Қалай бересің
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Балалармен еркін қарым-қатынас жасай отырып, өкпе-реніштің зиянын ұғындыру; кешірім, кешірімділік, кешірім сұрау ұғымдарының мәні мен маңызын, сондай-ақ олардың адамға және қоршаған ортаға тигізетін әсерін түсіндіру.
Міндеттері
- Кешірім мен кешірімділік туралы танымал тұлғалардың ой-пікірлерімен танысып, ой түюге және қорытынды шығаруға үйрету.
- Кешірімді болуға, өзге адамдармен түсінісе білуге дағдыландыру.
- Кеңпейілділікке, адамгершілікке, өзара түсіністікке және тыңдай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс, дәптермен жұмыс, топпен жұмыс.
Көрнекіліктер
Оқулық, дәптер, интерактивті тақта, түрлі түсті қағаз.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
1 мин- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
Үй тапсырмасын сұрау
3 минМақал-мәтелдер бойынша қысқаша сұрау.
Сабақтың мақсатын хабарлау
1 минЖ. Аймауытовтың «Бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды» деген сөзіне сүйене отырып, бүгінгі сабақтың негізгі мақсаты — «кешірім», «кешірім сұрау», «кешірімділік» ұғымдарының мән-маңызын түсініп, кешіре білуге үйрену.
Қарым-қатынас және талқылау
Шаттық шеңбері
5 минБалалар, шаттық шеңберін құрайық. Үстел үстіндегі қағаздарды алыңыздар да, екі-екіден бір-біріңізге қараңыздар:
- Күлімдеу белгісі болса — бір-біріңізге күлімдеп, ишаратпен амандасып, жылы сөз айтыңыздар.
- Екі смайлик болса — қол алысып, жылы сөз айтыңыздар.
- Жүрек белгісі болса — құшақтасып амандасып, жылы сөз айтыңыздар.
- Күн белгісі болса — күндей жылы қарап, амандасып, тілек айтыңыздар.
Әңгімелесу
5 мин- «Кешірім», «кешірімділік», «кешірімді болу» ұғымдарын қалай түсінесіздер?
- Өкпелеп, ренжігенде өздеріңізді қалай сезінесіздер?
- Кешірім сұраған сәтіңіз болды ма?
- Кешіре білу қиын ба, әлде кешірім сұрау қиын ба?
- Көбіне қандай жағдайлар сізді өкпелетіп, ренжітеді?
Мәтінмен жұмыс: «Кешірімнің күші»
Мақсаты
Оқушыларға кешірімділіктің пайдасы мен қажеттілігін ұғындыру үшін «Оқып үйренейік» айдарынан А. Бейсебайдың «Кешірімнің күші» мәтінімен танысу.
Уақыты: 5 мин
Мәтін
Күнделікті өмірде көп нәрсені байқамаймыз, қадірін біліп, бағаламай жатамыз. Өмір әрдайым ойлағанымыздай бола бермейді: қателескенде көбіне кінәліні сырттан іздейміз. Өзгелерге кінә артып, өкпе-реніш танытамыз.
Қателеспейтін адам болмайды, сондықтан кешіре де білу керек. Ал кек сақтау — адамдарға деген жек көрушілік пен сенімсіздік туғызып, жағдайды ушықтырады.
Өзгелерге деген өкпе, реніш, ашу өмірді қызықсыз етіп, адамды бақытсыз сезіндіреді әрі денсаулыққа да әсер етеді. Кешірімсіздік жан дүниемізді қинап, өзімізге зиян келтіреді, жүрекке салмақ салады.
Ал өзгелерді кешіргенде бойымыз жеңілдеп, сол адамға жақсылық жасағандай боламыз. Бірақ біреуді кешіру — ең алдымен, өзімізге жасаған жақсылық екенін түсінгеніміз абзал.
Өзгелерді жиі ренжітетін адамдар неліктен сондай әрекетке баратыны туралы ойланайық. Кешіру — адамның жағдайын түсінуге тырысу болуы мүмкін. Егер түсіністікпен қарасаң, сол сәтте-ақ өкпе сейіледі. Өйткені «осындай жағдайда өзім не істер едім?» деп өзіңе сұрақ қоясың.
Өзіңді өзгенің орнына қойып, «мүмкін, ертең мен оның орнында болармын» деп ойлайсың. Сонда кешіру оңайырақ болады. Ең бастысы — айналаңа жақсы ниетпен қарап, адамдарды жақсы көре білу: сонда олардың қателігін де кешіре аласың.
