Бізді қоршаған әлем

Сауат ашу (1-сынып)

Бөлім

4-бөлім: Бізді қоршаған әлем

Тақырып

Мен және табиғат. «Е» дыбысы мен әрпі

Фокус

Тыңдау, айту, дұрыс дыбыстау

Оқу мақсаттары

1.7 Тыңдалған материал бойынша пікір білдіру

Оқушы тыңдаған материалдың мазмұнына сүйеніп, өз ойын анық және түсінікті жеткізеді.

1.9 Орфоэпиялық нормаға сай айту

Сөздер мен дыбыстарды дұрыс дыбыстап, сөйлеу мәдениетін сақтайды.

Сабақ мақсаттары

Барлығы

Жаңа білімді меңгереді.

Көбі

Тақырыпты түсініп, тыңдап, жетекші сұрақтар арқылы талқылайды.

Кейбірі

Алған білімін күнделікті өмірде қолдана алады.

Жетістік критерийлері

  • Айтылған сөздер мен сөйлемдердің көпшілігін дұрыс қайталай алады.

  • Нақты сөйлеу арқылы тапсырманы түсінгенін көрсете алады.

Құндылықтар мен байланыстар

Құндылықтарды дарыту

Оқушыларды бір-біріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Пәнаралық байланыс

Өнер, ана тілі.

АКТ дағдылары

Аудиожазба, таныстырылым, видеоролик.

Тілдік құзыреттілік

«Мен және табиғат» тақырыбы аясында «Е» дыбысы мен әрпін тану, дұрыс дыбыстау және сөз құрамын талдау.

Сабақтың барысы

Сабақтың басы

2 минут

Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру: балалар бір-бірінің қолынан ұстап, алақан арқылы жүректің жылуын сезінеді.

Қуанамын мен де, Қуанасың сен де, Қуанайық, достарым, Арайлап атқан күнге!

Бір-біріміздің қолымыздан ұстап, жылылықты сезіне білу — өте жақсы әдет әрі үлкен қуаныш.

Жаңа бөлімге кіріспе

2 минут

Бүгін біз жаңа тарауды бастаймыз: «Бізді қоршаған әлем». Бұл тарауда айналамыздағы әлем туралы танып-білеміз.

Бүгінгі тақырыбымыз: «Мен және табиғат. “Е” дыбысы мен әрпі».

Сабақ мақсаты: тыңдалған материал бойынша өз пікірімізді айту және сөздер мен дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сай дұрыс айту.

Сабақтың ортасы

5 минут

Жұмбақ

Қалқиған қос құлақты, Теңбіл түрі көрікті. Мекен жері бұлақты, Білемісің?…

Жауабы: Елік.

«Елік» сөзі қай дыбыстан басталады? Дұрыс: «Е». Бүгін біз «Е» дыбысы және әрпімен танысамыз.

«Е» — дауысты дыбыс. Ол созылып, әндетіп айтылады. Сондықтан оны қызыл түспен белгілейміз.

Көрнекілік

Видеоролик көрсету және дыбыстың айтылуын тыңдату арқылы «Е» дыбысының ерекшелігін бекіту.

Тапсырма

«Елік» сөзіне дыбыстық талдау жасау (оқушы: Асылхан).