Сіздер мектеп қабырғасынан ұшып үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар
12 жылдық білім беру жағдайында оқушыларға бейіналды даярлық жұмыстарын ұйымдастыру
Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет — сапалы білім бере отырып, оқушыларды кәсіптік шеберлікке баулу. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және оның кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алуға қажетті жағдайлар жасау екені атап өтіледі.
Осыған сәйкес біз оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, таңдаған бағытқа сай пәндерді тереңдетілген деңгейде оқытуды қамтамасыз етуіміз қажет. Бейімдеп оқыту — білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі 11 жылдық мектептің жоғары сыныптарында жаңа стандартпен жұмыс жүргізілуде, ал бейімдеп оқыту пән мұғалімдерінің алдына нақты міндеттер қояды.
Бейіндік бағыттар және мектеп ұжымының жұмысы
Жоғары сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта оқыту базалық білімге сүйенеді. Бұл бағыттар оқушылардың болашақ мамандығы мен нақты іс-әрекетін нысанаға ала отырып, күтілетін нәтижеге бағытталады.
Педагогикалық ұжым осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін мектепішілік семинарлар мен әдістемелік кеңес отырыстарын жүйелі түрде өткізіп келеді. Соның бірі — №269 орта мектепте алғаш рет кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесе ұйымдастырылған мектепішілік семинар.
Семинардың мақсаты
Семинардың басты мақсаты — 12 жылдық білім мазмұнының негізгі өзегі ретінде қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Бұл — өз әлеуетін жеке басының және қоғамның игілігі үшін толық іске асыруға дайын ұрпақ тәрбиелеу деген сөз.
Қонақтар және тәжірибе алмасу
Семинарға Байқоңыр қаласындағы Космос колледжінен және Қазалы ауданындағы Көлік-техникалық колледжінен оқытушылар мен студенттер келіп, іс-тәжірибелерімен бөлісті және өздерімен бірге әкелген көрмелерін таныстырды.
Сонымен қатар Төретам мешітінің қызметкері мамандық пен білімнің маңызы туралы тағылымды ой айтып, оқушыларды ізгілікке, имандылыққа үндеді.
Ашылу және бағдарлама
Семинарды мектеп басшысы Аманова Фарида ашып, келген қонақтарға сәттілік тіледі. Оқушыларға болашақта таңдағалы отырған мамандықтары туралы сауалдар қойып, ақыл-кеңес берді және семинар бағдарламасымен таныстырды.
Кездесу барысында кәсіби бағдар берудің маңыздылығы, пәндерді тереңдетіп оқыту қажеттілігі және оқушының жеке қабілетін анықтаудың жолдары кеңінен талқыланды.
Пікірталас: құзыреттілікке негізделген оқыту
Семинар барысында математика пәнінің мұғалімі Төлейова Халида «12 жылдық оқытудың мазмұны: білім алушылардың құзыреттілік жүйесін қалыптастыру» тақырыбында пікірталас ұйымдастырып, баяндама жасады.
Талқыланған сұрақтар
- Қазіргі мұғалім қандай болуы керек?
- Оқушылардың өз бетінше жұмысын тиімді ұйымдастырудың мақсаты мен міндеті
- Бейінді (бағдарлы) оқыту деген не, оның ерекшелігі қандай?
- Бағдарлы оқыту сатысындағы мұғалімнің кәсіби рөлі
Пікірталасқа мектеп мұғалімдерімен қатар Космос колледжінің және Қазалыдағы Көлік-техникалық колледжінің оқытушылары, сондай-ақ көрші №99 орта мектеп мұғалімі қатысты. Талқылау мазмұнды өтіп, құрылымы жүйелі жасалғаны атап өтілді.
Кездесу кеші: «Мамандықтың бәрі жақсы, таңдай білсең болғаны»
6-сыныптар арасында өткізілген кездесуді Досаева Шакизат пен Медетова Гүлзира ұйымдастырды. Кештің мақсаты — оқушыларға болашақ мамандық пен оқу бағдарын таңдауға көмектесу және шақырылған мамандардан көкейдегі сұрақтарына жауап алу.
