Ассалаумағалейкум құрметті тіл жанашырлары, бүгінгі Қасиетті ана тілім атты тіл мерекесіне қош келдіңіздер
Іс-шараның мазмұны
«Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы Тіл мерекесі онкүндігінің қорытынды кеші Қазақстан халқының тілдері күніне арналған. Бұл кеш — ана тілімізге деген құрметімізді білдіретін, тіл мәртебесін көтеруге бағытталған тәрбиелік мәні зор шара.
Мақсаты
- Оқушылардың ана тіліне деген құрметін арттыру.
- Тіл мәртебесін көтеріп, таза сөйлеуге үйрету.
- Өз ұлтына, еліне сүйіспеншілікті ояту.
- Бабалар өсиетін ұран етіп, қазақ тілінің беделін асқақтату.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап.
- «Мың бір мақал», «Жүз бір жұмбақ» ойындары.
- Ой-толғау, «Полиглот», жатқа оқу және т.б.
Көрнекіліктер
- Қабырға газеттері, қанатты сөздер.
- Ұлы тұлғалардың портреттері.
- Кітаптар, рефераттар, ақпараттық материалдар.
Жауапты мұғалім
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: А. Полатова.
Кештің басталуы: Мемлекеттік Әнұран.
Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін біз Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мерекелік кешке жиналып отырмыз. 15 қыркүйектен бастап жоспар бойынша тіл мерекесіне қатысты түрлі іс-шаралар өткізілді.
Біздің басты мақсатымыз — оқушылардың ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге баулу, сондай-ақ өз ұлты мен еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғыры берік болуы үшін бабалар аманатын ұран етіп, қазақ тілінің қадір-қасиетін биіктете берейік.
Бүгінгі «Қасиетті ана тілім» тақырыбындағы қорытынды кеш — 22 қыркүйекте атап өтілетін мерекеге қосылған шағын үлес. Алайда бұл — ана тілімізге деген сүйіспеншілігімізді білдіретін маңызды қадам.
Бағдаршам-ой
Бұл кеште «тілім» деп жүрегі соққан жалынды жастардың өнері мен білімін тамашалаймыз.
Поэзия: «Тілім — тірегім»
Қ. Шабасовтың «Тілім — тірегім» атты өлеңі оқылады.
Тілім менің — тірегім, дінім менің, Тілсіз қандай болады күнім менің?! Өз халқыма жетеді өз мәнінде Өз тілімде оқылса жырым менің.
Тілім менің — қуатым, күшім менің, Күшім кетсе, не болар ісім менің?! Тілсіз өмір бар десе, түсінбедім, Тілімменен тірлікті мүсіндедім.
Тілім менің — асылым, арым менің, Арым кетсе, не пайда барым менің. Бас кескендер тілімді кесе алмаған, Тілден бұрын кетеді жалын демім.
Тілім менің — қазынам, қасиетім, Қасиетім бар әлем бас иетін. Тілі жоқтың түрі жоқ, түбірі жоқ, Бола көрме, ана тіл, қасіретім.
Тілі өлсе, болмайды тірі халық, Бірі өліп, тұра алмас бірі қалып. Басқа емес, өз ана тілінде тек Тіршілігін білдірер ұлы халық.
Тілім менің — ғасырлардан аманат, Аманатқа адал болсын қанағат. Ар-намысқа келтірмейік жаманат. Қазақ болып туылдың ба, ендеше Өз тіліңді өзгелерге бағалат.
Ана тіліне тағзым етіледі.
Тәрбие әңгіме: «Тілден қымбат қазына жоқ»
Өте ертеде бір қадірлі, шешен қария дүниеден өтер алдында ұлын шақырып: «Балам, мен көп ұзамай дүние салам. Әкем қазына қалдырмады деп қамықпа. Ел ішінде қалдырып бара жатқан асыл мұрам бар. Соны іздеп тап, қадірле, қастерле», — дейді.
Ұлы әке аманатын орындауға уәде береді. Бірақ көп іздесе де, ештеңе таппайды. Содан Абзал атаға келіп, жағдайын айтады. Абзал ата баланың шаршағанын байқап: «Әй, балам-ай, әкеңнің сөзіне шүбә келтірме! Оның саған қалдырған мұрасы — тіл! Әкең шешен еді ғой. Бәріміз де сөйлеуді сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ. Әкеңнің саған қалдырған қазынасы — сол!» — дейді.
Осы қымбат қазына ғасырлардан ғасырларға жетіп, толығып келеді. Тіл — уақыт өзенінің өткелі: ол бізді өткен бабаларымыздың мекеніне жетелейді.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Ассалаумағалейкум, құрметті тіл жанашырлары! Бүгінгі «Қасиетті ана тілім» атты тіл мерекесіне қош келдіңіздер!
