Ана тілі, Ана тілі

Мақсаты

1) Білімді тиянақтау

Оқушылардың Әліппеден алған білімдерін бекіту, оқуға және жазуға үйренудегі жетістіктерін көрсету.

2) Өнер мен тіл байлығын таныту

Әліппеден үйренгендерін жүйелеу, өнерлерін тамашалау, білімдерінің артқанын, сөздік қорының молайғанын, ой-санасының өскенін көрсету. Оқушыларды «Ана тілі» оқулығымен таныстыру.

3) Тәрбиелік бағыт

Отанын, мектебін, ұстаздарын, ата-анасын құрметтеуге тәрбиелеу.

Кіріспе. Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Ассалаумағалейкүм, халайық!

2-жүргізуші

Армысыздар, ұстаздар — әз жандар,
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар!
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.

1-жүргізуші

Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңізден мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған,
Біз — алаңсыз балғын шақты балалар.

2-жүргізуші

Қош келіпсіз, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер.
Бүгін міне, Әліппемен қоштасады —
Азамат боп, кешегі сәби еркелер.

Салтанатты сәт

Құрметті қонақтар! Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн: алғаш сауатымызды ашқан, жақын досымыз — Әліппемен қоштасамыз. «Әліппеге мың алғыс!» атты мерекеміз құтты болсын!

Той иелері: 1 «А» сынып оқушылары және сынып жетекшісі — Мырзағұлова Гүлнұр Серікқызы.

  • Фанфар ойналады, салтанатты көріністер ұсынылады.
  • Слайдтан мектеп мерекелерінен үзінділер көрсетіледі.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар!

Бүлдіршіндерді Ана тілінің ғажайып та шынайы әлеміне жетелейтін, оқуға-білімге ұмтылуға шақыратын Әліппемен қоштасу ертеңгілігіне қош келдіңіздер! Әліппені аяқтау — алдағы өмірге бастайтын талай белестің бірі. Бүгін біз сол белестің бірінен өттік. Сондықтан бұл ертеңгілік — бәрімізге ортақ, салтанатты мереке.

Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым!
Өзі оқып, жазатын халге жетті —
Құтты болсын білімі балалардың!

Ата-ана қуанып, шаттанады,
«Оқыды» деп баласы мақтанады.
Алдынан бұлардың кім шығыпты —
Барлық маман мектептен аттанады.

Хормен:
Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз.
Қонақтарды құрметтеп,
Бас иеміз біз.

Балалардың қуанышты сөздері

Ақниет

Бүгін біздің қуанышымызда шек жоқ: тұңғыш рет сауат аштырған жақын досымыз — Әліппені тәмамдадық.

Альмира

Енді алыстағы туыстарыма өзім хат жазып, қысқа әңгімелерді де еркін оқи аламын. Қуаныштымын!

Сағыныш

Біз осы уақытқа дейін көп нәрсе үйрендік: сурет салуға, ән айтуға, есептеуге, денемізді шынықтыруға, еңбек етуге.

Шашу

2-жүргізуші: Шашу, шашу шашайық, дүбірлетіп тойды бастайық. Бұл мерекені, бұл тойды — шашумен ашайық!

Шашу шашылады.

Ән

Құрметті қонақтар! Алдарыңызда Гүлнұр апайымыздың шәкірттері орындауындағы «Бақытты балалық шақ» әні.

Көрініс: «Жетпіс пен жеті»

Жетіс пен жеті...
Жеті жасар баласын,
Жетпістегі әжей жетектеп,
Келе жатыр көшеде:
«Қайда әлгі мектеп?» — деп.

Жетпіс келеді сүрініп,
Жеті келеді жүгіріп.
«Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім».

Немере:
Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.

Өлеңдер шеруі

1-оқушы:
Өтті оқу сан сабақ, бүгін міне салтанат.
Оқулықпен достаспақ — Әліппемен қоштаспақ!
Әріптерді таныған — өңкей білгіш балдырған.
Құтты болсын тойларың!

2-оқушы (Нұрқожа):
Ана — тіршіліктің тірегі.
Армысыздар, қасиетті аналар!

3-оқушы (Сабина):
Мен бүгін бұрынғыдан саналымын,
Қоңыраудай күмбірлейді жаңа күнім.
Дәптердің жазылмаған ақ парағы —
Ақ көйлектей жеті жасар балалығым.

4-оқушы (Ақниет):
Мектеп — кеме, білім — теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда,
Ұстаз берген білім қолда.

5-оқушы (Бағдаулет):
Қадірлі мектеп, бұл мектеп —
Оқыған ата-анамыз.
Атыңды сенің құрметтеп,
Әрқашан еске аламыз.

1-жүргізуші: Іші толған әріпке, болашаққа жарық не?
Хормен: Болашаққа жол ашар — ол сүйікті Әліппе!

Кейіпкер сахнада: Әліппе

Балалар: Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе:
Армысыңдар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар — Әліппе келді ортаға.
Менің атым — Әліппе, мені анаңдай әріпте.
Мені оқып ержеткен — ағаң менен әпкең де.

Сәлеметсіңдер ме, сүйікті достарым! Сендер мені оқып, сауат аштыңдар, оқуға және жазуға үйрендіңдер. Енді бүгін өз білімдеріңді көрсетіңдер.

Оқушылардың жауаптары

6-оқушы (Мансұр):
Әліппе деген — алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол —
Тырысып бақ намысқа.

7-оқушы (Дариға):
Бар әріпті үйреткен — міне менің Әліппем.
Жақсы оқимын кітапты, әріптерді танып мен.

