Зарлық кім

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Полатова Айнұр Мүслімбекқызы.

Мазмұны

  • Терминдер тізбегі
  • I. Кіріспе
  • II. Негізгі бөлім
  • 1) Туған өлкем — шежірем
  • 2) «Мұңлық — Зарлық» дастанының қысқаша мазмұны
  • III. Қорытынды
  • Пайдаланған әдебиеттер
  • Суреттер жинағы

Терминдер тізбегі

Мәтінде кездесетін көнерген, жер-су атаулары мен мәдени ұғымдардың қысқаша түсіндірмесі.

Сұлба

Кескін, бейне

Әулиелі, киелі

Қасиетті жер

Шөгірлі тоғай

Жер атауы

Сынатас, құлыптас

Бейіт басына қойылатын белгі

Көнекөз, кәріқұлақ

Көп жасаған қария

Мұрынқарақ, Қарақ

Тау атауы

Саят

Аңшылық

Жалбағай

Жұпыны, жыртық

Ғайып ерен қырық шілтен

Періште, киелі рухани ұғым

Даргаһ

Жаратылыс иесі (киелі ұғым)

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі

Халық ауыз әдебиеті — өмірде болған оқиғалардың жаңғырығы, сұлбасы. Одан оқиға ізін, тарих сырын танимыз. Бұған қоса, аңыз-әңгімелер белгілі бір мекенді нақтылап, оған ишара жасай алады.

Осы тұрғыдан алғанда, қазақ ауыз әдебиетінің асыл мұраларының бірі саналатын «Мұңлық — Зарлық» жөніндегі аңыз шын мәнінде қазаққа тегі жат, кейін сіңісіп кеткен кірме дүние ме, әлде өз жерімізде туған төлтума мұра ма? Егер оқиға өз өлкемізде өтсе, онда нақты қай жерде болған?

Осы өзекті сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Сыр бойындағы әулиелі-киелі жерлерге қатысты тарихи деректерді жинақтап, «Мұңлық — Зарлық» аңызының шынайы, объективті бейнеленуін зерттеуді қолға алдық.

Мақсаты мен міндеттері

Қазақ халқының әділ ханы Шаншарханның перзенттері — Мұңлық пен Зарлық туралы мәліметтер өте аз. «Мұңлық — Зарлық» әулиесінің тарихы туралы да көпшілік әлі толық біле бермейді.

Мақсатымыз — ғасырлар бойы халық аузында сақталған сан алуан аңыз-әңгімелер мен жыр нұсқаларын жинап, бірізге түсіру; бұл оқиғаның шығыста емес, дәлірек айтқанда, қазақ жерінде — Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, киелі Байырқұм өңіріндегі Сыр бойында өткенін анықтау және дәлелдер ұсыну.

Жаңашылдығы

Мұңлық пен Зарлыққа, сондай-ақ Қаншайым мазарына зират етіп жүрген адамдардың және көнекөз қариялардың әңгімелері арқылы Қаншайымның аты жазылған құлпытастың табылу тарихы анықталды.

Ең кемі үш-төрт ғасыр бұрын жерленген Қаншайым бейітін қазып, басындағы құлпытасты тапқан адам — марқұм Әсілхан молда екені айтылады.

Мерзімдік шеңбері

«Мұңлық — Зарлық» дастаны мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан айрықша дараланатын құнды шығарма. Ол тарихи шындыққа негізделіп, қазақ пен ноғай бөлінбей, бірге жасаған дәуірдің көріністерін көркем бейнелейді.

Методологиясы мен әдістемесі

Жұмыстың басты методологиялық негізі ретінде әдебиеттануда жиі қолданылатын әдістер алынды: тарихилық, жүйелік талдау, тарихи салыстыру, ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтау және салыстыру, сондай-ақ батырлық эпоста кездесетін сөз оралымдары мен бейнелеу тәсілдерін талдау.

Негізгі принцип — объективтілік. Еуроцентристік, шовинистік және субъективті көзқарастар терістеліп отырады.

