Қате саны
Қазақ тілі дәптерін жүргізу тәртібі
Қазақ тілі пәні бойынша әр оқушыда 4 жеке дәптер болуы тиіс:
-
2 жұмыс дәптері
-
1 сын жұмысы дәптері
-
1 мазмұндама және шығарма дәптері
Дәптер сыртын толтыру
1-сыныпта дәптер сыртын мұғалім толтырады. 2-сыныптың II жартыжылдығынан бастап оқушы үлгі бойынша өзі толтыруы керек.
Үлгі
Астана қаласы №51 мектеп-гимназиясының 3 «А» сынып оқушысы Айдарұлы Досболдың қазақ тілінен сын жұмысына арналған дәптері
Жазу құралы
Оқушының қаламы көк түсті сиямен жазуы керек.
Дәптер жолы
1–2-сыныпта кіші жол дәптеріне, 3-сыныптың II жартыжылдығынан бастап және 4-сыныпта үлкен жол дәптеріне жазылады.
Көркем жазу
3-сыныптың I тоқсанында көркем жазуға кіші жол дәптер арнаған дұрыс.
Дәптердегі жұмыстарға қойылатын жалпы талаптар
- Жазуы ұқыпты болуы керек.
- 1–2-сыныпта және 3-сыныптың I жартыжылдығында ай аты жазбаша, күн реті араб цифрымен жол ортасына жазылады.
- 3-сыныптың II жартыжылдығынан бастап және 4-сыныпта ай аты мен күн реті жазбаша жазылады.
- Күн реті мен жұмыс түрінен кейін нүкте қойылады.
Мысал
Қазанның тоғызы.
Мысал
Қазанның 9-ы.
Сынып жұмысы және үй жұмысы
- Үй жұмысы сынып жұмысының жалғасы болып есептеледі, сондықтан күн реті жазылмайды.
- Сынып жұмысын немесе үй жұмысын орындағанда тапсырмалар арасында жол қалдырылмайды.
- Мәтін азат жолдан басталады.
- Сынып жұмысы мен үй жұмысының арасына 2 жол қалдырылады.
Жаттығуды белгілеу
1-сыныптың 3-тоқсанынан бастап «жаттығу» сөзі толық жазылады.
Мысал
15-жаттығу.
Сөздерді бағанға бөлу
Тапсырма бойынша сөздерді бағандарға бөліп жазғанда бірінші сөз бас әріптен, үтірсіз жазылады.
Мысал
Бала бақа барыс
Талдау және белгілеу
- Талдау тапсырмаларын жақсы ұшталған қара қарындашпен орындаған дұрыс.
- Ереже мен емлені белгілеу үшін жасыл сия қолдануға болады.
Көркем жазу жұмыстары
Әр сабақ сайын көркем жазуға 5–7 минут бөлінеді. Мұғалім тақтада түсіндіре отырып жазу үлгісін көрсетеді.
Тексергеннен кейін мұғалім 3 жолдан аспайтын түзетуге бағытталған үлгі жазуды ұсынады.
Көлемі
- 1–2 сынып
- 1–2 жол
- 3 сынып
- 3 жол
- 4 сынып
- 3–4 жол
Бастауыш мектепте 4 жыл бойы әріп элементтерін дұрыс қосуға бағытталған жүйелі (міндетті) жұмыс жүргізіледі. Сынып және үй жұмыстарын тексергенде дұрыс жазылмаған әріптерді түзетіп отыру немесе дәптердің шетіндегі қызыл сызық бойында арнайы көрсету қажет. Мұндай әріптер мен әріп байланыстарын түзетуге арналған жаттығуларды қайта жаздыру ұсынылады.
