Әбілқайыр менің жауым
Тақырып
«Тарих – ғасырлар куәсі»
Мақсаты
- Қазақ хандығының құрылу тарихымен таныстыру.
- Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, сахна мәдениетін үйрету.
- Оқушыларды отаншылдыққа, бірлікке және ынтымаққа тәрбиелеу.
Форматы
- Түрі
- Ғылыми-практикалық конференция
- Би
- Қазақ биі
Көрнекілік
- Кітап көрмесі
- Слайд-шоу
- Безендірілген сахна
Кіріспе сөз
Құрметті қонақтар мен оқушылар! Бүгін сіздер «Тарих – ғасырлар куәсі» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып отырсыздар.
1465–1466 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Шу мен Талас өзендерінің арасындағы өңірге қоныс аударып, қазақтың туын көкке көтергені тарихтан белгілі. «Қазақ!» деп ұран тастағанда рухы көтеріліп, намысы оянған тайпалар бір тудың астына жиналып, Қазақ хандығының негізін қалады.
Уақыт өте ел тағдыры талай сынақтан өтті: үш ғасыр бойы тарихымыз да, ар-ожданымыз да тапталды, сан түрлі нәубетті бастан кештік. Дегенмен мың өліп, мың тірілген халық ақыры азаттығын алды.
Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту — азаттықтың жолында тер төккен бабаларға деген құрметіміздің белгісі.
Поэтикалық жолдар
Жыр үзіндісі
Түріктің бір бұтағы — қазақ еді,
Қайсар мінез, өр еді, ғажап еді.
Жәнібек, Керей хандар басын қосып,
Өмірге келген еді қазақ елі.
Жалғасы
Алтай мен Атыраудың арасында,
Жетісу — жеті өзеннің сағасында.
Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп,
Хандық құрды қазақ өз даласында.
Көрініс
«Қазақ хандығының құрылуы»
Кейіпкерлер
- Есен-бұға
- Уәзір
- Керей
- Жәнібек
- Ақсақалдар мен билер
- Халық
Сахна мәтіні
Сахна нұсқауы
Сахнаға Есен-бұға, ақсақалдар мен билер шығып, орындарына жайғасады.
Уәзір:
Алдияр, тақсыр, сізге Әбілқайыр хандығынан Керей мен Жәнібек сұлтандар келіп тұр.
Есен-бұға:
Кірсін!
Керей мен Жәнібек:
Ассалаумағалейкум! (Бастарын иіп амандасады.)
Есен-бұға:
Келген шаруаларыңды айтыңдар!
Керей:
Ойраттардан жеңілген Әбілқайыр хан ашу-ызасын қоластындағы халықтан алып, жазалай бастады.
Жәнібек:
Салықты көбейтіп, тайпалардың берекесін кетіріп отыр.
Керей:
Сондықтан біз, бауырым Жәнібек екеуіміз, сізге бұйымтаймен келдік.
Есен-бұға:
Бұйымтайың болса, айт!
Керей:
Еліңіздің бір өңірінен бізге жер бөліп берсеңіз. Сол жерде өз тайпамызбен қоныстанып, өсіп-өнсек дейміз.
Есен-бұға:
Керей, Жәнібек, ақсақалдарым мен сұлтандарыммен кеңес құрайын. Сендер барып тынығыңдар!
Сахна нұсқауы
(Керей мен Жәнібек шығып кетеді.)
Есен-бұға:
Қандай ойдасыңдар?
1-ақсақал
Жер — халықтың байлығы. Оны ешкімге беруге болмайды.
2-ақсақал
Осы жолы ығысып орын берсек, жақсылығымыз ертелі-кеш өзімізге қайтады.
3-ақсақал
Әбілқайырдан өш алар кез келді! Батыс шекарамыздың қауіпсіздігін күшейтіп, бұл ұсынысты өз пайдамызға жаратуға болады.
Есен-бұға:
Әбілқайыр — менің жауым. Демек, менің жауымның жауы — менің досым. Шу мен Талас өзенінің бойындағы Қозыбасы жері олардың қонысы болсын.
Уәзір:
Керей, Жәнібек сұлтандар, кіріңіздер!
Есен-бұға:
Ойлана келе, ақылдаса отырып мынадай шешімге келдік: Шу мен Талас өзенінің бойындағы Қозыбасы аумағы сендердің мекендерің болсын!
Керей:
Алдияр, біз бұл жерді құтты мекенге айналдырамыз.
Сахна нұсқауы
(Есен-бұға, ақсақалдар мен нөкерлері шығып кетеді.)
Жәнібек:
Уа, сүйінші, халқым! Көптен күткен арманымыз орындалды. Бір тудың астына жиналар күн туды!
Сахна нұсқауы
Сахнада халық қуанып, бірін-бірі құттықтайды.
Керей:
«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, ақсақал, бата беріңіз.
Ақсақалдың батасы
Түндеріміз тыныш болсын,
Үйлерімізге ырыс толсын!
Ұлдарымыз айбарлы болсын,
Қыздарымыз есті болсын.
Балаларымыз қуаныш әкелсін,
Немерелеріміз жұбаныш әкелсін.
Орындарымыз төр болсын,
Дастархандарымыз мол болсын.
Қатарларымыз көп болсын,
Уайым-қайғымыз жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмейік,
Зұлымдардың жаласын көрмейік!
Елімізде бірлік болсын,
Жарасымды тірлік болсын!
Әумин.
Толық нұсқасын жүктеу