Батальон командирі

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласы №6 орта мектебі • Бастауыш сынып мұғалімі: Дарибаева Ақгүл Абилкасимовна

«Батырдың ізін жалғар ұрпағы бар»

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды Ұлы Отан соғысы және қазақстандықтардың ерлік істерімен, Ідіріс Үргенішбаевтің қаһармандығымен таныстыру.
  • Адамгершілікке, Отанды сүюге, оны қорғауға баулу; сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімді қалыптастыру.
  • Үлкендерді сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Музыка, кітап көрмесі, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған бұрыш, нақыл сөздер, газеттер, үнтаспа.

Тарихи жады: 1941 жылдың 22 маусымы

Қазақ халқы талай ауыр тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Солардың бірі — әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс. 1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германия опасыздықпен басып кіріп, ел басына адам айтқысыз қиын-қыстау күн туды.

Үнтаспа мәтіні (фрагмент)

«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 1941 жылы 22 маусымда таң шапағы арайланып келе жатқан кезде елімізге қауіп төнді... Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді».

Өлең жолдары

Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау тиіп,
Қырғын соғыс басталған.

Өлең жолдары

Соғыс жалмап аға-іні, бауырды,
Зар жылатып тыныш жатқан ауылды.
Жалғызынан айырды ананы,
Әкесінен айырды баланы.

Қазақстандықтардың майдандағы үлесі

Бұл соғыста қазақ халқы өзге республикалармен бірге жан аямай шайқасты. Даңқты Қарулы күштер құрамында 1 870 000 қазақстандық болғаны — ел тарихындағы ірі деректердің бірі.

Есімдері ел жадындағы ерлер

Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Нүркен Әбдіров, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, сондай-ақ жерлестеріміз Әлия Молдағұлова, Ідіріс Үргенішбаев, Дархан Жалғасов, Ахмет Ескендіров және тағы басқалар.

Ідіріс Үргенішбаев: 100 жылдыққа тағзым

Аталған батырлар қатарында жерлесіміз Ідіріс Үргенішбаев та бар. Биыл батыр атамыздың туғанына 100 жыл. Бейбіт өмір сыйлаған аға-апалар рухына бас иіп, ұмытылмас ерлікті еске алу — ұрпақ парызы.

Тақырыптың өзегі

Ерлік — өткеннің ғана шежіресі емес. Ол бүгінгі ұрпақтың мінезіне, жауапкершілігіне, Отанына деген адалдығына айналуы тиіс.

Өмірбаян деректері

Ідіріс Үргенішбаев 1912 жылы Талдықұм селосында дүниеге келді. Ақтөбе педагогикалық училищесін бітірген соң туған ауылында бастауыш мектеп меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1942 жылдың қаңтарында Қызыл Армия қатарына шақырылып, артында анасы Қанби мен зайыбы Жәмила қалды. Ідірістен қалған жалғыз ұлы Есенгелді 1942 жылы 28 тамызда Аяққұмда дүниеге келді.

Днепр үшін шайқас: ерліктің шын мәні

1943 жылғы қыркүйек–қазан

Днепр үшін шайқасқа екі жақтан 4 миллионға жуық адам қатысты. Майдан шебі 1400 шақырымға созылды. Оң жағалауы тік жарлы Днепрде кеңес әскерін тоқтату туралы жау жоспары орындалмады.

Қасиетті жеріміз бейбіт жатқан ел бұрын-соңды болмаған апатқа ұшырады. Жауынгерлер қасықтай қаны қалғанша шайқасып, батырлықтың биік үлгісін көрсетті.

Нақты дерек

Днепр үшін шайқаста 2438 жауынгерге «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Солардың қатарында қазақстандықтар, оның ішінде жерлесіміз Ідіріс Үргенішбаев та бар.

Көрініс: траншеядағы шешім

Диалог (қысқартылған нұсқа)

Ідіріс: Жолдас командир! Рұқсат етсеңіз, жағалаудағы қайықпен Днепрдің оң жағалауына бірнеше жауынгерді ертіп өтуді сұраймын.

Командир: Оқ қарша борап тұр. Қайық түгіл, топырақтың өзі шұрқ-тесік. Жастықтарыңды алып қала алмай жүрмеңдер.

Ідіріс: Бөлімше жауынгерлері Днепрге дейін-ақ жастықтарын «алған». Омыраудағы Қызыл Жұлдыз ордені — соның айғағы.

