Ана деген - алтын қазық, алтын бақ

«Анашым — менің ардағым!» аналар сайысы: мерекелік сценарий

8 наурыз Балабақша мерекесі Ата-ана қатысуымен сайыс

Мекеме туралы

Өңір
Маңғыстау облысы
Аудан
Түпқараған ауданы
Қала
Форт-Шевченко
Балабақша
«Балбөбек»
Тәрбиеші
Шукирбаева Гүлжан Аманқосовна

Кіріспе: залға әуен, балалар флешмобы

Залға әуен баяу ойнап тұрады. «Айгөлек» тобының балалары ортаға шығып, флешмоб биін орындайды. Көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күніне арналған бұл кеште аналарымызға құрмет көрсетіліп, «Анашым — менің ардағым!» атты мерекелік сайыс ұйымдастырылады.

Жүргізушінің құттықтауы

Армысыздар, ақ жаулықты әжелер, ардақты да аяулы аналар, сымбатты қыздар! Көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Осындай шуақты мезгілде «Айгөлек» тобының аналарымен бірге «Анашым — менің ардағым!» атты мерекелік сайысымызды бастаймыз.

Қатысушыларды таныстыру: отбасылар шеруі

Жүргізуші сайысқа қатысушы отбасыларды ортаға шақырады. Әр отбасы өлең жолдарымен таныстырылады.

  • Айкөркем және анасы Айгүл

    Жақсы адам кімге болсын болар пана,
    Мол оның тал бойында ақыл, сана.
    Көркіне ақылы сай келетін —
    Айкөркем анасы Айгүлмен ортамызда.

  • Нұрғиса және анасы Орынгүл

    Қуантатын білімімен бәрімізді,
    Қол соғып қарсы алайық келесіні.
    Нұрғиса анасы Орынгүлмен келіп қалды —
    Татулықты ту еткен бұл отбасы.

  • Ғафур және анасы Балдырған

    Жігітке ақыл, білім жарасады,
    Нағыз ер халқыменен санасады.
    «Сайысқа бар күшімді саламын», — деп
    Ғафур мен анасы Балдырған таласады.

  • Бекарыс және анасы Ажар

    Келді міне тағы бір отбасымыз,
    Қарсы алайық қол соғып біз бәріміз.
    Бекарыс анасы Ажармен — қош келдіңіз,
    Жеңіспенен аяқталсын сайысыңыз!

  • Дәулеткерей және анасы Мадина

    Қол соғып қарсы алыңыз, шығады енді,
    Сіздерге де берейін бүгін төрді.
    Олай болса, мінеки — Дәулеткерей,
    Анасы Мадина — сіздерге де кезек келді.

Қазылар алқасы

Сайыс басталмас бұрын әділ бағасын беретін қазылар алқасы таныстырылады.

1-қазы

Ф. Изтұрғанқызы

«Балбөбек» балабақшасының директоры

2-қазы

Г. Рахатқызы

Балабақша әдіскері

3-қазы

Ш. Шәдиқызы

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі

Сайыс кезеңдері

Бүгінгі сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кезеңде қатысушылар өз өнерін, білімін және отбасы бірлігін танытады.

  1. 1. Таныстыру

    Қатысушылар өздерін таныстырады.

  2. 2. Өнер сайысы

    Ән, би, тақпақ немесе көрініс.

  3. 3. Үй тапсырмасы

    Алдын ала дайындалған жұмыс.

  4. 4. Сұрақ-жауап

    Жылдам әрі нақты жауап беру.

  5. 5. Ұлттық ас мәзірі

    Ұлттық тағамдармен таныстыру.

Гүл көңілің қуаныштан өрілді,
Жанарыңнан жалын нұры төгілді.
Жыр ұшқындап тұр ғой, әне, үніңнен —
Көпшілікке таныстыршы өзіңді!

Осылайша сайысымыздың I кезеңі — «Таныстыру» басталады.

Ана туралы ән мен өлең

Ана — адамзаттың данасы.
Ана — сәбилердің панасы.
Ана — жарық жұлдыз, шырағың.
Ана — қайнар, ыстық бұлағың.

Жүргізуші аналарға арналған ән мен өлеңдерге кезек береді.

Ән: «Анашым»

Айзере

Көктемде көңілді,
Құстар кеп жатқанда,
Құлпыртып өңірді
Гүл ектік бақтарға.

Гүл ектік аулаға —
Көктемде көңілді.
Бақта да, бауда да
Ақ гүлдер өрілді.

Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден
Анаға сыйлаймыз.

Насихат өлең

Анам менің — аялаған ақ гүлім,
Анам менің — бақытым мен шаттығым.
«Анашым», — деп балаң жырын арнаса,
Неге ғана естімесін тәтті үнін?

Анам менің — өмірдегі тірегім,
Анам менің — кеудемдегі жүрегім.
Егер менің қасымда сен болмасаң,
Бұл өмірде қалай ғана жүрерім?

Өлең

Жанерке

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.

Ана деген — асыл жандар болаттай,
Ана деген — мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.