Президентіміз кім

Тақырыбы

Елін сүйген Елбасы

Мақсаты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев туралы мағлұмат беру.

Білімділік

Президент күні туралы түсінік қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру.

Дамытушылық

Мемлекеттік рәміздермен таныстыру; Президенттің ұстанымы мен өмір жолын үлгі етіп, балалардың ой-өрісін дамыту.

Тәрбиелік

Балаларды Отанын, халқын, жерін сүюге, батылдыққа, азаматтыққа, патриоттыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Елбасының суреті
  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің суреттері (Ту, Елтаңба, Әнұран)
  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны (орындау)

Таңғажайып сәт

Диалог

Тәрбиеші: Балалар, ертегі тыңдағыларың келе ме?

Балалар: Иә.

Ерте-ерте ертеде бір қыран құс өмір сүріпті. Қыран — құстардың ішіндегі ең ақылды, ең байсалдысы екен. Бір күні ол өзге жаққа қоныс аударатынын айтыпты.

Құстар: «Қай жаққа барасың?» — десе, қыран: «Бау-бақшасы бар, ынтымағы жарасқан, аспаны ашық елде тұрамын», — депті.

Әлгі елдің атауы сандықта жасырылған екен.

Тәрбиеші: Ол елдің қай ел екенін білгілерің келе ме?

Балалар: Иә.

Тәрбиеші: Онда сандықты ашу үшін 3 сұраққа жауап береміз. Үш сұраққа дұрыс жауап берсек, сандығымыз ашылып, ішіндегі құпия ашылады.

Үш сұрақ

1-сұрақ: Отан деген не?

Балалар: Отан — біздің туған жеріміз, туған еліміз.

Тәрбиеші: Дұрыс. Отан — еліміз, жеріміз, туған-туысымыз, кіндік қанымыз тамған мекен.

Нақтылау

Тәрбиеші: Біздің Республикамыз қалай аталады?

Балалар: Қазақстан.

Тәрбиеші: Президентіміз кім?

Балалар: Нұрсұлтан ата.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. 1991 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланды.

2-сұрақ: Елордамыз қай қала?

Балалар: Астана.

Тәрбиеші: Дұрыс. Астана — әсем қала.

Тәрбиеші: Астанада нелер бар?

Балалар: Бәйтерек.

3-сұрақ: Мемлекеттік рәміздер

Балалар: Әнұран, Елтаңба, Ту.

Әнұран

Әнұран — салтанатты ән. Үлкен мерекелерде Ту көтеріліп, Әнұран орындалады.

Ту

  • Көгілдір түс — ашық аспан мен бейбітшіліктің белгісі.
  • Дала қыраны — еркіндік пен бірлікті білдіреді.
  • Шұғылалы алтын күн — байлық, береке және тыныштық нышаны.
  • Ою-өрнек — тарихқа, мәдениетке және ұлттық дәстүрге құрмет.

Елтаңба

  • Шаңырақ — ортақ үй, бірлік ұғымы.
  • Қос пырақ — қуат пен арманға ұмтылу символы.
  • «Қазақстан» жазуы — елдің айқын атауы мен тұтастығын білдіреді.

Тақпақтар

Отан, Президент, Әнұран, Елтаңба және Ту туралы балалар тақпақтарын айтады.

Б. Нұрасыл

Отан, Отан! Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

Арсен

Отан деген — атамекен,
Отан деген — туған жер.
Отан — ана, Отан — пана,
Қазақстан — туған ел.

Лейла

Бүгін мейрам, бүгін той —
Тойлатады адамдар.
Желтоқсанның бірінде,
Президенттің күнінде.

Сәуле

Асқақтай бер, Қазақстан,
Берекеге бастаған!
Болашақтың есігін
Өз қолыңмен аш маған!

Айару

Елтаңбасы елімнің
Неткен айбат, әдемі!
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.

Айғаным

Әнұраным — жан ұраным,
Айтар әнім — сөйлер сөзім.
Мәңгі бақи шырқалады,
Республика Әнұраны.

Гүлдана

Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен көркем, неткен сұлу —
Осы менің туған өлкем!

Айым

Биіктей бер, Нұр аға,
Қыран қанат талмасын.
Қадірлемей тұра ма
Халық сіздей тұлғасын.

Сезім

Нұрын төккен еліне
Есімі оның — Нұр аға.
Ел тыныштығын ойлайды,
Қазақстанды қорғайды.

Іңкәр

Нұр аға, сенің арманың
Халық жылдап күтуде.
Бізге тек сенен керегі —
Нұр аға, аман болғаның!

Сандықтың ашылуы

Қорытынды сәт

Балалар сұрақтарға дұрыс жауап беріп, тақпақтарды мәнерлеп айтты. Енді сандықты ашатын уақыт келді.

Сандықтың ішінен Қазақстанның картасы шығады. Қыран құс дәл осы Қазақстанға ұшып бармақ екен.

Арнау өлең

Кең байтақ қой Қазақстан картасы,
Астанамен айшықталған ортасы.
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем —
Бұның бәрі Елбасының арқасы!

Елімде бейбіт, тыныш заман болсын,
Тілеймін әр адамға бақыт қонсын.
Елімнің ел ағасы, ел басшысы —
Нұрсұлтан Назарбаев аман болсын!

Қорытынды

Қайталау сұрақтары

  • Республикамыз қалай аталады?
  • Президентіміз кім?
  • Қандай мемлекеттік рәміздеріміз бар?

Негізгі ой

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — Қазақстанның тұңғыш Президенті. Елін сүйген Елбасы — елдің бірлігі мен тыныштығын ойлаған тұлға ретінде таныстырылады.

Балалар, сендер — еліміздің келешегісіңдер. Еліңді сүйетін, халқыңа қызмет ететін, білімді де өнегелі азамат болып өсіңдер.

Ән

«Көк тудың желбірегені»

Автор туралы

Мекеме

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, Ақтоғай бекеті, №3 Ақтоғай балабақша-бөбекжайы

Тәрбиеші

Мурумбаева Жанар Аманжолқызы