Кешке Космос колледжінің оқытушылары, мешіт қызметкері, Қазалы қаласының Көлік-техникалық колледжінің оқытушысы мен студенттері, Төретам кенті кітапханасының бас маманы, сондай-ақ мектеп медбикелері қатысты. Қонақтар кез келген мамандықтың өзіндік қиындығы болатынын, ал ең маңыздысы — терең білім мен жүректің тазалығы екенін ерекше атап өтті.
Қонақтарға естелік сыйлықтар табысталып, ризашылық білдірілді.
Ата-аналармен жұмыс
Тарих пәнінің мұғалімі Байкубекова Гүлназ 7-сынып ата-аналарымен «Бала — әр ата-ананың болашағы, өмірінің жалғасы» тақырыбында жұмыс жүргізді.
Мақсаты — ата-аналарды пікір айтуға ынталандыру, ортақ шешімге келу, алдағы уақытта балаға қолдау көрсету міндеттерін нақтылау және баланың таңдаған мамандығына құрметпен қарауды қалыптастыру.
Жұмыс барысында сауалнама жүргізіліп, «Сіз қандай ата-анасыз?» тақырыбындағы тест тапсырмалары алынды, тренингтер өткізілді. Ситуациялық сұрақтар арқылы ата-аналардың пікірлері тыңдалды.
Қорытындыда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте оның білімділік, тәрбиелік деңгейімен анықталады» деген сөзі негізге алынып, ата-аналарды бірлесе әрекет етуге шақырды.
Кәсіптік бағыттағы ашық сабақтар мен үйірме жұмыстары
«Байланыс технигі» мамандығы (9 «Ә» сынып)
Байқоңыр Космос колледжінің I санатты оқытушысы Жұмалиев Сейтмухаммед Сейтқалиұлы оқушыларға «Байланыс технигі» мамандығына қатысты негізгі ұғымдарды түсіндіріп, мамандық салаларының ерекшеліктері туралы түсінік қалыптастырды.
Сабақта жұмбақ ойындар ойнатылып, семантикалық картамен жұмыс жасалды. Ашық сабақ жоғары бағаланды.
«Құрылыс технигі» тақырыбындағы үйірме жұмысы (9 «Б» сынып)
Космос колледжінің оқытушысы Назарова Шынаргүл Ералиқызы «Құрылыс технигі» мамандығы бойынша үйірме жұмысын өткізді. Үйірме барысында студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, ой бөлісу және практикалық тапсырма орындау арқылы жұмыс жүргізді.
Оқушыларға құрылыстың тұрғызылу кезеңдері, қабырға материалдарының түрлері түсіндіріліп, тәжірибелік жұмыс көрсетілді. Оқушылар тапсырманы қызығушылықпен орындады, үйірме жұмысы өте жақсы деп бағаланды.
Қорытынды сөздер және шақыру
Семинар соңында Космос колледжінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәуленбаева Шолпан Әнуарқызы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың білім жүйесін әлемдік деңгейге көтеру туралы ұстанымын атап өтіп, жас ұрпақты білікті маман етіп даярлау — ортақ міндет екенін айтты. Сонымен қатар 9 және 11-сынып түлектерін Космос колледжіне оқуға түсуге шақырды.
Қазалы техникалық колледжінің оқытушысы Ахай Маржанкүл Керімбердіқызы оқушыларға мамандық таңдаудың жауапты әрі күрделі қадам екенін, дұрыс таңдау жарқын болашақтың кепілі болатынын жеткізді. Сондай-ақ семинарды ұйымдастырған мектеп басшылығына, бейіндік ісі жөніндегі орынбасарға және белсенді мұғалімдерге ризашылығын білдірді.
Нәтиже және негізгі тұжырым
Семинар нәтижесінде педагогтер сапалы білім бере отырып, оқушыларды болашақта қажет мамандыққа бағыттаудың тиімді жолдарын және жаңа әдіс-тәсілдерін меңгере түсті. Бүгінгі заман — бәсекелестік пен жоғары технологиялар, ғылым мен білім заманы.
Сол себепті жеке тұлғаны дамытуға бағытталған бейімдеп оқыту оқушыларға ғылым негіздерін меңгертумен қатар, әр оқушының бейімділігін анықтауға және тұлғалық ерекшелігіне сай білім алуына көмектеседі. Баланың табиғи қабілетін зерттеп, оны болашақ мамандығына баулу — әрбір ұстаздың жауапты міндеті.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті, №269 орта мектеп
№269 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Тілеуова Гүлжан