Негізгі бөлім

Туған өлкем — шежірем

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Жер туралы заң қабылданған тұста: «Жер — мемлекетіміздің тұғыры. Тұғыры мықты болса — бақыт, құласа — сор», — деген еді. Ата-бабамыз да болашақ ұрпаққа көзіндей көріп, өзіндей аялап жүруі үшін мәңгі мұра етіп туған жерін қалдырған.

Туған жердің әр тасы, әрбір бұтасы, тіпті құбылмалы аспаны мен көшпелі бұлты да — ата-бабадан қалған баға жетпес аманат. Әрбір жер-су атауы — халқымыздың бай шежіресі, ұлттың кім екенін танытатын ескерткіш-мұра.

Ой өзегі

Туған өлке — тек географиялық ұғым емес, халық жадындағы тарихтың тірі ізі. Жер-су атауларының әрқайсысында мән-мағына, шешілмеген сыр жатады.

Тау мен даланың, шөл мен құмның, әрбір өзен-көлдің, сай-сала мен бастау-бұлақтың, елді мекен атауларының бойында алуан сыр бар. Кемеңгер суреткер, данышпан жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ — жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір елге барсаң да жер-су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», — дейді.

Байырқұм өңірі және киелі қорымдар

Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданына қарасты Байырқұм ауылында туып-өстім. Туған жерімнің табиғаты көркем: Байырқұм ауылы Сыр бойында орналасқан. Көршілес Аққала мен Жиделі елді мекендері бар.

Арыс қаласынан Шардараға қарай үлкен жол Аққала, Жиделі, Байырқұм елді мекендерін кесіп өтеді. Шардара бағытындағы көлік жолы Сырдариядан өткен соң көп ұзамай Сырдың сол жағасын бөктерлей, Балтакөл, Маяқұм, Ақынтоғай, Ақтөбе елді мекендерін басып өтетін үлкен жолға қосылады. Осы тұстан Сырды жағалап Шардараға қарай тағы бір бағыт жалғасады.

Географиялық белгі

Үш жолдың түйіскен тұсы

Осы түйіскен жерден екі-үш шақырым жоғары жүргенде, жол жиегіне жақын әулие қорымдар кездеседі.

Халықтық атау

«Мұңлық», «Зарлық» қорымдары

Бұл атау белгісіз заманнан бері сақталып келеді және жергілікті жұрт оны қасиетті орын ретінде қастерлейді.

«Мұңлық кім? Зарлық кім? Қорымдар неге бұлай аталады? Қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы шығыста өткен деп жазған “Мұңлық — Зарлық” дастанындағы кейіпкерлер осы ма?» — деген ойлар мені ұзақ толғандырды.

Осы сауалдарға жауап іздеп, мен Зарлық әулиесіне барып, бейіт басындағы мешітке кірдім. Онда Зарлық пен Мұңлыққа, анасы Қаншайымға және әкесі Шаншарханға арнайы салынған кесене бар екен. Кесенеде: «Мұңлық — Зарлық, анасы Қаншайым, әкесі Шаншархан патша дүниеден өткеніне 440 жыл» деген мазмұнда жазу кездеседі. Бұл кесене 1996 жылы тұрғызылғаны айтылады.

Қастерлеу дәстүрі

Қазіргі кезде бұл маңды қоңыраттың Көктің ұлынан тараған ру иелері көбірек мекендейді. Сыр бойын жайлаған халық бұл қорымды әулие мекен деп танып, күні бүгінге дейін айрықша қастерлейді.

Бұл бейітке Байырқұм, Жиделі, Аққала, Достық, Ақ-алтын және «Қазақстанның алпыс жылдығы» атындағы ауылдардың марқұмдары жерленеді. Апта сайын жұма намазы оқылады. Жұма күні адамдар ата-анасына, туған-туыс, жекжаттарына, сондай-ақ Қаншайымға, Зарлық пен Мұңлыққа Құран бағыштап, бейіт маңын тазалауды игі дәстүрге айналдырған.