріп жазу.