Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығы
Алтыбақан аясындағы театрландырылған қойылым: Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығы
Бұл театрландырылған қойылым Көкше өңірінің белгілі ақыны, композиторы, әншісі Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған. Сонымен бірге, зерттеу тобының бір жыл бойы Үкілі Ыбырай туралы естігені мен оқығанына сүйенген есеп беру сабағы ретінде ұйымдастырылады.
Көрнекіліктер
- Алтыбақан
- Домбыра
- Бейнетаспа
- Табиғат көрінісі (декорация)
Сахнаны безендіру
Сахнаға алтыбақан құрылады. Әр түрлі гүлдер мен ағаштар өсіп тұрғандай етіп, сахна Көкшенің көркем табиғатын елестететіндей әсемделеді.
Мақсат — көрерменді бірден табиғат пен әнге толы ортаға енгізу, ауыл думанының тынысын сезіндіру.
Музыка және атмосфера
Қойылым басталғанда шертпе күй ойнап, орман ішіндегі құстардың үні және ағып жатқан өзеннің сылдыры естіледі. Алтыбақан маңайында өлең оқылған сайын жастардың қатары көбейіп, әр оқушы Үкілі Ыбырай жайлы зерттеп-білгенін ортаға салады.
Қойылымның өрбуі
Алтыбақан жанында өлең оқылып жатқанда, екінші қыз бала келіп, оқылған жырға сүйсініп пікір айтады. Осылайша қойылым соңына дейін жастар алтыбақан маңына жинала береді: әр қатысушы Үкілі Ыбырай туралы дерек айтып, өлең оқып, ән орындайды.
Қойылым барысында Т. Қажыбаевтың «Ұмытпа мені, Гәккуім» пьесасынан көріністер қойылады. Оқушылар өздерін еркін ұстап, оқып-білгенін жұрт алдында жеткізеді.
Барлық қатысушылар ұлттық киімде болады. Бұл — көріністің шынайылығын күшейтіп, дәстүрдің сәнін аша түседі.
Сценарийден үзінділер
Төмендегі үзінділерде оқушылардың сөзі арқылы Көкше ән дәстүрі, Үкілі Ыбырай тұлғасы және оның тағдыр жолы көркем түрде баяндалады.
1-оқушы
Ән мен күйге бір сусындатып жан шөлі, Мол қызыққа кенеледі әнші елі. Сексен көлді шайқалтады үнімен Сарыарқаның бұлбұлдары, сал-сері. Өңшең бұлбұл, өңшең дүлдүл шындарын Жаңғыртады Көкшетаудың шыңдарын. Әзілімен, қалжыңымен жарасып, Әнмен ғана білдіреді сырларын. Көкшетауда осындай бір думанды, Гүлдер бүгін әнмен бетін жуғандай. Өңшең бұлбұл, өңшең дүлдүл дарындар Бірін-бірі өнерімен буғандай.
2-оқушы
Қандай керемет! Расында да, осы сұлу Көкше жерінде сұлу әнімен, әсем жырымен талай сал-серілер өмір сүрді. Соның бірі — Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы. Ендеше, бүгінгі ұрпақ Ыбырайдың кім екенін біле ме екен?
3-оқушы — Т. Қажыбаевтың «Жалғызтау балладасы» (үзінді)
Жалғызтауды жалғыз қыран мекендеп, Күнде самғар зау биікке жетем деп. Саңқылдаған үнін тыңдап төңірек, Қуанатын шәулім аман екен деп. Қыран шәулі шалдықпайтын самғаудан, Жалықпайтын құз-қиясын таңдаудан. Жалпақ дала ән-бесікте тербеліп, Сілкінетін құзар басын таулы аудан. Қарағайлар қолын созып заңғарға, Жел оралып қайың, терек, талдарға. Қыран үнін тыңдар еді-ау толықсып, Талмау шақта адам түгіл аңдар да. Жан жадырар, жаны бөлек сазды ұғып, Тыңдар еді-ау жапан дала, жазғы бұлт. Егілетін «Қалдырған» боп қарт жүрек, «Гәкку» болып егілетін назды үміт. Жалғызтаудан жамыраған бұлақ та, Әнге елтіп жүгіретін жыраққа.
