Жүрек құрылысының суретін салу
Сабақ туралы
Сынып
8-сынып
Тақырып
Қанайналым мүшелері (презентациямен)
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Ағзаның ішкі ортасы туралы білімді еске түсіре отырып, қанайналым жүйесінің мүшелерімен таныстыру. Жүрек пен қантамырлардың құрылысы мен қызметін жүйелі түрде түсіндіру.
Тәрбиелік
Ізденімпаздықты, еңбексүйгіштікті, адамгершілік дағдыларын қалыптастыру. Салауатты өмір салтын ұстануға, өз ойын еркін жеткізіп, өзгені тыңдай білуге және алған білімін өмірде қолдануға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Жаңа материалды қабылдау арқылы ойлау, есте сақтау және қайта жаңғырту қабілеттерін дамыту.
Әдістері мен ресурстар
Оқыту әдістері
- Жаңа сабақты түсіндіру
- Тест сұрақтары
- Көрнекіліктер көрсету
- Өзіндік жұмыс
Көрнекіліктер
- Жүректің құрылысы (кесте, суреттер)
- Қантамырларының типтері (кесте)
- «Қанайналым» тақырыбы бойынша материалдар
- Жүректің құрастырмалы үлгісі
- Ғалымдардың портреттері
- Электронды оқулықтан үзінділер, интерактивті тақта
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
Сабаққа дайындық, назарды шоғырландыру, мақсат-міндеттерді нақтылау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Жылдам әрі дұрыс» сұрақ-жауап арқылы алдыңғы тақырыптарды еске түсіру.
- Қан ағзада қандай қызмет атқарады?
- Фагоцитоз дегеніміз не? Фагоцит қандай жасушаларға жатады?
- Иммунитет дегеніміз не?
- Қан топтары және олардың сәйкестігі (кімнен алады / кімге береді).
- Лимфоциттер қандай қызмет атқарады?
- Қанайналым дегеніміз не?
- Эволюция барысында жүректің құрылысы балықтардан сүтқоректілерге дейін қалай өзгерді?
- Тромбоциттер және қанның ұю үдерісі.
- Сурет бойынша талдау: не көріп тұрсыңдар?
- ЖИТС-тен қалай сақтануға болады?
III. Жаңа тақырыпқа кіріспе
Жанды мотор сынбайды,
Күні-түні тынбайды.
Кейде оның жүрісін
Дәрігерлер тыңдайды.
Тарам-тарам бір ғалам,
Айқыш-ұйқыш шырғалаң.
Толассыз ағыс тоқтаса,
Жоғалады бірге адам.
Жүрек: негізгі деректер және құрылысы
Орташа салмағы
- Жаңа туған нәресте20 г
- Ер адамдар350 г
- Әйел адамдар250 г
Бұлшықет ұлпасы
Жүрек көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады және үздіксіз жұмыс істеуге бейімделген.
Жүрек қуыстары
- 2 жүрекше
- 2 қарынша
- Тұтас қалқа арқылы екі бөлікке бөлінеді
Қақпақшалар
- Оң жақта: үшжақтаулы қақпақша
- Сол жақта: қосжақтаулы (митралды) қақпақша
- Жақтаулы қақпақшалар тек қарыншаға қарай ашылады
- Сіңір жіпшелері қақпақшаны кері қайрылудан сақтайды
Қанның ағу бағыты
Қан жүрекшеден қарыншаға, ал қарыншадан артерияларға қарай ағады.
Жүрек қабықтары
Жүректің сыртын дәнекер ұлпасынан түзілген жұқа қабық — перикард қаптайды. Жүрек қабырғасы 3 қабаттан тұрады:
Эпикард
Жүректің сыртын қаптайды.
Миокард
Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан түзілген.
Эндокард
Ішкі қабатты және жүрек қақпақшаларын түзеді.
Қантамырлар: түрлері және қызметі
Артерия (қызылтамыр)
Қанды жүректен мүшелер мен ұлпаларға таратады.
Капилляр (қылтамыр)
Барлық мүшелерді торлайды. Қан баяу ағатындықтан, қабырғалары арқылы заттар ұлпаға оңай өтеді.
Вена (көктамыр)
Мүшелер мен ұлпалардан көмірқышқыл газына, зат алмасу өнімдеріне және гормондарға қаныққан қанды жүрекке тасымалдайды.
Қысқаша тұжырым
- Жүрек — төрт қуысты мүше.