2-жүргізуші
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Білеміз шаттық хабар қайдан ұшты, Бәрі енді өзімізге байланысты. Қаумалап, тік көтеріп әкетейік, Қанатын жаңа ғана жайған істі!
Бүгінгі ойын-сауық кешінде туған тілін сүйіп оқитын қазіргі заман жастарының өнерін тамашалаймыз. Кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Сайыс форматы
Қатысушылар
9 «а», «ә», «б» сыныптарынан 3 топ қатысады. Топтар өзара сайысқа түседі.
Әділқазылар алқасы
- 1 Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары — Н. Әуезов
- 2 Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Қ. Алтаева
- 3 Шет тілі пән бірлестігінің жетекшісі — Р. Мейірбекова
- 4 Орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің жетекшісі — С. Тәшімбаева
I бөлім: «Алтын тамыр»
Бұл бөлім арқылы бабалар мұрасынан қол үзбегенімізді білдіреміз. Әр топ өзін таныстырады. Таныстыру құрамына ұран, төсбелгі, қабырға газеті кіреді.
I топ
«Қазақ тілі — өрісі мол қазына»
Ұраны: «Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте».
II топ
«Тіл — рухани күре тамыр»
Ұраны: «Егер тілім ертең болса құрымақ, біз дайынбыз өлуге де бүгін-ақ».
III топ
«Туған тіл — басты байлығым»
Ұраны: «Ана тілім өркенде, бола бер күшті, көркем де».
Әділқазылар алқасынан топтардың ұпайлары сұралады.
Тіл, тарих және шешендік мұра
Тарихқа зер салсақ, өзге түркі халықтары сияқты қазақтың да жазу тарихы тереңнен бастау алатынын көреміз. Жазудың арғы тегі суреттен басталып, уақыт өте сан алуан түрге айналды.
Тәңірі ортақ жаратқан, Аузына халқын қаратқан. Қара қылды қақ жарған, Алдынан топты таратқан, Мөңке, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Алшын, би Кебек.
Белгілі шешендер мен шешен билердің сөздері түгел жазылып сақталмағандықтан, бізге көбіне олардың мазмұн желісі ғана жетті. Ауыздан ауызға көшіп, сырланып, халық қазынасына айналған бұл мұра — даналық пен тіл байлығының айқын дәлелі.
Қазақ халқы ғасырлар бойы көшіп-қонып өмір сүрсе де, Ғабит Мүсірепов айтқандай, «батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай» — жинаған сөз байлығын, күйі мен жырын бізге жеткізді.
Музыкалық үзіліс
Сартаева Гүлнәз апайдың орындауында «Ақынға өсиет» термесі ұсынылады.
II бөлім: «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
Бұл сайыстың шарты: экранда көрсетілген даналық сөздер мен шешендік нақылдардың түсіп қалған жерін толықтыру және авторын табу.
1
«Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлейін десең өзің біл». (А. Құнанбаев)
2
«Бар жақсылықтың басы — тіл». (Махмұд Қашқари)
3
«Ақыл көркі — тіл, тілдің көркі — сөз». (Жүсіп Баласағұни)
4
«Сүйемін туған тілді — анам тілін, бесікте жатқанымда-ақ берген білім». (С. Торайғыров)
5
«Туған тіл — ақыл-ой дамуының негізі және барлық білімдердің қазынасы». (К. Д. Ушинский)
6
«Тіл қаруы — сөз, сөз қаруы — ой. Ақылды ой, алғыр сөз — адамның ең жоғары қасиеті. Мұралардың ең қымбаты — сөз… Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады. Асыл адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды». (Ғ. Мұстафин)
7
«Тіл — адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі». (А. Байтұрсынов)
8
«Тіл мен мәдениет — тамыры қатаймаған егіз қос ағаш». (Хакім Алтай)
9
«Айтылады тілменен сөз, сыр-ішің, жақсы сөзді білсең — бедел, ырысың». (Ж. Баласағұни)
10
Көш бастау қиын емес — қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес — шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын — шешімін таппас дау бар. (Бұқар жырау)
11
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады. (Асан қайғы)
12
Бір сөз айтсаң жақсыға, аталы сөзге тоқтайды. Бір сөз айтсаң жаманға, өмірінде ұқпайды. Надандықтың белгісі — өзін-өзі мақтайды. Көкірегі соқырға, өмірде таң атпайды. Шешеннің сөзі — шын асыл, қап түбінде жатпайды. (Жанқұтты шешен)
Ескерту
Мәтіннің толық нұсқасы бөлек файл/сілтеме арқылы жүктеуге ұсынылады.