Қазақпын деп айта алам
Тақырып және идея
«Егемен елім ержетті» — Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған поэзиялық қойылым. Іс-шарада ақын-жазушыларымыздың жыр-шашулары арқылы тәуелсіздік туралы толғаныстар ұсынылады.
Білімділік мақсаты
- ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашық мәдени шара өткізу.
- Тәуелсіздік тұғырына жетелеген тарихи оқиғаларға шолу жасау.
- 20 жылдағы жетістіктерді, қабылданған заңдарды және Президент Жолдауының басымдықтарын кеңінен насихаттау.
Тәрбиелік-дамытушылық мақсаты
- Елдің тарихын, салтын, санасын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу.
- Оқушыларды елжандылыққа, ұлтын сүюге, қастерлеуге баулу.
- Адамгершілікке, мейірімділікке, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу.
- Патриоттық сезімді дамыту; жеріміз бен бейбітшіліктің құндылығын ұғындыру.
- Көпұлтты еліміздің бірлігі — болашақ ұрпақтың қолында екенін түсіндіру.
Іс-шараның форматы
- Түрі
- Салтанатты жиын, мерекелік құттықтау.
- Қатысушылар
- Мектеп ұстаздары, қонақтар, 10–11 сынып оқушылары.
- Ұйымдастырушы
- Айжан Қалелқызы.
- Жүргізушілер
- Талғат пен Ұлжан (оқу озаттары).
Көрнекілік және материалдар
Іс-шара мазмұнын ашу үшін Қазақстанның 1991–2010 жылдар аралығындағы тарихынан үзінділері бар слайдтар, үнқағаздар, буклеттер, карта, фотосуреттер, үнтаспа, туған жер табиғатының панорамалық көріністері және «20 жетістік — 20 жыл» баннері пайдаланылады.
Құттықтау және үндеу
Құрметті ұстаздар! «Тәуелсіздік шежіресі» айдары аясында, жиырмасыншы күні «Отан» тақырыбында Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналған поэзиялық қойылым ұсынамыз. Бүгінгі мәдени шараның мәні — сіздерді мерекемен құттықтай отырып, еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктерін болашақ ұрпақ ретінде жадымызда мәңгі сақтауға үндеу.
Ақын-жазушыларымыздың тәуелсіздік туралы толғаныстары сіздерге шығармашылық шабыт берсін. Барша бастамаларыңыз жемісті болсын! Бостандық пен еркіндіктің бастауы болған осы салтанатты күні сіздерге игілік, бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілейміз. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!
Жүргізілу барысы
Кіріспе
«Сарыарқа» күйі орындалады.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Сіздерді Республикамыздың Тәуелсіздік күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
2-жүргізуші: Мемлекеттілік мерекесі бізге той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек…
1-жүргізуші: Иә, Елбасымыз осылай деді. Тәуелсіздіктің 20 жылын зердеге салу — тарих үшін қысқа, ал елдігіміз үшін тағылымы мол шежіре екенін айтты. Біз тәуелсіздіктің 20 жылдық табалдырығын аттағалы тұрмыз.
2-жүргізуші: Президенттің 28 қаңтардағы Жолдауында «20 жылдағы 20 жетістік» білім беру ұйымдарында жыл бойы кеңінен насихатталатыны айтылды. Себебі Қазақстанның қиын жолмен келген жетістігін, тарихын, саясатын, экономикасын білу — әр ұрпақтың міндеті.
1-жүргізуші: 26 қараша күні «Тәуелсіздік шежіресі» айдарымен «жұлдызды жиырма күн» жарияланған еді. Осыған орай мектебімізде түрлі іс-шаралар өткізілді. Бүгін, жиырмасыншы күні, тәуелсіздік туралы поэзиялық толғаныстарды назарларыңызға ұсынамыз.
Тарихи белес: 1991 жыл
1991 жылы халқымыз тәуелсіздік алды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң Жоғары Кеңес сессиясында көпшілік дауыспен бекітіліп, ел тарихына алтын әріптермен жазылды. Салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталады.
Поэзиялық сәт
Сүйінші! Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!
Ендіктерді аралап еркін дүбір,
Алаулатты керемет көркіңді нұр.
Алақайлап аспанға атып тұрып,
Берекелі бастағы бөркіңді бір…
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ жері азат, қазақ ері азат, қазақ елі азат.
Бұдан нұрлы шақ бар ма? Бұдан асар бақ бар ма?
Тәуелсіздік туындай биік еңсең,
Кетті бүгін келмеске тәуелділік…
Абзалдың «Сүйінші» өлеңінен кейін Республикалық «Айгөлек» конкурсының жүлдегері, 7-сынып оқушысы Жұлдыз Абылғазина салтанатты жиынды «Шаттық» биімен ашады.
Жүргізушілердің жалғасы
2-жүргізуші: Осыдан жиырма жыл бұрын біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. 1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет пайда болды.
1-жүргізуші: Ол — біздің мемлекетіміз.
Кім қызықтап, мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан, қазақ баласы!
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырармыз, өрлейміз —
Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!
Хормен: Қазақстан! Қазақстан! Қазақстан!
Оқушылардың ой-толғауы
1-оқушы: Ернұр
Біз қазақстандықтармыз және мұны үлкен мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу — бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан-ұрпаққа табыстаймыз!
Көнеден атам — Көк Түрік,
Сайраған тарих — жолдарым.
Аңыз ғып айтар төктіріп,
Куәм — жер, аспан, жондарым!
2-оқушы: Нұрым
Сарнатып Қорқыт қобызын,
Желмаясымен жортқан жер.
Абыздың тыңдап аңызын,
Алып жон балық жортқан жер.
3-оқушы: Манат
Арманда боздақ аһ ұрып,
Айқаста қаны бөккен жер.
Хан Кене ашу шақырып,
Махамбет шерін төккен жер.
4-оқушы: Сұлтан
Құрманғазы сарындап,
Ыбырай мектеп ашқан жер.
Амангелді арындап,
Сұқ көздер бұғып сасқан жер.
Елдік туралы сұрақ және жауап
2-жүргізуші: Оның халқы ежелден еркіндік аңсаған. Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан дархан даланың төсін қанымен де, терімен де суарған. Ол қандай халық? Қандай ел?
Хормен: Қазақ елі! Қазақ халқы!
5-оқушы: Айгерім
Жат жұрттар десе, қай елсіз!
Қазақпын деп айта алам!
Тәуелсіздікке қол жеткен,
Азатпын деп айта алам.