- Жүрекшелер мен қарыншалар жақтаулы қақпақшалармен байланысады.
- Сол жақ қарынша–қолқа және оң жақ қарынша–өкпе артериясы шегінде айшық тәрізді қақпақшалар болады.
- Жүрек қабырғасы: эпикард, миокард, эндокард.
- Қантамырлар: артериялар, веналар, капиллярлар.
IV. Бекіту тапсырмалары
Қайталау сұрақтары
- Жүректің құрылысын атаңдар.
- Жүрек немен қапталған? Жүрек қабынан бөлінетін сұйықтықтың маңызы қандай?
- Терминдермен жұмыс: бос орындарды толтыру.
Терминдермен жұмыс (және жауаптары)
Тапсырма
- ______________ — қанайналым жүйесінің орталық мүшесі.
- Жүректің қабырғасы ________________ тұрады.
- Жүректен қанды әкететін қантамырлар ___________ деп аталады.
- Ең ірі артерия қантамыры — ______________ деп аталады.
- ______________ қабырғалары жақсы жетілген.
- Жүрекшелерден қарыншаларға қанның өтуін ___________ реттейді.
- Қанның артериядан қарыншаға кері өтуіне кедергі ___________ жасайды.
- Жүректегі ___________ қанды тек бір бағытта өткізеді.
- Жүректегі қақпақшалар ________________ қабатынан түзілген.
- Жүректің қалың бұлшықетті қабаты ____________ деп аталады.
Жауаптары
- Жүрек — қанайналым жүйесінің орталық мүшесі.
- Жүректің қабырғасы 3 қабаттан тұрады.
- Жүректен қанды әкететін қантамырлар артериялар деп аталады.
- Ең ірі артерия қантамыры — аорта.
- Сол жақ қарыншаның қабырғалары жақсы жетілген.
- Қанның өтуін жақтаулы қақпақшалар реттейді.
- Кері өтуге айшық қақпақшалар кедергі жасайды.
- Жүректегі қақпақшалар қанды бір бағытта өткізеді.
- Қақпақшалар эндокард қабатынан түзілген.
- Қалың бұлшықетті қабат — миокард.
Сәйкестендіру тесті
Төмендегі тұжырымдарды қантамыр түрлерімен сәйкестендіріңдер: A) артериялар, Ә) веналар, Б) қылтамырлар.
- Қанды мүшелерден жүрекке тасымалдайды.
- Қан қысымы шамалы.
- Дененің барлық мүшелеріне таралады.
- Қан қысымы жоғары.
- Адам шашынан 50 есе жіңішке.
- Қабырғасы қалың әрі серпімді.
- Қоректік заттар, оттек, көмірқышқыл газы оңай өтеді.
- Ұсақ майда қантамырлар.
- Қақпақшалар қайда болады?
- Көпшілігі тереңде, бұлшықеттердің арасында жатады.
V. Қорытындылау: сынақ сұрақтары
- II топтағы қанды құюға болады: a) тек I топқа; b) I, II топтарға; c) II, III топтарға; d) III, IV топтарға; e) I, IV топтарға.
- Артерия қантамыры: a) тек артериялық қанды жеткізеді; b) тек веналық қанды жеткізеді; c) қанды мүшелерден жүрекке жеткізеді; d) жүректен шыққан қанды мүшелерге жеткізеді.
- Эритроциттердің бұзылуы жүреді: a) көкбауырда; b) сүйектің қызыл кемігінде; c) лимфа түйіндерінде; d) ұйқы безінде; e) сүйектің сары кемігінде.
- Қаназдық кезінде оттегінің гемоглобинмен байланысы төмендейді (дәрумен жетіспеуі): a) B3; b) B2; c) B6; d) B12; e) C.
- Лейкоциттердің негізгі қызметі: a) қоректік; b) тыныс алу; c) тасымалдау; d) қан ұюға қатысу; e) қорғаныш.
- Жарадан аққан ірің — ол: a) жасушааралық зат; b) ұлпа сұйықтығы; c) өлген лейкоциттер, ұлпалар, жасушалар; d) өлген эритроциттер, ұлпалар; e) өлген тромбоциттер, ұлпалар, жасушалар.
- Иммунитет түріне жатпайды: a) туа біткен; b) жүре пайда болған; c) табиғи; d) жасанды; e) бейтарап.
