Әнұранның орындау тәртібі

Сабақ тақырыбы: Мемлекеттік рәміздер

Білімділік мақсаты

Мемлекеттік рәміздерді танып-білуге үйрету және тақырып бойынша білімді тереңдету.

Дамытушылық мақсаты

Оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын дамыту; ізденімпаздыққа және шығармашылыққа баулу.

Тәрбиелік мақсаты

Отанды, туған жерді қадірлеуге тәрбиелеу және елге деген сүйіспеншілікті арттыру.

Әдістер

  • Топтық және жұптық жұмыс
  • Диалог арқылы оқу
  • Жеке жұмыс
  • Рефлексия

Құрал-жабдықтар

  • Интерактивті тақта
  • Флипчарт
  • Карточкалар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық: оқушылар шеңбер құрып, бір-біріне жылы лебіз білдіреді. Әуен қосылады.

II. Үй жұмысын тексеру

  • Өткен сабақтың тақырыбы қандай еді?

    Тақтамен жұмыс арқылы талқылау.

  • Қандай жаңа ұғымдармен таныстыңдар?

    Кластер құру арқылы өткен сабақты қайталау.

  • «Егер мен Президент болсам…»

    Оқушылар эссесін оқиды.

III. Жаңа сабақ

Әр мемлекеттің өзіне тән белгілері болады. Олар қандай? Бұл белгілерді қалай атаймыз?

Бүгінгі сабақтың тақырыбы — мемлекеттік рәміздер. Рәміздердің мәні мен қолданылу аясы туралы әңгімелесеміз.

«INSERT» стратегиясы

Кестені толтыру арқылы ойды жинақтау

Білемін

Оқушылар тақырып туралы бұрыннан білетін ақпаратты жазады.

Білгім келеді

Қызықтырған сұрақтар мен күтілетін жауаптарды белгілейді.

Үйрендім

Сабақ соңында меңгерген білімін қорытындылайды.

Топқа бөлу: мақал-мәтелдерді топтастыру

Оқушылар таңдап алған мақал-мәтелдерді топтастыру арқылы үш тақырып бойынша 3 топқа бөлінеді: Отан, Еңбек, Білім.

I топ — Отан

  • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  • Отан оттан да ыстық.
  • Туған жердей — жер болмас, туған елдей — ел болмас.
  • Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
  • Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын.

II топ — Еңбек

  • Еңбек ерлікке жеткізер.
  • Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
  • Еңбек түбі — береке.
  • Ердің атын еңбек шығарады.

III топ — Білім

  • Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
  • Күш — білімде.
  • Оқусыз білім жоқ.
  • Білімсіз күнің жоқ.
  • Оқы да — біл, ойна да — күл.
  • Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.

Тапсырма (барлық топқа ортақ):

Мәтінді оқу, мазмұнын ашу, талдау, түсіну және дәлелдеу. Кластер құрастыру.

1-топ: Мемлекеттік Ту

Мемлекеттік Ту Президент сарайында, Президент Әкімшілігінде, Парламентте, министрліктерде, әкімдіктерде және Қазақстандағы шетел елшіліктерінің ғимараттарында тұрақты орнатылады.

Мемлекеттік Тудың алдында жауынгерлер Отанға қызмет етуге және оны қорғауға ант береді. Ұлттық мерекелер мен өзге де іс-шаралар кезінде Ту көтеріледі.

2-топ: Мемлекеттік Елтаңба

Мемлекеттік Елтаңба мөрлерде, ресми бланкілерде, металл ақшаларда, мемлекеттік мекемелердің әкімшілік және сот ғимараттарында, прокуратурада, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде бейнеленеді.

Елтаңба бейнесі Республика Президентінің кабинетінде және Парламент мәжілісі өтетін залда орнатылады. Мемлекеттік шекарада Елтаңбасы бар шекаралық бағаналар қойылады. Жеке куәлік, туу туралы куәлік сияқты құжаттарда да Елтаңба болады.

3-топ: Мемлекеттік Әнұран

Қазақ радиосының хабарлары таңсәріден Мемлекеттік Әнұран орындаудан басталады. Әнұран салтанатты жиындарда және ескерткіш ашу рәсімдерінде орындалады.

Шетелдік қонақтарды қарсы алу және шығарып салу кезінде де Әнұран орындалады. Әнұран айтылғанда тік тұрып, оң қолды жүрек тұсына қойып, бірге айту қажет. Бұл — Отанға сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі. Әрбір азамат Әнұран мәтінін білуі тиіс.

IV. Бекіту

«Білім аукционы» ойыны

Сұрақтардың құны: 50 → 10 балл

Ту

  1. 50 балл: Ту қай жерлерде ілінеді?
  2. 40 балл: Мемлекеттік Тудың авторлары кімдер?
  3. 30 балл: Ту қай кезде көтеріледі?
  4. 20 балл: Мемлекеттік Тудың символикасын түсіндір.
  5. 10 балл: Қыран құс нені білдіреді?

Елтаңба

  1. 50 балл: Мемлекеттік Елтаңба қай жерлерде ілінеді?
  2. 40 балл: Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары кім?
  3. 30 балл: Мемлекеттік Елтаңба қай құжаттарда бейнеленеді?
  4. 20 балл: Елтаңбадағы шаңырақ нені білдіреді?
  5. 10 балл: Қанатты пырақ нені көрсетеді?

Әнұран

  1. 50 балл: Мемлекеттік Әнұран қай кезде орындалады?
  2. 40 балл: Мемлекеттік Әнұранның авторлары кімдер?
  3. 30 балл: Мемлекеттік Әнұранды орындау тәртібі қандай?
  4. 20 балл: Мемлекеттік Әнұранның екінші шумағын орындау.
  5. 10 балл: Мемлекеттік Әнұранды кімдер білуі керек?

V. Сергіту сәті

  • «Менің Отаным — Қазақстан!» (шапалақтау)
  • «Менің Республикам — Қазақстан!» (шапалақтау)

VI. Қима қағазбен жұмыс

I нұсқа

  1. Мемлекеттік Туды сипатта.
  2. Отан туралы бір мақал-мәтел жаз.
  3. Рәміздер туралы 4 жол өлең құрастыр.

II нұсқа

  1. Мемлекеттік Әнұранның авторы кім?
  2. Сөйлемді толықтыр: «Елдің әр азаматы ___________.»
  3. «Туған жер» тақырыбында ребус құрастыр.

VII. Сабақты қорытындылау

Үй жұмысы

  • Мәтінді оқу
  • Кроссворд құрастыру
  • «INSERT» стратегиясын жалғастырып, кестенің «Үйрендім» бөлімін толтыру

Бағалау

Бағалау парағы бойынша оқушылар өз білім деңгейін өзін-өзі бағалау арқылы анықтайды.

Рефлексия

Сабақ ұнаса — күннің сәулесін іледі және сәуле артқы бетіне не ұнағанын жазады. Ұнамаса — бұлттарды іледі және бұлттың артқы бетіне не ұнамағанын жазады.