Жапырақтар Күз ханшайым

Іс-шара туралы мәлімет

Орны мен ұйымдастыру

Өтетін орны
Музыка залы
Мекеме
Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, «Балапан» балабақшасы
Тәрбиеші
Егембердиева Айнура Джанабаевна

Тақырып, кейіпкер, мақсат

Тақырыбы
«Жомарт күз»
Кейіпкер
Күз ханшайымы
Мақсаты
Балалардың күз мезгілі туралы білімін кеңейту, мерекелік көңіл күй сыйлау, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Сахналық көрініс

Зал мерекеге сай безендірілген. Жайлы әуен ойналады. Балалар тәрбиешімен бірге кіріп, орындықтарға жайғасады. Әр баланың қолында түрлі түсті жапырақтар бар.

Ертеңгіліктің барысы

Қонақтарды қарсы алу

Тәрбиеші

Құрметті қонақтар, ұстаздар! Бүгін Балбөбек орта тобының балалары дайындаған «Жомарт күз» атты ертеңгілікке қош келдіңіздер!

Армысыздар, халайық,
Бармысыздар, халайық!
Күзгі тойды жұп жазбай,
Келіңдер, қарсы алайық!

Сұрақ-жауап

Тәрбиеші:

Қараңдаршы, бүгін балабақшамыз қандай әдемі! Қолымызға не ұстап келдік?

Балалар:

Жапырақтар.

Тәрбиеші:

Жапырақтардың түстері қандай?

Балалар:

Сары, қызыл, жасыл.

Дыбыс әсері

(Сырттан желдің гуілі естіледі.)

Тәрбиеші: Балалар, тыңдаңдаршы, бұл қандай шу?

(Осы сәтте әсем әуенмен Күз ханшайымы сахнаға шығады.)

Күз ханшайымының келуі

Күз ханшайымы

Сәлеметсіздер ме, балалар!

Уа, халайық, дархан далам, армысың,
Табиғатым, жаны жайсаң, тал мүсін.
Ханшайымы Күздің бүгін келіп тұр,
Алмақ болып бар халқымның алғысын.

Мен — Күз ханшайымымын. Сендерді көргеніме қуаныштымын.

Тәрбиеші: Қош келдіңіз, Күз ханшайымы! Төрлетіңіз!

Күз ханшайымы: Балалар, сендерге жұмбақ жасырайын. Жауабын табыңдар!

Ағайынды бәрі,
Шықса — жасыл,
Түссе — сары.

Бұл не?

Балалар: Жапырақ.

Күз ханшайымы: Дұрыс таптыңдар, жарайсыңдар! Мен өзіммен алтын жапырақтарымды ала келдім. Әр жапырағымда тапсырма бар. Тапсырмаларды орындасаңдар, сендерге сыйлығым да дайын.

Тәрбиеші: Әрине, қымбатты Күз ханшайымы! Біздің балалар күз туралы өлең айтып, тақпақ оқып, би билеп, жұмбақ шеше алады. Бүгінгі мерекені бірге тамашалаңыз. Балалардың сізге арнаған әні де бар.

Би: «Жапырақтар»

Тапсырмалар: «Алтын жапырақтар»

1-тапсырма

Күз мезгілі нешеге бөлінеді?

  • Ерте күз
  • Алтын күз
  • Қара күз

2-тапсырма

Күз айларын ата.

  • Қыркүйек
  • Қазан
  • Қараша

Күз айлары сахнада

Тәрбиеші балаларды ортаға шақырып, әр айдың мінезін өлең жолдарымен таныстырады.

Азиада — Қыркүйек

Бірінші қыркүйек
Білімге бастады.
Мал мен аң жүр билеп,
Құс шарлап аспанды.

Бекжан — Қазан

Жаңартқан ғаламды —
Жаңбырлы ғажап ай.
Осынау заманды
Орнатқан Қазан ай.

А. Абылай — Қараша

Мол байлық тергені —
Шаттығы қаншалық.
Қарашы, өрледі
Қараша ән салып.

«Көкөністер айтысы» көрінісі

Тәрбиеші

Өнім биыл тамаша! Көз тоймайды қараса: сәбіз, пияз, қияр, картоп, бұршақ, асқабақ, қызылша, қызанақ, орамжапырақ... Көкөністер бір жерде жиналып, өзара дауласа бастайды.

Балалар (хормен)

Жиналыппыз бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға
Тиеді көп пайдамыз!

Алтынай — Бұршақ

Кішкене түймедеймін мен,
Ұнаймын мен бәріне.
Дәмді тағамдарыммен
Сый жасаймын бәріңе.

Әзірет — Қызылша

Мен де бір сөз айтайын,
Мақтанайын сіздерге.
Менсіз борщ болмайды,
Винегрет те үстелде.

Еркемай — Орамжапырақ

Мақтанғаннан не пайда?
Менсіз дәмді щи қайда?
Мені қосса самсаға,
Бәрі жейді тамсана.

Азиз — Қияр

Дәмім тілді үйірген —
Мен тұздалған күйімде!
Жаңа піскен кезімде
Жейді бәрі сүйсіне!

Нұрлыайым — Сәбіз

Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген?
Мені жеген адамдар
Кем болмайды күшке де!

Бекнұр — Асқабақ

Өсем бақша-бауында,
Қатты ұқсаймын қауынға.
Жемек болып шикідей —
Күлкі болмай қауымға.

Асылан — Қызанақ

Піскен кезде қызанақ
Көз тартар қызыл түсімен.
Бар ма адам сүйсінбей,
Томат шырынын ішпеген?

Даркен — Пияз

Боламын мен дәмдеуші
Барлық-барлық тағамға.
Көкөністер ішінен
Мен пайдалы адамға.

Диана — Картоп

Мен ұялшақ картоппын,
Мен емеспін мақтанар.
Мені жақсы көреді
Үлкендер мен балалар.

Қорытынды

Бос айтысты қояйық, дауласпайық! Көкөністердің бәрі де адамға пайдалы.

Тәрбиеші: Көкөністердің барлығы — денсаулыққа пайдалы. Мұны жақсы біліңдер, оларды жақсы көріңдер!

Ойын: «Кім жылдам?»

Тәрбиеші: Балалар, күздің жаңбырлы күндерінде аяғымызға не киеміз? (Галош.) Ал қолымызға не ұстаймыз? (Қолшатыр.) Ендеше, «Кім жылдам?» ойынын ойнайық.

Ойын шарты

Екі бала аяқтарына галош киіп, қолдарына қолшатыр ұстайды да, белгі бойынша жарысады.

Тәрбиеші: Күз ханшайымы, балалардың ойынына баға беріңіз.