Мысық баласы
Тақырыбы: «Зерделі болсаң, биік шыңға жетесің»
Мақсаты: оқушылардың әр пән бойынша алған білімдерін тексере отырып, ақыл-ой өрісін кеңейту, жан-жақты дамыту және өз бетінше ізденуге баулу.
Шаттық шеңбері
«Айгөлек» әні орындалады.
- Әнін жазған:
- Б. Байқадамов
- Сөзін жазған:
- Н. Баймұхамедов
Кіріспе сөз
Жер үстінде адам өмір өткізер,
Бар нәрсеге білім қолын жеткізер.
Бар ізгілік тек білімнен алынар,
Білімменен сапарға жол салынар.
Қадірлі балалар! Бүгін сіздер осы уақытқа дейін алған білімдеріңізді әнмен, жырмен, мақал-мәтелмен өрнектейтін «Зерделі болсаң, биік шыңға жетесің» атты интеллектуалды ойын-сайысты тамашалайсыздар.
Ал, келіңдер, келіңдер,
Біріңе-бірің еріңдер.
Біліміңді тексеріп,
Ойынға қатысып көріңдер.
Ойынға қатысатын оқушылар ортаға шақырылады (қатысушылар таныстырылады).
Жаңа ақпарат
Адам өмір бойы өзіне құпия, сыры беймәлім дүниелерді білуге құштар болады. Білімді мектептен, оқу орнынан алуға болады. Сонымен қатар кітап оқу, газет-журнал қарау, ақпарат құралдарын тыңдау арқылы да адам өз білімін тереңдете алады. Білім адамның жоғары жетістікке жетуіне мүмкіндік береді.
Ойланайық, пікірлесейік
- Білім адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
- Өзіңе белгісіз нәрсені естігенде қандай күйде боласыңдар?
- Теледидардан қандай танымдық бағдарламаларды көргенді ұнатасыңдар?
- Оқушылардың білім сайыстарына қатысқың келе ме?
Ендеше, білім сайысына қатысуға тілек білдірген оқушыларды сыныпқа құрметпен, қошеметпен қарсы алайық (оқушылар жеке өлеңдермен таныстырылады).
Аяулым — біздің ақылды,
Болғын бізге шамшырақ.
Әлемге сен атыңды
Жарқырат, балам, жарқырат.
Адамдық борыш — ар үшін,
Елдің мынау қамы үшін,
Аделя, үлес қосқайсың
Болашақ елдің таңы үшін.
Әрбір тілде адамдарды таң қылып,
Сөйлей білу — ақылдыға заңдылық.
Ләйлі, біздің еркеміз,
Жұлдызы бол өз халқыңның мәңгілік.
Лаула, балам, Даниял, сен де жарқыра,
Пайдаң тисін қазақ деген халқыңа.
Сегіз қырлы жігіт болып өскенде,
Дәріпте ата-баба салтын да.
Сабырлы да салмақты,
Озық ойлы бұл бала.
Жеңемін деп мақсат қойған алдына —
Бекарысты шақырамын ортаға.
Сайыс ережесі
Осы уақытқа дейін алған білімімізді өлең, жыр, жұмбақ, мақал-мәтел арқылы көрсетейік. Біліміміздің артқанын, санамыздың өскенін, сөз байлығымыздың молайғанын дәлелдейік.
Әділқазылар алқасы
Ашық-жарқын жүзді әділқазыларды төрге шақырып, бағалау жүргізіледі.
Сайыс 4 айналымнан тұрады:
- 1 «Дода»
- 2 «Бәйге»
- 3 «Көкпар»
- 4 «Ұшқыр ой»
1-айналым: «Дода»
Әр сұраққа 10 ұпай беріледі.
Сұрақтар топтамасы 1
- Шанаға қосарланып жегілген үш ат 30 км жүріп өтті. Әр ат қанша км жүріп өтті? (30 км)
- Тастан қаланған ең биік пирамида қалай аталады? (Хеопс пирамидасы)
- Қазақ тілінде неше дауыссыз дыбыс бар? (25)
- Құстың аузын қалай атайды? (тұмсық)
- «Үш бақытым» өлеңінің авторы кім? (М. Мақатаев)
Сұрақтар топтамасы 2
- Таксиден 2 жолаушы түскенде, олардың жартысы таксиде қалды. Таксиде бастапқыда неше адам болған?