- Организмнің антидене түзу қабілеті қалыптастырады: a) тромб түзілуден сақтануды; b) ішкі ортаның тұрақтылығын; c) иммунитетті; d) фибриннің фибринге айналуын; e) протромбиннің тромбинге айналуын.
- Лимфа қанайналым жүйесіне келіп құяды: a) артерия арқылы оң жақ құлақшаға; b) вена арқылы оң жақ құлақшаға; c) артерия арқылы сол жақ құлақшаға; d) вена арқылы сол жақ құлақшаға; e) капилляр арқылы оң жақ құлақшаға.
- Бөгде жасушаларды тану және жоюға жауап беретін лейкоциттер: a) T-лимфоциттер; b) B-лимфоциттер; c) базофилдер; d) эозинофилдер; e) нейтрофилдер.
Сен білесің бе?
Қанды зерттеуге үлес қосқан ғалымдар туралы қысқаша мәлімет.
Илья Ильич Мечников (1845–1916)
Орыс биологы, эмбриолог және иммунолог.
Уильям Гарвей (1578–1657)
Ағылшын дәрігері, физиолог, эмбриолог.
Антони ван Левенгук
Голландиялық жаратылыстанушы, ғылыми микроскопияның негізін қалаушылардың бірі.
Марчелло Мальпиги (1628–1694)
Итальян дәрігері, биолог және анатом.
Карл Ландштейнер (1868–1943)
Атақты австриялық иммунолог, қан топтарын зерттеуге зор үлес қосқан.
Құпия сандар
Сандардың мағынасын ашып, есте сақтаңдар.
- Қандағы судың мөлшері
- 90%
- Жүректің орташа салмағы
- 300 г
- Эритроциттердің тіршілік ету ұзақтығы
- 120 күн
- Қандағы NaCl мөлшері
- 0,9%
- 1 мм³ қандағы эритроциттер саны
- 4,5–5 млн
- 1 мм³ қандағы лейкоциттер саны
- 6–9 мың
- Ағзадағы қан мөлшері
- 5 л
Деңгейлік тапсырмалар
III деңгей
- Қанайналым мен қан жүйесін зерттейтін ғылым саласы қалай аталады?
- Қантамырлар неше топқа бөлінеді?
II деңгей
- Жүрекше мен қарынша бұлшықет қабаттарының ерекшеліктері қандай?
- Жүректе қандай қабаттар бар? Әрқайсысын толық сипаттаңдар.
I деңгей (есептер)
- Қалыпты жағдайда жүрек 1 минутта орта есеппен 5 л қанды айдаса, 1 сағатта және 1 тәулікте қанша қан айдайды?
- 1 минут ішінде денедегі қан жүрек арқылы 2 рет өтеді. Сонда тәулігіне қанша рет өтеді?
- Қалыпты жағдайда жүрек 1 минутта орта есеппен 70 рет жиырылып-босаңсыса, 1 тәулікте қанша рет соғады?
Жауаптары
-
1 сағат: 60 × 5 = 300 л.
1 тәулік: 300 × 24 = 7200 л. -
1 сағат: 60 × 2 = 120 рет.
1 тәулік: 120 × 24 = 2880 рет. -
1 сағат: 60 × 70 = 4200 рет.
1 тәулік: 4200 × 24 = 100 800 рет.
Есіңде сақта
Жүрек — жалқаулық пен енжарлықты «ұнатпайтын» мүше. Күнделікті ой еңбегі барысында үзіліс жасап, дене еңбегімен, спортпен немесе үй шаруасымен айналысу адамның жұмысқа қабілетін арттырып, сергек сезінуге көмектеседі.
Дәлелдер бойынша, адамның ойлау белсенділігі мен жалпы саулығы қимыл-қозғалыспен тығыз байланысты. Қозғалыс азайса, қанайналым жүйесінің жұмысы бұзылады. Ал қанайналым ағзаны оттекпен, энергиямен, глюкозамен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етеді.
Қанайналым жүйесі шынығуды қажет етеді. Денсаулықты жоғалтқаннан кейін емес, жоғалтпай тұрып ойлау маңызды.
VI. Үй тапсырмасы
- § 36 оқу.
- Сұрақтарға жауап беру.
- Жүрек құрылысының суретін салу.
VII. Бағалау
Оқушылардың белсенділігі, жауаптарының дәлдігі, тапсырмаларды орындау сапасы және өзіндік жұмыстағы нәтижелері бойынша бағаланады.