Әліппе: Сендер қандайсыңдар?

  • Сағыныш: Талабымыз биік таудай!
  • Альмира: Мың бұралған бишіміз!
  • Айзере: Біз шеберміз!
  • Бағдаулет: Ақылдымыз!
  • Рамазан: Көп оқимыз!

Хормен: Біз — қазақ елінің болашағымыз!

Әріптер әлеміне саяхат

Мұғалім: Алфавитті жаттадық — онда жүйе, қалып бар. Қазақ тілінде 42 әріп бар.

Айкүміс: Сан әріпті үйрендік, бүгін бізге сеніңдер. Әріптер әлеміне саяхаттап көріңдер.

Әріптер таныстыруы (үзінді)

Айгүл:
А әрпінен есімім,
Айгүл деген мен боламын —
Айдай өсіп толамын.

Әділжан:
Әбілмансұрды білесіз,
Ә әрпі де атымда —
Оқып-біліп жүресіз.

Дәулет:
Дөңгелене доп келеді,
Оны теуіп Дәулет келеді.

Айзере:
Айзере деген есімді,
З әрпі бар ішінде.

Айкүміс:
Енді біз жаза аламыз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.

Хор

1 «А» сынып оқушыларының орындауында «Әліппе» әні.

Әліппемен қоштасу

Дариға:
Әліппем, менің Әліппем,
Өмірді көрем танып мен.
Қайталап айтам мың рет —
Өзіңе көп-көп рақмет!

Альмира:
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.

Өркен:
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға «Ана тілін» аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол —
Сауатты боп шықты міне балаңыз!

Ана тілімен танысу

Әліппе: Сендерді әрі қарай жетелейтін достарың — «Ана тілі». Ендеше, «Ана тілін» ортаға шақырайық!

Хормен: Ана тілі! Ана тілі!

Ана тілі:
Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне —
Ана тілі мен болам.

Әліппе: Ал енді мына сүйкімді балаларымды саған тапсырамын — әрі қарай жетілдіруге.

Ана тілі: Әрине, қуана-қуана қабыл аламын.

Мұғалім: Әліппе сендерді оқуға, жазуға үйретті. Сол үшін Әліппеге не айтамыз?

Қыздар: Балаларға ақ тілек!
Ұлдар: Болашаққа бақ тілеп!
Хормен: Біздерге білім үйреткен, Әліппе, саған рақмет!

2-жүргізуші: Барлығымыз Әліппеге не дейміз?
Хормен: Қош бол, құтты Әліппем!

«Кім білгіш?» ойыны (Ана тілі)

Ана тілі: Сендер өте зерексіңдер! Ендеше, сандықтағы сұрақтарға жауап берейік.

  1. Біздің Отанымыз қалай аталады? (Қазақстан)
  2. Отан туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?
  3. 1-ден 10-ға дейін тура және кері санап беріңдер.
  4. Әліппені алғаш кім жазды? (Ахмет Байтұрсынұлы)
  5. Табиғат нешеге бөлінеді? (Екіге: тірі және өлі табиғат)
  6. Табақта 8 алма, қолымда 2 алма. Барлығы неше алма? (10)
  7. Қолымдағы 9 алманың 1-еуі атама, 1-еуі әжеме. Қаншауы қалады? (7)
  8. Дыбыстар нешеге бөлінеді? (Екіге: дауысты, дауыссыз)

Ана тілі: Жарайсыңдар! Бәрің де білімді екенсіңдер.

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Жаңа табыс, үйлеріңізге ынтымақ пен береке, балаларымызға оқу озаттығын тілеймін!

Ата-аналарға арнау

Аналардың құрметіне Ізтай Айкүміс, Алдаберген Манас, Жаңабаева Айгүлдің орындауында «Анашым» әні.

Би

«Балапандар» тобының биі.

Ән

Бастауыш сынып ұстаздарына арнау: «Мұғалім — ол біздің...»

Би

1 «А» сынып оқушыларының вальс биі.

Арман-тілек. Шар ұшыру сәті

Әліппені оқып, білім алдыңдар, көп нәрсені үйрендіңдер. Қазақстанның болашағы — сендерсіңдер. Әр баланың қиялы, арманы бар. Сол армандар орындалсын деген ниетпен сары түсті шарларымызды аспан әлеміне жіберейік. Қане, бәріміз іштей тілек тілейік.

Дариға: Мен есепші боламын. Барлық жұмысшыларға дер кезінде жеткілікті айлық берілуін қадағалар едім.

Өркен: Мен әкім боламын. Ауыл мен қаладағы балабақшаларды тегін қылар едім.

Ерсұлтан: Мен білім министрі боламын. Бастауыш сыныптарға компьютер әперер едім.

Айкүміс: Мен дәрігер боламын. Аурудың алдын алып, балалар денсаулығына көбірек көңіл бөлер едім.

Армандарың орындалсын, аңсаған мақсаттарыңа жете беріңдер!

Қорытынды. Ақ тілек

Бүгінгі кеш әр үйдің той басы деп саналар,
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан ертеңгілік соңында
Ақ тілекпен баршаға тілек айтар қонақтар.

Шәкірттердің қанаттары талмасын,
Көк аспанда қыран болып самғасын.
Ақ жол тілеп, барша мына ұл-қызға
Ақ батасын мектебіміздің директоры арнасын.

Келесі сөз кезегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына беріледі.

Қоштасу сөзі

Құрметті қонақтар! Осымен 1 «А» сыныбының «Әліппеге мың алғыс!» атты ертеңгілігі аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет!