Тау жыныстарының жасын анықтау
Сабақ тақырыбы: Геологиялық жыл санау және геохронологиялық кесте (8-сынып)
Бұл сабақ Жердің даму кезеңдерін түсіндіруге, тау жыныстарының жасын анықтау тәсілдерін меңгертуге және геохронологиялық кестемен жүйелі жұмыс істеуге бағытталған.
Мақсаттары
- Білімділік: Жердің даму кезеңдері мен тау жыныстарының жасын анықтау туралы білім қалыптастыру; геохронологиялық кестемен таныстыру.
- Дамытушылық: Пәнге қызығушылықты арттыру; жер бедерінің дамуы туралы ғылыми дүниетанымды, ой-өрісті дамыту.
- Тәрбиелік: Өздігінен білім алуға, топта бірлесіп жұмыс істеуге, өзара көмек көрсетуге және пікірін ашық айтуға тәрбиелеу; Отан туралы білімді тереңдетіп, отансүйгіштік пен географиялық мәдениетті қалыптастыру.
Ұйымдастыру
- Сабақ түрі
- Жаңа білімді меңгерту
- Оқыту формасы
- Топтық, жұптық, жекелей
- Әдіс-тәсілдер
- Әңгімелесу, сұхбат құру, тапсырмалармен жұмыс, ой тұжырымдау
Ресурстар мен ұғымдар
- Құрал-жабдықтар
- Қазақстанның физикалық картасы, слайдтар
- Негізгі ұғымдар
- Тау жыныстарының жүйесі, эффузиялық, интрузиялық (т.б.)
- Номенклатура
- Геохронологиялық кесте
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру
Оқушылар 5 топқа бөлініп отырады.
II. Үй тапсырмасын тексеру (картамен жұмыс)
- Жер бедері деген не?
- Қазақстанның жер бедері қандай?
- Қандай жер бедері басым?
- Ойпаттарды картадан анықтау.
- Жазықтарды, үстірттерді, қыраттарды анықтау.
- Аласа тауларды картадан көрсету.
- Биік тауларды картадан көрсету.
- Ең төмен және ең биік нүктелерді көрсету.
- Жер бедерінің басты ерекшеліктерін қорытындылау.
III. Жаңа сабақ
Жердің және жер қыртысының жасын, сондай-ақ олардың дамуындағы ірі оқиғалардың уақытын анықтай білудің маңызы зор. Қазіргі ғылымда Жердің даму тарихы екі кезеңге бөлінеді: ғаламшарлық (планеталық) және геологиялық даму кезеңдері.
1) Ғаламшарлық (планеталық) даму кезеңі
Бұл кезең Жердің ғаламшар ретінде қалыптасуынан бастап жер қыртысы түзіле бастағанға дейінгі уақытты қамтиды. Жер Күн жүйесіндегі ғаламшарлардың бірі ретінде шамамен 4,5–4,6 млрд жыл бұрын пайда болды.
Алғашқы заттар негізінде литосфера, гидросфера және атмосфера қабаттары шамамен 3,7–3,8 млрд жыл бұрын қалыптаса бастады. Осы уақыт аралығы ғаламшарлық кезеңнің аяқталуына сәйкес келеді.
2) Геологиялық даму кезеңі
Жер қыртысының алғашқы нышандары пайда бола бастаған сәттен бастап Жердің геологиялық даму кезеңі басталады. Бұл кезең жер қыртысының қалыптасуынан бүгінгі күнге дейін созылады.
Ішкі күштердің әсері
Жер қыртысы ішкі күштердің әсерінен бірнеше рет күшті қозғалыстарға ұшырап, күрделі құрылымды тау жыныстарының түзілуіне ықпал етті.
Сыртқы күштердің әсері
Тау жыныстары үгілу арқылы бұзылып, борпылдақ материалдар тасымалданады. Соның нәтижесінде шөгінді жыныстардың жаңа қабаттары қалыптасады.
Магмалық жыныстар: эффузиялық және интрузиялық
- Эффузиялық жыныстар — магманың жарықтар арқылы жер бетіне көтеріліп, жанартаулар арқылы лава ретінде төгілуінен түзіледі.
- Интрузиялық жыныстар — магманың жер бетіне шықпай, жер астында баяу суып қатуынан пайда болады.
Уақыт өте келе Жер қыртысының бастапқы құрамы күрделене түседі. Материктердегі ойыстар мен теңіз түбіндегі шөгінді қабаттардан өсімдіктер мен жәндіктердің тасқа айналған қалдықтары жиі табылады. Бұл әр геологиялық дәуірдің өзіне тән органикалық дүниесі болғанын дәлелдейді.
Тау жыныстарының жасын анықтау
Жердің жасын және геологиялық даму тарихын анықтау үшін салыстырмалы және абсолюттік (геохронологиялық) әдістер қолданылады.
Салыстырмалы жас
Негізі — шөгінді жыныстар қабаттарының ретті орналасу заңдылығы. Бұзылмаған қабаттарда жоғарғы қабат төменгі қабатқа қарағанда жасырақ болады.
Сонымен бірге, ежелгі организмдердің қазба қалдықтарын (фоссилияларды) зерттеу салыстырмалы жасты анықтауда ерекше маңызды.
Абсолюттік жас
ХХ ғасырдың басында радиоактивті элементтердің ыдырау заңдылығы ашылғаннан кейін кең қолданылды. Әр элемент тұрақты жылдамдықпен ыдырайды, бұл жылдамдық уақыт өте өзгермейді деп есептеледі.
Мысалы, уран (немесе торий) ыдырағанда қорғасын түзіледі. Уранның ыдырау жылдамдығын есептеу арқылы жыныстың жасын анықтауға болады: 100 г ураннан 74 млн жылда 1 г қорғасын түзіледі.
Салыстырмалы және абсолюттік әдістердің нәтижелері біріктіріліп, геологиялық уақыт шкаласын жасауға мүмкіндік берді. Осы негізде геохронологиялық жер жылнамалық кесте құрастырылды.
Геохронологиялық кесте және эралар
Геохронологиялық кесте 1900 жылы Дүниежүзілік геологиялық конгресте бекітілді және ғылым дамуына қарай үнемі толықтырылып отырады.
Жер тарихындағы негізгі 5 эра
- Архей — ең көне тіршілік бастамалары кезеңі (гр. археос — көне)
- Протерозой — алғашқы кезеңдер (гр. протерос — алғашқы)
- Палеозой — ежелгі тіршілік дәуірі (гр. палеос — ескі)
- Мезозой — орта дәуір (гр. мезос — орта)
- Кайнозой — жаңа дәуір (гр. кайнос — жаңа)
Кестедегі кезең атаулары көбіне шөгінді жыныстар алғаш табылған жерлердің атауына (мысалы, кембрий, девон, пермь, юра), халықтардың атына (ордовик, силур) немесе жыныстар құрамына (тас көмір, бор) байланысты қойылған.
Шартты белгілер (индекстер)
Геологиялық карталарда эралар мен кезеңдер латынша атауларының әріптерімен белгіленеді. Мысалы: архей — AR, ал кезең индекстері де латынша атаудың алғашқы әрпімен беріледі: пермь — P.
IV. Сабақты бекіту
1-тапсырма: «Ұяшықтар» арқылы сұрақтар
Әр топқа тақырып бойынша қысқа сұрақтар беріледі; оқушылар жауапты дәлелдеп, негізгі ұғымдарды қолданады.
2-тапсырма: Венн диаграммасы
Салыстырмалы және абсолюттік жас анықтау әдістерін Венн диаграммасы арқылы салыстырыңыз: айырмашылығы — ұқсастығы — айырмашылығы.
V–VII. Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы
Қорытындылау
Жер дамуының кезеңдері, тау жыныстарының түзілу жолдары және жас анықтау әдістері бойынша негізгі тұжырымдар жасалады.
Бағалау
Топтық жұмыс, жауаптың дәлдігі, картамен жұмыс және терминдерді дұрыс қолдануы бойынша бағаланады.
Үйге тапсырма
- Жұмыс дәптерін толтыру.
- Геохронологиялық кестені жаттау.
Автор туралы мәлімет
Алматы қаласы, Алмалы ауданы, №147 гимназиясының география пәні мұғалімі — Керимшеева Береке Рысказиевна.