Баланың мейірімді сыпайы әдеттерді бойына сіңіріп өсу жолдарын ата - аналармен бірлесе қарастыру
Ата-ана мен бала қарым-қатынасы
Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижесі көп жағдайда мектеп пен отбасының бірлескен әрекетіне байланысты. Бұл ынтымақтастықты жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Мұғалім мен ата-ананың өзара байланысындағы маңызды міндеттердің бірі — ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімін көтеру.
Оқу бағдарламасын меңгертуде тиімді әдістер мен технологиялар қолданылғаны сияқты, ата-аналарға қолдау көрсету үшін де заманауи форматтарды пайдалану пайдалы. Мәселен, «Өзін-өзі тану» пәнінің формаларын енгізіп, ата-аналар жиналысын дәстүрлі емес түрде өткізу және интерактивті тақта секілді ақпараттық технологияларды қолдану ата-ананың қызығушылығын арттырып қана қоймай, бірін-бірі тереңірек тануға және байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Мақсаты
- Әр отбасының бала тәрбиесіне белсене қатысуының маңызын арттыру.
- Баланың мейірімді, сыпайы әдеттерді бойына сіңіріп өсу жолдарын ата-аналармен бірлесе қарастыру.
- Мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы тәрбие жұмысының нәтижелілігін арттыру.
Ата-аналар жиналысының интерактивті үлгісі
1) «Шаттық шеңбері»
Топтық жылыну және ортақ атмосфера қалыптастыру.
Дөңгеленіп тұрайық, Керегені құрайық. Уықтар боп иіліп, Шаңыраққа киіліп, Киіз үйді құрайық.
Осылайша біз үлкен киіз үйді құрастырдық. Осы киіз үй секілді мектебіміздің де қабырғасы берік, шаңырағы биік болсын деген тілегіміз бар.
Танысу: бір шаңырақтың иелері ретінде бір-бірімізбен жақынырақ танысайық. Үлгі: есіміңізді сын есіммен бірге айтыңыз.
Мысалы: «Мен сымбатты Сайрангүлмін», «Мен ақкөңіл Анармын».
2) «Өзіңді-өзің танысаң — істің басы»
Жақсы және жағымсыз қасиеттерді байқау, өзіндік талдау.
Бұл тренинг Абай атамыздың «Сегіз батыр» деп басталатын жұмбағын еске түсіреді:
Алла мықты жаратқан сегіз батыр, Баяғыдан соғысып әлі жатыр. Кезек-кезек жығылып, жатып-тұрып, Кім жеңері белгісіз түбінде ақыр.
Жұмбақтың астарында адам бойындағы жақсылық пен жамандық қатар жүретіні айтылады. Оны байқау үшін адам өзіне «айнаға қарағандай» қарап, ой жүгіртеді.
Тапсырма (3 минут): берілген парақтың оң жағына жақсы қасиеттеріңізді, сол жағына жағымсыз қасиеттеріңізді жазыңыз.
Талқылау сұрақтары:
- Қандай қасиеттерді көбірек жаздыңыз?
- Қайсысынан өзіңізді көбірек таныдыңыз?
- Осы қасиеттер туралы бұрын ойланып көрдіңіз бе?
Жаттығу: жағымсыз қасиеттерден арылғыңыз келсе, сол бөлікті жыртып алып: «Менің бойымнан осы жаман қасиеттер мәңгіге жоғалсын» — деп айтып, ұсақтап жыртыңыз.
Қажет болған жағдайда қасиеттердің сәйкестігін нақтылау үшін шағын ауызша психологиялық тест жүргізуге болады.
Қорытынды: «Бала — ата-ананың айнасы». Сондықтан баламыздың бойына өзіміздегі жақсы қасиеттерді саналы түрде сіңіре білейік.
3) «Ой қозғау» (топтық жұмыс)
Жағдаяттарды талдау, пікір алмасу, ортақ шешім табу.
Ата-аналар 4 топқа бөлінеді. Әр топ бала тәрбиесіне қатысты сұрақтарды талқылап, шешу жолдарын тірек-сызба немесе сурет арқылы қорғап шығады.
Сұрақ 1
Бала жақсы білімді болуы үшін ата-ананың міндеті қандай болуы керек?
Сұрақ 2
Баланың оқу үлгеріміне отбасы ішіндегі қарым-қатынас әсер ете ме?
Сұрақ 3
Сіз жұмыстан ашулы келдіңіз. Балаңыз компьютер алдында отыр, үй жиналмаған, тамақ дайын емес, тапсырма орындалмаған. Сіздің әрекетіңіз қандай болады?
Сұрақ 4
Тоқсандық қорытынды бойынша балаңыз бір пәннен «3» алды делік. Сіздің іс-әрекетіңіз қандай?
4) «Аялы алақан» (тренинг)
Мейірім, назар және баламен эмоционалды байланысты сезіну.
Мақсаты: ата-ананың баласына қаншалықты мейірім мен уақыт бөлетінін байқау, кез келген сәтте уақыт тауып, жылулық көрсетуге ынталандыру.
Ортаға 10 ата-ана баласымен шақырылады. Ата-аналардың көздері байланып, олар өз баласын қолынан ұстап танып көреді.
Талқылау сұрақтары:
- Балаңызды қалай таныдыңыз?
- «Тани алмай қаламын ба?» деген қорқыныш болды ма?
- Тани алмаған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
- Балаңызды қолынан ұстап танитыныңызға сенімді болдыңыз ба?
Бұл жаттығу ата-ана мен бала арасындағы нәзік байланысты, сенім мен жақындықты ерекше сезіндіруге көмектеседі.