Ана бақыт сыйлайын, Өмір гүлі арулар
Байқаудың мақсаты
Байқаудың негізгі мақсаты — жастарға сапалы білім берумен қатар, тәрбие құндылығын терең ұғындыру. «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие керек» деген ой бекер айтылмаған: тәрбиесіз берілген білім адамға да, қоғамға да зиян әкелуі мүмкін.
Негізгі бағыт
- Білімді, мәдениетті, ана тілін қадірлейтін болашақ педагогті қалыптастыру.
- Ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты бойына сіңірген тұлға тәрбиелеу.
- Студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп, жан-жақты дамуына ықпал ету.
Тәрбие құндылықтары
- Ұқыптылық пен әдептілікке баулу.
- Ұжымшылдық пен адамгершілікті нығайту.
- Заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман даярлау.
Білім жолы — қиын да қастерлі жол. Жас ұрпаққа сапалы білім беру, ғылымға баулу, саналы тәрбие беру, қазіргі өмір ағымына бейімдеу — бүгінгі ұстаздың басты міндеті. Біз Қазақстанның болашағын тәрбиелеп, ертеңгі қоғамның жауапты, білімді де мәдениетті азаматтарын дайындаймыз.
Байқаудың барысы
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қыз еркем — қылығымен көркем» атты қыз сыны байқауы ұйымдастырылды. Байқау қатысушылардың білімін, тәрбиесін, өнерін және ұлттық дәстүрге жақындығын танытуды көздейді.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші: «Саламатсыздар ма, құрметті ұстаздар мен студенттер!»
2-жүргізуші: «Қайырлы күн, қадірлі қонақтар, ұстаздар және студенттер!»
«Жаны сырлы, жанары таң қыздар-ай, сәуле шашқан өмірге нұр қыздар-ай…» — деп, баршаңызды «Қыз еркем — қылығымен көркем» байқауына қош келдіңіздер дейміз!
Байқауға бес студент қатысады. Қатысушыларды қолдап, қошемет көрсетейік.
Әділқазылар алқасы
Құрметті көрермендер мен жанкүйерлер, байқауымыздың әділқазылар алқасымен танысуға шақырамыз.
Сайыс кезеңдері
- Өзін таныстыру
- Өнер көрсету
- Аспаздық шеберлік
- Сәндік өнер
- Мақал-мәтел, химия және салт-дәстүрге қатысты сұрақ-жауап
- Үй тапсырмасы (қолөнер; 1 апта бұрын берілген)
1-кезең: Өзін таныстыру
«Арулар келіп отыр танысуға, сыпырды томағасын осы дуға. Ұшып келген қырандай керілтеді, әдеппен, ізетпен танысуға…»
Қатысушы №1 — Қарлығаш (Зүлпыбек)
«Сөз анасы — сәлем» деп, алдымен амандасып алайын. Құрметті ағайын, ұстаздар, көрермендер! Қазақ қызы — қайсар да инабатты. Мен де қазақ қызы ретінде сол атқа дақ түсірмей, арманға ұмтылып келемін.
Мен — Зүлпыбектің қызы Қарлығаш. Туған жерім — Оңтүстіктің өңірі, Шардара аймағы. Қасиетті Ұзын-Ата маңындағы ауылым — құтты мекенім.
Қазіргі таңда жаратылыстану факультетінде, химия кафедрасында білім алып жүрмін. Оқу ордам — білім мен тәрбие ұясы, ал тәлімгерім мен ұстаздарымның еңбегі — мен үшін үлкен жауапкершілік.
Анам — Мейрамкүл, зейнеткер, алты перзент тәрбиелеген асыл жан. Ана алдындағы қарыздың өтелмейтінін білемін. Алдымда өмір сыны тұр — Алла жар болсын.
Қатысушы №2 — Гауһар (Сабыр)
Армысыздар, ұстаздарым мен құрдастарым, өнер сүйер үлкен-кіші қауым! Мен көктемде қырда өскен қызыл гүлдей, өз өнеріммен бөлісуге келдім.
Халқымыздың өнерлі қыздары көп. Солардың ізімен мен де қанатымды кең қағып, сабыр мен парасатты серік еткім келеді. Намысты қорғай білетін, жауапкершілікті сезінетін ару болуға талпынамын.
Ұстаздарымыздың мейірімі мен еңбегі — бізге жігер. Білімге жол ашып, санаға шам жаққан әр ұстазға алғысым шексіз.
Қатысушы №3 — Гүлнұр (Қозыбаева Бизаққызы)
Амансыздар ма, қадірлі халайық! Әуелі сіздермен сәлемдесіп алайын. Қазылардың берген бағасы әділ болсын, еңбегіміз ақталсын.
Мен — Қозыбаева Бизаққызы Гүлнұр. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып жүрмін. Мамандығым — химия, 2-курс студентімін.
Бүгінгі сайыстың мақсаты — қыз баланың әдебі мен өнерін, іскерлігін таныту. Өзіме тілеген сәттілікті қарсылас құрбыларыма да тілеймін.
«Қыз еркем — қылығымен көркем» деп аталған бұл сайысқа келіп, өнер көрсетудің өзі — үлкен жауапкершілік әрі құрмет.
Қатысушы №4 — Лаура
Армысың, асыл елім, халқым менің! Халқымның салт-дәстүрін бойына сіңірген қыз ретінде баршаңызға иіліп сәлем беремін.
Мен 1992 жылы, ақпанның 7-сі күні, Оңтүстік өңіріндегі Мақтаарал ауданы, Асықата кентінде дүниеге келдім. Әкем — Сабыр, анам — Ұлжамал. Әулетімізде менен бұрын Темірлан мен Талғат есімді ағаларым бар.
Шілдехана тойымда ауылдың сыйлы қариясы Мәулен ата азан шақырып, есімімді Лаура деп қойған екен. Ата-анамның ақ тілегі мен үлкендердің батасы арқасында білім жолына қадам бастым.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, білім мен тәрбиенің нәрін бойыма сіңіріп келемін. 20 жасқа толған шағымда өміріме үлес қосқан әр жанға, ең алдымен ата-анама және ұстаздарыма шексіз ризашылығымды білдіремін.