4-оқушы (жалғасы)
Қоскөл тұстан көтерілген аққу үні, Күні бүгін күмбір-күмбір құлақта. Қыран ұшты Жалғызтауға қона алмай, Сол ұшқаннан кете барды оралмай. Бауыр басқан мекенінен бездірген, Қандай ғана безбүйрек жан, ой, аллай! Қыран кетті Жалғызтауын қия алмай, Көздің жасын төгіп өтті-ау тия алмай. Артта қалған қарт қыранның әніне Кей пенделер қосылып жүр ұялмай. Ұялмайды. Қосылады. Қосылсын. Ән құдірет неге оған тосылсын. Жалғызтаудан самғап ұшқан сұңқар-ән, Келешекке сапар тартып жосылсын. Жалғызтауың жетім қалды, қыран жоқ. Қыран да жоқ, оны жоқтар ұлан жоқ. Ұланынан, қыранынан айрылған, Бүгінгі ұрпақ соның мәнін сұрар көп.
Мұғалімнің сұрағы
Жалғызтау кімнің мекені? Бұрын бұл жөнінде естігендерің бар ма?
5-оқушы
Неге білмеске? Ол дүйім қазаққа өзінің «Гәккуімен» және «Қалдырғанымен» аты шыққан Үкілі Ыбырай атамыздың дүниеге келген жері емес пе? Ол 1860 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Сергеевка ауданындағы Жалғызтау өңірінде туған. Кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Өскен ауылына көшіп келіп, қалған өмірін сонда өткізеді.
6-оқушы
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының екі ұлы болған: бірі — Сандыбай, екіншісі — Шалғынбай. Ыбырайдан Есентемір мен Өстемір атты екі бала тарайды. Немересі Елелемес апайдың айтуынша, Өстемір ерте қайтыс болып, Есентемірден Елемес атты қыз дүниеге келген. Бұл деректі Елемес апайдың өз аузынан жазып алған едім.
Елемес апа — он екі баланың анасы, елге сыйлы жан. Ол 3–4-сыныпта оқып жүргенде (1948–1949 жылдары) «халық жауының немересі» деген жаламен мектептен шығарылған екен.
Немересінің айтуынша, Ыбырай әсем әндерімен елді қуантып, ойын-тойдан бағалы киім киіп келеді екен. Қартайған шағында кей туыстары көре алмай, «кісі өлтірді» деп өтірік жала жауып, ұстатып жіберген. Соның салдарынан Ыбырайды және тағы үш қарияны ОГПУ айдауға әкетеді.
Әкетіп бара жатқанда, ашынған Ыбырай: «ОГПУ деген сотыңыз, Жүріп тұр ғой отыңыз. Төрт шалды айдап барасың, Қисайды біздің...» — деп, бір ауыз өлеңмен қарсы сөз айтып, қайсар мінезін танытқан.
7-оқушы
Иә, Ыбырайдай ұлы адамға туған жердің топырағы да бұйырмаған. Нақақтан-нақақ айыпталған Ыбырай атамыз абақтыдан абақтыға қамалып, «халық жауы» атанып, «Барсакелмес» деген жерге жіберілген екен. Кей зерттеушілердің айтуынша, кемемен кетіп бара жатқанда кеме аударылып, сол жерде қайтыс болған. Шіркін-ай, десеңші!
8-оқушы — «Қоштасу» (үзінді)
Көкшетаудан айдауға әкетіп бара жатқанда «Қоштасу» деген өлең шығарған. Бұл өлеңді де немересінің аузынан жазып алып, оқып беремін:
Айғайлап ән салайын, халқым менің, Кең заман дүние маған тарын келді. Атығай, Қарауылға тегіс сәлем, Тыңдаған адам болса бұл өлеңді. Дария-көл, құрғақ құмға аяқ бастық, Кең жайлау Сарыарқамен амандастық. Көк зеңгір көрінетін Жалғызтауым, Туған жер топырағымен бақұлдастық. Адамға жазды нәпсі әлдеқайдан, Болмайды-ау бұл сапардан ешбір қайлам. Айғайлап күңіренткен, Көкшетауым, Көсіліп мәкан еттім ордам саған. Темір жол, міне келдік, аяқ бастық, Кең жайлау Сарыарқамен бақұлдастық. Жиылып өңшең маңғаз зар жылайды-ау, Көзінен қанды жасы араласып.
Дереккөз
Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Березняковка орта мектебі мұғалімі: Байшураева Сана Еңбекқызы
Материал: «Алтыбақан аясында. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығы».