Ата - ана құндылығы туралы түсініктерін кеңейту

Сабақтың тақырыбы

Ата-анаң – алтын тұғырың

Құндылық

Сүйіспеншілік

Қасиеттер

Мейірімділік, қамқорлық

Сынып

11-сынып

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Ата-ана құндылығы туралы түсінікті кеңейту.

Міндеттері

  • Ата-анаға деген сүйіспеншілік сезімін тереңдету, ата-ананы құрметтеуге үйрету.
  • Ата-ананы қадірлеуге, ардақтауға, олардың үмітін ақтауға баулу.
  • Махаббатқа, мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу, оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.

Тыныштық сәті

«Нұрға бөлену» жаттығуы.

Үй тапсырмасын тексеру

Ғ. Мүсірепов шығармасы бойынша талқылау.

  • Ақлима бала анасына деген махаббатын қалай жеткізеді?
  • Өзгенің баласын өзінікіндей сүю кез келген ананың қолынан келе ме? Неліктен?

Дәйексөз

«Әке – асқар тау, Ана – ағып жатқан бұлақ, Бала – жағадағы құрақ».
Халық нақылы

Мұғалімнің ой-түйіні

Бала тәрбиесінде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенің бірде-бір саласы толық алмастыра алмайды. Отбасының міндеті баланы өмірге әкелумен ғана шектелмейді; ол баланың мәдени-әлеуметтік орта құндылықтарын қабылдауына, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнеге мен тәжірибені бойына сіңіруіне жол ашады. Отбасы баланы қоршаған ортаға, адамзатқа және өз қоғамына пайдалы тұлға етіп тәрбиелеуге бағыттайды.

Үлкен ұрпақтың тәжірибесі, өмірлік беделі мен ақыл-кеңесі, сондай-ақ ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы және бір-бірін құрметтеуі — нағыз тәрбие мектебі. Бала дүниеге келген күннен бастап ата-ананың ықпалында болып, өмірге бағыт беретін құндылықтарды үйренеді.

Жүсіп Баласағұннан ой

«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, Өнерімен қуантады түбінде.

Бала нені білсе жастан, ұядан — Өле-өлгенше соны таныр қиядан.

Өнер-білім берем десең басынан, Бер оқуға балаларды жасынан.

Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған, Жақсы-жаман болса, бала — солардан».

ХІ ғасыр

Осы ойға сүйене отырып, ата-ана баласының жеке ерекшелігін ерте танып, соған сай бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеуге ерекше мән бергені маңызды.

Ата-ана — қоғам алдында жауапты тұлға. Сыйластық, түсіністік және жауапкершілік сезімі орныққан отбасы — бақытты отбасы. Бақытты отбасында ата-ана мен бала арасындағы байланыс мазмұнды болады, ал берілген тәрбие берік әрі нәтижелі қалыптасады.