Менің болашақ мамандығым
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
Физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Джаламанова Гүлбаршын Яхупқызы
Тақырыбы: «Менің болашақ мамандығым…»
Бұл тәрбие сағаты оқушылардың мамандық туралы түсінігін кеңейтіп, саналы таңдау жасауға бағыттайды.
Мақсаты
- Оқушылардың «мамандық» ұғымы және мамандық түрлері туралы ой-өрісін кеңейту; мамандықтың адам өміріндегі маңызын түсіндіру; мамандық таңдаудың үлкен жауапкершілік екенін ұғындыру.
- Өз Отанына адал қызмет ететін, ел болашағы үшін аянбай еңбек ететін азамат тәрбиелеу.
- Қызығушылығы, икемі мен бейімділігіне сай мамандық таңдау қабілетін дамыту.
Әдістері
- Пікірлесу
- Ой бөлісу
- Сұхбаттасу
- Кеңес беру
Жоспар
Тәрбиешінің сөзі
«Мамандық туралы не білеміз?» (сұрақ-жауап)
«Кімге қай мамандық жарасады?» ойыны
«Мен таңдаған мамандық» (12-сынып оқушылары ой бөліседі)
«Менің ата-анамның мамандығы» (ұнайтын/ұнамайтын тұстары)
Рефлексия
Қорытынды
Барысы
I. Тәрбиешінің сөзі
Құрметті оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатында біз мамандық әлеміне саяхат жасаймыз. Болашақта кім боламын? Қандай мамандық таңдаймын? Қай салада өзімді табамын? — мұндай сұрақтардың әрқайсыңызды ойландыратыны анық.
Мамандық таңдау — үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Әлемде мамандық түрі өте көп болғандықтан, дұрыс таңдау жасау кейде қиынға соғады. «Жаман мамандық жоқ», бірақ әр мамандықтың өз ерекшелігі мен талабы бар.
Кез келген кәсіпті игеру үшін ең алдымен адамның қызығушылығы мен икемі қажет. Кей адамдар мамандықты тек «күн көрудің амалы» деп қабылдайды, бірақ бұл — қате түсінік. Маман иесі болу жауапкершілікті, өнерді, шеберлікті, үздіксіз ізденісті талап етеді.
Негізгі ой:
Жақсы маман болу үшін таңдаған ісіңді сүю, оның қыр-сырын жан-жақты танып, терең меңгеру маңызды. Өз қабілеті мен бейімділігіне сай мамандық таңдаған адамның еңбегі де өнімді, нәтижелі болады.
II. «Мамандық туралы не білеміз?» (сұрақ-жауап)
Талқылау сұрақтары
- Мамандық дегеніміз не?
- Мамандық түрлерін атаңдар.
- Жақсы маман болу үшін адам нені ескеруі керек?
- Бірнеше мамандықты меңгеру қажет деп ойлайсыңдар ма?
- Қоғамда сұранысқа ие мамандықтар қандай?
- Өзінің мәнін жоғалтпайтын мамандықтар қандай?
- Жаңа заман талабына сай мамандықтардың пайда болуы немен байланысты?
- Сен жақсы маман атанып, еңбегіңнің жемісін көру үшін не істейсің?
Оқушылардың жауаптары
- Мамандық — адамның болашағы, бала күнгі арманына бастайтын жол.
- Дәрігер, мұғалім, прокурор, менеджер, кинолог, автомеханик және т.б.
- Ең алдымен адам өз мамандығын жақсы көруі керек.
- Адамның өзіне ұнайтын, сүйіп істейтін бір мамандығы болғаны дұрыс.
- Техникалық мамандықтар.
- Мұғалім, дәрігер.
- Қоғамдағы өзгерістерге байланысты.
- Таңдаған мамандығым бойынша сапалы білім аламын.
III. «Кімге қай мамандық жарасады?» ойыны
Қазіргі қоғам өзгерген сайын мамандық түрлері де көбейіп келеді. Сондықтан таңдау жасау әркім үшін оңай емес. Бұл бөлімде оқушыларға мамандық атаулары жазылған карточкалар таратылады. Тапсырма: карточкадағы мамандыққа сипаттама беру және сыныпта кімге көбірек сай келетінін негіздеп айту.
Оқушы пікірі
Аина
Психолог — мейірімді, сабырлы, кез келген адамның жан дүниесін түсіне алатын әрі қажет кезде ақыл-кеңес беретін маман. Қазіргі заманда психологтың көмегі өте маңызды деп ойлаймын, өйткені көп адамға моральдық қолдау керек.
Әсіресе оқушыларға емтихан кезінде немесе қиын жағдайларда бағыт-бағдар беріп, күйзелісті жеңуге көмектеседі.
Сынып ішіндегі сәйкестік
Бұл мамандық біздің топта Бинураға көбірек сай келеді. Өйткені ол әрдайым бізге ақылын айтып, сабырға шақырып, тыныштандыра алады.
Оқушы пікірі
Малика
Мұғалім — қай қоғамда да өз маңызын жоғалтпайтын мамандық. Мұғалім болу үлкен білімді, жауапкершілікті және шеберлікті қажет етеді.
Барлық маман иесі ең алдымен мұғалімнің алдынан өтеді. Сол себепті бұл мамандық мен үшін аса қадірлі әрі маңызды.
Сынып ішіндегі сәйкестік
Топ ішінде мұғалімдік мамандық Мөлдірге жарасады. Ол ұстамды, жан-жақты және үнемі ізденіп жүретін оқушы.