Бүгін бізде қуаныш, үлкен той
Сахналық көрініс
Бастауышпен қоштасу сәті
Төрт жылдық білімнің бастауы артта қалып, жүректе қуанышпен бірге қимастық та қатар тұратын ерекше күн.
Көрініс: мерекелік көңіл-күй
Диалог
1-жүргізуші (Әлімжан): Мына жер қандай құлпырып тұр! Ұлпа, мұнда қандай жаңалық бар?
2-жүргізуші (Ұлпа): Әлімжан-ау, қандай жаңалық дейсің?! Бұл — үлкен мереке. Сен үнемі жаңалықтан құр қалып, кеш естисің.
1-жүргізуші (Әлімжан): Онда мен естімеген қандай жаңалық? Ана қыздардың биін қарашы — көңіл-күйі қандай керемет! Бұлай әдемі билеп жатқан кімдер?
2-жүргізуші (Ұлпа): Бұлар — бастауышпен қоштасып жатқан 4-сынып оқушылары. Біле білсең, бұлар — біздің сыныптас достарымыз. Айтпақшы, Әлімжан, көңіл-күйің жоқ сияқты ғой?
Ішкі толғаныс
1-жүргізуші (Әлімжан): Дұрыс айтасың, Ұлпа. Қуанышпен қатар көңіліме кірбің ұялап тұрғанын да жасыра алмаймын. Өйткені бүгін біз білімнің бастауы болған бастауышпен қоштасамыз. Ең алғаш қолымызға қалам ұстатып, әріпті жаттатып, әліппені үйреткен алғашқы ұстазымызбен де қоштасатын күн.
2-жүргізуші (Ұлпа): Иә, Әлімжан… мұңайма. Бұл — біздің аз да болса есейгеніміздің белгісі. Олай болса, өткен 4 жылға шегініс жасап, мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттерімізді еске түсірейік.
Естелік: алғашқы қоңырау, алғашқы сынып
Өлең (1-жүргізуші)
Бәрі есімде: мектепке алғаш барған күн,
Күлімдеп бір, нұр жүзіміз жанған күн.
Сыңғыр қағып, қуанышпен қоңырау,
Шақырғаны алға бізді — арман мың.
Өлең (2-жүргізуші)
Әсем бөлме, терезелер жап-жарық,
Қойған дерсің шырағданнан шам жағып.
Қара тақта, аппақ парта — қаз қатар,
Отырдық біз сипап бәрін таң қалып.
Өлең (1-жүргізуші)
Есімде: алғашқы ұстаздың қарсы алғаны,
Айқара ашып есікті тастағаны.
Бір мереке, думан боп осы маңда,
Жетелеп бір сыныпқа апарғаны.
Өлең (2-жүргізуші)
Кіріп келді сыныпқа ұстаз — күнді іліп,
Бөлме іші кетті лезде шын жылып.
Сәлем берді бізге ұстаз жымиып,
Бар шуылды балалардың тындырып.
Салтанатты үндеу және шақыру
Үндеу (1-жүргізуші)
Құрметті ұстаздар, аяулы достар, қадірменді ата-аналар! Бүгін бізде қуаныш, үлкен той. Төрт жыл бойы білім беріп, ой-санамызды дамытқан, адалдыққа тәрбиелеп, білімнің соқпағынан ғылымның арнасына кең жол ашқан бастауыш сыныппен қоштасқалы отырмыз.
Шақыру (2-жүргізуші)
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да — мұндай күн болған, сірә, қаншаңызда? Қол соғып, қошеметпен шақыралық 4-сынып оқушыларын ортамызға!
Лебіз (1-жүргізуші)
Қадамдарыңыз құтты болсын! Алдарыңызда тұрған балалар осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кіп-кішкентай балдырғандар еді. Енді міне, ойлары да, бойлары да өсіп, егеменді еліміздің жарқын болашағын жасау мақсатында жоғары сыныпқа қадам басқалы тұр.
Ұстазға алғыс
Өлең (2-жүргізуші)
Біз бәріміз артқа тастадық төрт жылды,
Ұмытпаймыз ұстазымызды — жаны ізгі.
Пана болған, дана болған біз үшін,
Жанымыздан артық дер едік біз сізді.
Хор
«Ардақты ұстазым»
Н. Гүлдана: Ұстаз деген қасиетті адам бар. Біле білсең, сенің екі анаң бар: бірі — туған анаң болса, екінші анаң — ұстаз деген данаң бар.
Қорытынды ой
Бастауышпен қоштасу — өткен күндерге алғыс айту, ұстаз еңбегін қадірлеу және жаңа белеске сеніммен қадам басу. Бұл кештің әр сөзі мен әр жолы — балалықтың мөлдір естелігі.