Жеңістен жеңіске жетіп жүре беріңіздер

Тәрбие сағатының мазмұны

1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы: майдан мен тылдағы ерлік, отансүйгіштік тәрбиесі

Салтанатты бөлім

Бұл мәтін мерекелік кештің сценариі ретінде ұсынылады: 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр — Жеңіс күніне арналған тәрбие іс-шарасы.

Туды қарсы алу

Фанфары ойналады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілсін!

1-жүргізуші

Қайырлы кеш, ардақты азаматтар, аяулы ұстаздар, білімге құмар шәкірттер! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр — Жеңіс күні мерекелері келіп жетті.

Бұл айтулы күндердің орны әрдайым бөлек. Себебі абзал азаматтарға деген алғыс пен құрмет ешқашан сөнбейді. Ендеше бүгінгі мерекелік кешіміз өздеріңізге арналады.

2-жүргізуші

Жүрекке адалдықтың ескен гүлін, ғажайып келешектің төккен үнін ардақты ағаларға шын көңілден жолдаймыз. Құрметті азаматтар, мектебіміздің ұстаздары мен жігіттері!

Сіздерді 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар! Еңбекте табыс, өмірде береке тілейміз!

Құттықтау сөз

Құттықтау сөз кезегі Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, мектеп директоры _____________________________________ беріледі.

Әдеби монтаж (4 «Б» сыныбы)

Ел қорғайтын ер ағалар —
Ардағымыз, арымыз.
Ерлер тойын, елдің тойын
Қарсы аламыз бәріміз!

Көз тойғысыз қазағымның жері бар,
Ну орман, тауы, өзені, көлі бар.
Қазағымның жерін, елін қорғайтын
Жас жеткіншек ұланы бар, ері бар.

Берілмей батыр бабам армандаған,
Арман күн ел-жұртына жалғанда аман.
Қаншама құрбандықпен жеткен күнді,
Әлдиле, байтақ елім, орман-далам.

Жүреміз даңқты жолдармен,
Қырандар бірге самғаған.
Әзірге кіші болғанмен,
Ертеңгі ел қорғаны мен болам!

Міне, осындай егеменді еліміз,
Кең жазира, ұлан-байтақ жеріміз.
Туған елін, туған жерін сүйетін
Біз қазақтың ұланымыз, еріміз!

Хор (4 «Б» сыныбы): «Ел қорғауға әзірміз!»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылсын!

Жеңіс туралы ой

1-жүргізуші

Жеңіс деген — жақсылықтың сыңары, жігер мен құштарлықтың құралы. Күрескердің арманы мен ұраны, қуаныш пен мерекенің бұлағы.

2-жүргізуші

Жаңғыртып әнмен аспан кеңістігін, халқымыз қуанышты тегіс бүгін. Жауды жаншып, Отанды азат еткен — құрметтеп қарсы алады Жеңіс күнін.

Естелік пен тағзым

Жеңісті сан миллиондаған адам минуттап, сағаттап күткен еді. Ақыры үміт ақталды. Бірақ ол жеңіс оңай келген жоқ: Отан үшін от кешкен қаншама азамат майданда мерт болды, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті.

Соғыс талай ананы — жесір, талай баланы — жетім қалдырды. Тұтқын лагерлерде қаншама ана мен бала айуандықпен азап шекті. Бұл қасірет — ұмытылмас тарих.

Тылда қалған қарттар, аналар мен балалар бірде аш, бірде тоқ жүріп, тынымсыз еңбек етті. Ешкімнің сағы сынбады. Қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдарының ерлігі — мәңгілік тағылым.

1 минут үнсіздік

Үнтаспадан соғыс жылдарына арналған баяу ән қойылады.

Жеңіс көктемі

Жеңіс күні бар әлемге әйгілі — көктем шуақ 9 мамыр күні. Айтшы, кәне, біздің жеңіс шеруі кездейсоқ па көктемге сай келуі?

Біздің Ұлы Жеңісіміз көктем болып, көңілдерге шұғыласын төкті. 9 мамыр — қуаныш пен қасіреттің алма-кезек сезімін еске салатын күн.

Бүгін — көптен күткен салтанатты күн. Уақыттың қанатында Жеңістің 69-көктемі де келіп жетті.
69 жыл — бейбіт таң атқалы,
69 жыл — шуақты күн таратты әнін.
69 рет — көктемде содан бері,
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.

Көріністер желісі

Көрініс: 21 маусым 1941 жыл

Оқушылардың мектеп бітіру кешінен қайтып келе жатқан сәті. Кенет радиодан хабар естіледі:

Радио:

«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия тұтқиылдан соғыс жариялап, елімізге басып кірді».