Басқаларды жақсы көру үшін алдымен өзіңді сыйлап, жақсы көргенің жөн. Өзін сыйлайтын адам жан дүниесін жаман сезімдермен ластамайды, ауырлатпайды.
Біз барлығына кешіріммен, сыйластықпен, түсіністікпен, сергектікпен қарауға тиіспіз. Өмір тамаша: егер алға адал ниетпен, ізгі істермен жүрсек, игілікке жетеміз.
Талқылау сұрақтары
- Өсиет әңгіменің негізгі ойы неде?
- «Кешіру — өзгені түсінуге тырысу» дегенді қалай түсінесіздер?
Практикалық бөлім
Тыныштық сәті
8 минӨкпе-реніштің зиянынан аулақ болу және ішкі ауыр сезімдерден арылу үшін тыныштық сәтін жасайық (классикалық музыка қойылады):
- Көздеріңізді жұмып, денеңізді еркін ұстаңыз.
- Терең дем алып, демді шығарыңыз; содан кейін аз ғана үзіліс жасаңыз.
- Соңғы кездері болған өкпе-реніштеріңізді еске түсіріңіз (кімге, не себепті ренжідіңіз?).
- Сол өкпе-реніш кіндіктің тұсында бұлт болып тұрғанын елестетіңіз. Саусақтарыңызды сол жерге қойып, «бұлтты» жоғары көтеріп алғандай сезініңіз.
- Бірте-бірте бұлтты жоғары көтеріп, аузыңыздан шығарып жіберіңіз.
- Енді оның орнын жақсы қасиеттермен толтырыңыз. Күн шуағындай жылы қасиеттердің ішінен бүгінгі тақырыпқа сай ең маңыздысын таңдаңыз.
- Адамгершілік қасиетін жүрекке орналастырып, жүрегімізге қол соғып қояйық.
Дәптермен жұмыс
5 минДәптердегі осы тақырыпқа байланысты 1-тапсырманы орындау.
Сергіту сәті
1 мин— Қалай жағдайың? — Жақсы! (саусағымен көрсетеді)
— Қалай жүресің? — Былай! (екі саусақпен жүріп көрсету)
— Қалай жүгіресің? — Былай! (екі қолын жинап, жүгіру қимылын көрсету)
— Түнде қалай ұйықтайсың? — Былай! (екі алақанын бетіне қояды)
— Қалай аласың? — Былай!
— Қалай бересің? — Былай!
— Қалай бұзық боласың? — Былай! (екі ұртын томпитып, жұдырықпен соғу)
— Қорқытасың ба? — Былай! (саусақ көрсету)
— Көңіл-күйің қалай? — Өте жақсы!
Дәйексөздер
«Кешіре білген адам — күшті адам.»
«Жамандық кешіре білмеуден туады. Егер біз кешірімшіл болсақ, ызаланбас едік. Сонда бізге бәрі де жақсы көрінер еді. Егер бір нәрсе көңілдегідей болмаса, ашуланасың.»
«Кешірім сұрай білу — кісілік.»
«Кешірім сұрау — бақыттың баспалдағы.»
Топтық жұмыс: «Жақсы сөздер гүлдері»
Ойын шарты
5 минЕкі топқа бөлініңіздер. Бұлттардың суреті жапсырылған ватманның бетін түрлі түсті гүлдермен толтырыңыздар. Әр гүлге жақсы сөздер жазылады.
Нәтижені бөлісу
Әр топ өз жазған сөздерін дауыстап оқып береді. Мақсат — ортақ кеңістікті жылы сөздермен «гүлдендіру» және жағымды қарым-қатынас қалыптастыру.
Ұсынылатын сөздер
Мейірім, құрмет, сенім, сабыр, қолдау, түсіністік, ынтымақ, ізгілік.
Назар
Әр сөз қысқа әрі нақты болсын; айтылуы жеңіл, мағынасы жылы болсын.
Қорытынды және рефлексия
Қорытынды сұрақтар
1 минБүгінгі сабақтан не алдыңыздар? Нені үйрендіңіздер?
Жүректен — жүрекке
2 минШеңбер болып тұрып, тақтадағы сөздерді хормен айтыңыздар:
- Мен жайдарлы, ақкөңіл, белсендімін.
- Менің қолымнан бәрі келеді.
- Мен айналама тек жақсылық тілеймін.
- Мен бақыттымын.