- Жылуы өте күшті көмір түрін ата. (антрацит)
- Сөйлем мүшелері нешеге бөлінеді? (екіге)
- Абылай ханның шын аты кім? (Әбілмансұр)
- «Оқуға шақыру» өлеңінің авторы кім? (А. Байтұрсынов)
Сұрақтар топтамасы 3
- Екі адам шахматты 2 сағат ойнады. Бір адам неше сағат ойнайды? (2 сағат)
- Қазақстанда өткен ЭКСПО көрмесі қай жылы өтті? (2017)
- Аққу баласы қалай аталады? (көгілдір)
- Б. Соқпақбаевтың қандай шығармасын білесің? («Менің атым — Қожа»)
- Сөйлемдегі сөздердің байланысын қалай анықтаймыз?
Сұрақтар топтамасы 4
- Сиыр 4 аяғымен тұрса 200 кг, 2 аяғымен тұрса неше кг болады?
- «Тірі табиғатқа» нелер жатады? Неліктен?
- Түбір сөз дегеніміз не?
- Мысықтың баласы қалай аталады? (марғау)
- С. Сейфуллин кім?
Сұрақтар топтамасы 5
- 4 жұмыртқа 5 минутта піссе, 1 жұмыртқа неше минутта піседі?
- Киік баласы қалай аталады? (құралай)
- Мәтін дегеніміз не?
- Темірқазық жұлдызы қай тұста болады? (солтүстікте)
2-айналым: «Бәйге»
Ұшқыр ойға серік болсын шеберлік,
Сөз кезегін математикаға берелік.
Арамызда тапқыш достар көп екен,
Солардың енді жауаптарын көрелік.
1-сұрақ
- Ондықтары 3-ке тең болатын екі таңбалы сандарды өсу ретімен ата.
- Алғашқы үш сабақ: математика, қазақ тілі және ана тілі. Математика — бірінші емес, ана тілі — бірінші де, үшінші де емес. Сабақтардың реті қандай?
2-сұрақ
- Ондықтары да, бірліктері де бірдей екі таңбалы сандарды кему ретімен ата.
- Құтан бір аяғымен тұрғанда 12 кг тартады. Құтан екі аяғымен тұрса қанша тартады?
3-сұрақ
- Бірліктері 8 болатын екі таңбалы сандарды кему ретімен ата.
- Асан мен Үсен шахмат ойнады: Асан 2 рет ұтты, Үсен 2 рет ұтылды, 1 рет тең ойнады. Барлығы неше рет ойын болды?
4-сұрақ
- Толық ондықтарды кему ретімен ата.
- Камшат 7 жаста, әпкесі 10 жаста. 5 жылдан кейін Камшат әпкесінен неше жас кіші болады?
3-айналым: «Көкпар» (Ана тілі)
Ана тілсіз іс өрге баса алмас,
Ана тілсіз тарихта жасалмас.
Желмаяға мініп алып желіп жүріп,
Күңіренбеген жайдан жай — Асан қайғы.
Бұл кезеңде қатысушылар конверт таңдап, тапсырманы орындайды.
1-конверт
- Ребусты шеш.
- Абай Құнанбаев кім?
- Абай айтқан «5 асыл іс» пен «5 дұшпанын» атап бер.
2-конверт
- Қазақ даласына алғаш білім жарығын алып келген кім?
- Ыбырай Алтынсариннің қандай өлеңін жатқа білесің?
3-конверт
Төмендегі жолдар қай мысалдағы кейіпкерлерге қатысты? Онда қандай ой айтылады?
Онда қандай салмақ болсын!
«Уф» десе ұшасың,
«Суф» десе қонасың.
Ұшарыңды жел біліп,
Қонарыңды сай біліп,
Сайран салып жүргенің.
4-конверт
Төмендегі үзінді қай шығармадан алынған? Бұл кімнің жауабы?
«Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім бар».
4-айналым: «Білімпаз» (Қазақ тілі)
Әрбір тілде сөйле — әлемді таң қылып,
Ана тілін білмеу қандай заңдылық?
Өсер болсаң байтақ далаң тұрғанда,
Қазақ тілі жасай берсін мәңгілік!
Тапсырма: «Бұлттан жауған жаңбыр тамшылары» ішіндегі әріптерден сөз құраңдар.
Қорытынды
Сөз әділқазыларға беріледі.