Командир: Ерлік білекте емес, жүректе. Қас қарайғанда барлау жасап, содан соң іске кірісіңдер. Ұсынысыңды батальон командиріне жеткіземін.

Батальон командирі: Біз сізге аса жоғары сенім білдіріп, осы қауіпті тапсырманы тапсырамыз. Немістер артыңызда пулеметшілер полкі тұрғанын білмеуі тиіс. Сіз рота командирінің саяси басшысы екеніңізді ұмытпаңыз. Бұйрықты қайтала!

Ідіріс: Толық түсіндім! Кеңес Одағы үшін қызмет етемін!

Соңғы хаттың лебі

1943 жылдың жазы

Бұл — Ідірістің зайыбы Жәмилаға жазған соңғы хаты. Ол хатта: «Отан үшін қалтықсыз еңбек етудемін. Есенгелдіні жақсылап өсіріп, оқыт. Фашистік Германияның жеңілуі атар таңнан да анық. Енді көп ұзамай Днепр өзені үшін шайқас басталады…» деген үміт пен сенім бар еді.

1943 жылғы 1 қазан: Днепр үстіндегі айқас

Түн қараңғысында артиллерия мен миномет оғынан жер тітіреп, су толқынға айналды. Сержант І. Үргенішбаев бастаған пулеметшілер қамыс арасымен жылжып келіп, қайыққа отырды. Оқ бораған сәтте ол пулеметін қайықтың басына орналастырып, шайқасты.

Ерлік нәтижесі

  • Оң жағалауға шыққан бөлімшелермен бірге дұшпанның 22 шабуылына төтеп берді.
  • Ұрыста дұшпанның 90 солдаты мен офицерін жойды.
  • Осы шайқаста асқан ерлікпен қаза тапты.

Марапат және мойындау

Сержант Ідіріс Үргенішбаев өзін таймас батыр, ержүрек кіші командир әрі жауынгерлерді жеңіске рухтандыра білген саяси басшы ретінде танытты. Днепрдегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін оған 1944 жылғы 11 қаңтарда «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

Ұсыну қағазынан үзінді

«...1943 жылғы 1 қазаннан 5 қазанға дейінгі шабуыл ұрыстарында, әсіресе Чернигов облысы, Любеч ауданы маңында Днепрден өту кезінде Үргенішбаев жолдас өзін батыл да қаһарман жауынгер етіп көрсетті...»

Мәңгілік мекені және үнсіздік сәті

Батырдың денесі Гомель облысындағы Днепр жағалауында, Глушец селосы маңындағы бауырластар зиратына жерленді.

1 минут үнсіздік

Ерлікке тағзым — тыныштықтан басталады.

1945 жылғы 9 мамыр: Ұлы Жеңіс

Үнтаспа мәтіні (фрагмент)

«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Совет армиясы Берлинге дейін даңқты жолдан өтті. 1945 жыл 9 мамырда Ұлы Жеңіс орнады. Рейхстагқа Жеңіс туы тігілді!»

Өлең жолдары

Естідім-ау Жеңіс күнін —
Дүрілдейді көк пен жер.
Қуанышпен күлкі төгіп,
Жадырайды қуанған ел.

Батыр есімі бүгін

Бұл күндері батыр есімі ардақталып, тарихпен бірге мәңгі жасап келеді. Қаламызда Ідіріс Үргенішбаев есімімен аталатын көше бар. Қалалық емхана алдында оған арналған ескерткіш орнатылған. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры І. Үргенішбаев есімі берілген мектеп те бар.

Зиядин Әбдуалиевтің «Өшпеген жалын» дастанынан

Ідіріс салған ізбенен
Жеңіске жолдар өрілді.
Ерлігі үшін ұстауға
Батыр атағы берілді.

Атағыңды қастерлеп,
Басымызды иеміз.
Өзіңнің атын берілген
Мектебіңді сүйеміз.

Мектеп те оның атында —
Мирасын күтіп ұстайық!
Халқымның мәңгі жадында —
Ідіріс Үргенішбаев!

Қорытынды үн

Жеңіс туы, Жеңіс туы — желбіресін мәңгілік!
Жеңіс жыры, Жеңіс жыры — асқақтасын жаңғырып!

Хор: «Біз Отанның ұланымыз».