Сөз туым
Ұстаз туралы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі — Сағымбаева Жансая Мергенбайқызы.
Тақырыбы
Тәуелсіздік көк туын көкке ұста
Мақсаты
- Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, шығармашылыққа баулу арқылы сөздік қорын және тіл байлығын дамыту.
- Өз Отанын сүйетін ұлтжанды азамат тәрбиелеу, оқушылар бойында патриоттық сезім қалыптастыру.
- Сыйластыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
Кіріспе
Тәуелсіз ел тарихы — отаншылдықтың, ерліктің, елдіктің не екенін дәлелдейтін тамыры терең шежіре. Ежелден қазақтың ең асыл мұраты — еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз: «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлаған.
Арғы замандарды айтпағанның өзінде, кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліске шыққаны — соның айғағы.
Тәуелсіздік таңы — Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан дарқан даланы қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі. Қазақстан ХХІ ғасырға тәуелсіз мемлекет болып аяқ басты. Біздің Отанымыз — Егемен және Тәуелсіз Қазақстан. Бұл — қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған арманның орындалған күні.
Іс-шараға кіріспе сөз
Құрметті әріптестер, ұстаздар және оқушылар! Бүгін 5 «Б» сынып оқушыларының Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік көк туын көкке ұста» атты «тапқыр достар» сайысына қош келдіңіздер!
Тәуелсіз мемлекет, егемен ел болудың қыруар қиындығы мен ерекше жауапкершілігімен қатар, оның шарттары мен басты белгілері бар. Солардың ішінде елдің елдігін танытатын айрықша мәнді нышандар — Ту, Елтаңба, Әнұран.
Қазақстан Туымен — тұғырлы, Елтаңбасымен — еңселі, Әнұранымен — айбатты. Еліміздің болашағы — өзіміз! Ендеше, рәміздерді насихаттау үшін оқушыларға кезек берейік.
Сайыстың құрылымы
Ұйымдастыру
Сайысқа түсер сәт те келіп жетті. Олай болса, әділқазылар алқасын сайлап алайық.
Ал келіңдер, келіңдер!
Дұрыс жауап беріңдер.
Білімдеріңді көрсетіп,
Алға оза беріңдер!
Топтар
Сайысқа 2 топ қатысады:
- 1-топ: Бейбітшілік
- 2-топ: Жеңіс
Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағат, өнегесі, еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Бүгінгі ұрпақ — елдің ертеңі.
Кезеңдер
Сайыс 5 кезеңнен тұрады:
- 1. Сөз тапқанға...
- 2. Ойлан тап!
- 3. Сен білесің бе?
- 4. Сөз туым
- 5. Кім жылдам?
Кезеңдер мазмұны
I кезең — «Сөз тапқанға...»
1-топқа сұрақ
«Отаныңды сүйесің бе?»
2-топқа сұрақ
«Отан деген не?»
Тәуелсіздік — болашақтың бағдары,
Тәуелсіздік — асулардың асқары.
Тәуелсіздік — адамдықтың белгісі,
Тәуелсіздік — үлкен істің бастауы.
II кезең — «Ойлан тап!»
«Бәрі де, Отан, сен үшін!
Мәуелеп тұрған жемісім,
Еселеп тұрған жеңісім —
Бәрі де, Отан, сен үшін!»
— М. Мақатаев
III кезең — «Сен білесің бе?»
1-баған
- 5: Ауылымыздың соғыс ардагерлерін ата.
- 10: Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақстандық халық қаһарманы кім?
- 15: Тосын сый.
2-баған
- 5: Тосын сый.
- 10: Ленинград үшін шайқасқан қазақтың қос жұлдызы кімдер?
- 15: Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін қашан алды?
«Тәуелсіздік» — 11 әріптен құралған,
Сан ғасырлар қазаққа болған арман.
Талай дара, даналардың көз жасы
Қанымен атты таң боп бізге алдан.
IV кезең — «Сөз туым»
Тәуелсіздік.
Жаңа ғана қазағымның таңы атты,
Ел деп алған мақсат — алғыс, сауапты.
Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам
Тәуелсіздікті сақтау үшін жауапты.
V кезең — «Кім жылдам?»
Жасырылған суреттерді тұспалдап айту.
Қорытынды
Атыңнан айналайын, егеменді ел,
Тәуелсіз күнің туды — кенеле бер.
Мерейің құтты болсын, тәуелсіздік,
Ғасырдың тойы болшы, келе берер!
Осылайша «Тәуелсіздік көк туын көкке ұста» атты сайысымызды аяқтаймыз. Көңіл бөліп тамашалағандарыңызға рақмет. Қош сау болыңыздар!