1-қыз

Соғыс дейді… естідіңдер ме? Сұмдық-ай, енді қайттық? Күніміз не болар екен?

2-қыз

Жамандық шақырмаңдар. Ел шетіне жау тисе, арқа сүйер азаматтар бар емес пе?

1-азамат

«Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген бар. Жыламаңдар, жастарыңды тиыңдар!

Барлығы:

Отан үшін аттанайық!

Әдеби монтаж: 7 «Ә» сыныбы

Көрініс: Майданда

Екі жауынгердің келе жатқан танкіні жарып, өздері жараланып, ерлік көрсетуі бейнеленеді.

Ән: «Отаным»
Әдеби монтаж: 7 «Ә» сыныбы

Көрініс: Оқ дауысы

Қыз

Ана, қарным ашты. Соғыс қашан бітеді? Менің әкем қашан келеді?

Анасы

Құлыным-ау, бітеді ғой, шыдай тұр. Әкең жеңіспен оралады. Дүниедегі бар тәттіні саған әкеледі: балмұздақ па, кәмпит пе, тәтті нан — бәрін әкеледі.

Қыз: Қашан, ана? (жыламсырап)
Анасы: Жақында. Ұйықтай ғой, қызым.

Өлең: ____________________ (М. Мақатаев, «40-шы жылдары»)
Би: «Катюша»
Ән: «Война»

Көрініс: Тылда

Тылдағы қазақ қыздары мен әйелдерінің Жеңісті жақындату үшін жасаған еңбегі мен ерлігі бейнеленеді.

1-әйел

Мынаны қарашы… Ұлымнан «қара қағаз» келді. Көзімнің қарашығындай жалғыз ұлымнан айрылдым. Енді қалай өмір сүремін? (жылайды)

2-әйел

Ол қағазға сене берме. Бәлкім, ұрыста адасып кеткен шығар. Көр де тұр — ұлың аман-есен келеді әлі. Жылама.

Соғыс — сұрапыл соғыс… Қаншама үйдің әкесін алды, қаншама үйдің ұл-қызын жалмады. Қаншама ана зар илеп, балаларынан айрылып, жесір қалды. Бұл соғыс қашан бітеді?..

Көрініс: Жеңіс

Сүйінші, халқым, сүйінші!

Неміс фашистері тізе бүгіп, жеңіліпті. Шынымен, қарғыс атқан соғыс бітті ме?

Халық бір-бірімен құшақтасып, қуанышқа бөленіп, сүйінші сұрасады.

Радио:

«Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! 1945 жылы 8 мамырда Германияның жоғарғы командованиесі жеңілгендігін мойындап, актіге қол қойды. 9 мамыр — Жеңіс күні!»

Көрініс:

«Алға, Қазақстан!» — Жауынгерлерді күтіп алу сәті. Жауынгерлер жарақаттанған, бастары ораулы, таяқ ұстап келеді.

Қорытынды бөлім

1-жүргізуші

Күткен Жеңіс жарқ етті сәуле шашып. Жеңіс келді — қуандық көңіл толып. Жауды жойып батырлар елге оралды, ата-анаға қауышты құшақ жайып.

Аспанда күн жарқырап күліп тұрды, бейбіт өмір шаттығы тұнып тұрды. Соғыстан соңғы сәбидің күлкісі қара күндердің қайғысын ұмыттырды.

2-жүргізуші

Мамыр келді — ағаштар бүрін жарып, бейбіт өмір оралды күні жарық. Әжелер ақ жаулықтың ұшымен көз жасын сығып алып, «Шүкір» деп тәубе дейді.

Оқ пен оттан аман оралып, ортамызда жүрген ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін әрқашан мақтан тұтамыз.

Хор

Оқушылар ортаға шығып, хормен «День Победы» әнін орындайды.

Тілек

Жасасын Жеңіс! Бақытты елім күле бер! Тәуелсіз болып, болашағыңа нық жүре бер!
Болмасын соғыс! Болмасын соғыс! Болмасын!
Осы тілекпен барша халық орнынан тұрады.

Кештің аяқталуы

Осымен «Желбіре, Жеңіс жалауы» атты кешіміз өз мәресіне жетті. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер!

Қатысқан барлық ұстаздар мен оқушыларға алғыс білдіреміз. Жеңіс туы көк аспанымызда мәңгі желбірей берсін!

Автор туралы мәлімет

Алматы облысы, Талғар қаласы, №7 мектеп-лицейінің педагог-психологы, «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі — Нұрсалиева Айнагүл Еркінбекқызы.