Сабақтағы сөздік жұмысы
Сөздік жұмыс — әр сабақтың міндетті кезеңі. Сөздік сын жұмысы аптасына 1–2 рет бақылау мақсатында жүргізіледі.
| Сынып | Көлемі |
|---|---|
| 1 сынып | 3–5 сөз |
| 2 сынып | 8–10 сөз |
| 3 сынып | 10–12 сөз |
| 4 сынып | 12–15 сөз |
Жазба жұмыстарын тексеру тәртібі
- Қатенің астын сызу және түзету қызыл сиямен жүргізіледі.
- Қате әріп немесе тыныс белгі көлбеу сызықпен сызылады, қажетті белгі қойылады.
- Қате сөз бөлігі немесе сөйлем жіңішке түзу сызықпен сызылып тасталады.
- 1–2-сыныпта түзету сызылғанның үстіне жазылады.
- 3–4-сыныпта түзету дәптер шетіне жазылады.
- Белгілеу: ( ) — емлелік қате, (V) — тыныс белгіден жіберілген қате.
- Баға тапсырманың сол жағына қойылады.
- Мадақтау жазуларын жазуға болады.
- Ескерту немесе сұраулы ескертулерді жазбаған жөн.
- 2–4-сыныпта мазмұндама мен шығармаларға 2 баға қойылады (бір торкөзге екі баға жазылады).
- Жазба жұмыс дәптерлері күн сайын тексеріледі.
- Қатемен міндетті түрде жұмыс жүргізіледі.
Қазақ тілінен жазба жұмыстарының көлемі
Сын жұмысы мәтіндерінің мөлшері
| Сынып | I жартыжылдық | II жартыжылдық |
|---|---|---|
| 1 сынып | 10–12 сөз | 15–20 сөз |
| 2 сынып | 30–35 сөз | 35–40 сөз |
| 3 сынып | 40–50 сөз | 50–65 сөз |
| 4 сынып | 65–70 сөз | 75–80 сөз |
Үздіксіз жазу ұзақтығы
- 1 сынып: 3 минутқа дейін
- 2 сынып: 10 минутқа дейін
- 3–4 сынып: 20 минутқа дейін
Үй тапсырмасы
Үй тапсырмасының көлемі сынып жұмысының 1/3 бөлігінен аспауы керек.
3-сынып үшін ереже
3-сыныптағы сынып жұмысының көлемі сын жұмысы көлемінен ±5 сөз шамасында болуы тиіс.
Сын жұмысын бағалау өлшемдері
Төмендегі өлшемдер 1-сыныптың II жартыжылдығына және 2–4-сыныптарға қолданылады.
| Баға | Өлшем |
|---|---|
| 5 | Қатесіз орындалған жұмыс. Жазуы көркем, таза, анық, нормаға сай. Оқушы өзі түзетсе, түзету саны 2-ден аспайды. |
| 4 | 2 қате және 2 түзету бар немесе 2 тыныс белгі қатесі бар. Жазу көлбеулігі сақталмаған, әріптер арақашықтығы аздап бұзылған болуы мүмкін. |
| 3 | 2–3 емле қатесі және 2–3 тыныс белгі қатесі бар. Сондай-ақ мынадай үйлесімдер болуы мүмкін: 4 емле + 2 тыныс белгі, немесе 5 емле + 1 тыныс белгі. Көлбеулік сақталмаған, кейбір әріптер дұрыс таңбаланбаған, әріп биіктігі әртүрлі болуы ықтимал. |
| 2 | Жұмыс талаптан төмен. Қате саны шамамен 6–7. |
| 1 | Жұмыс өте лас, түсініксіз, ұқыпсыз жазылған. |
Қате болып есептелмейтін жағдайлар
- Сын жұмысы алынғанға дейін өтілмеген ережелерге сәйкес сөздер мен тыныс белгілері.
- Келесі сөйлем бас әріппен басталып, бірақ алдыңғы сөйлемнің соңына нүкте қойылмаса.
- Мәтін мазмұнын бұзбайтындай етіп бір рет басқа сөзбен алмастыру кездессе.
- Тасымалдау кезінде алдыңғы жолдағы сөз бөлігі келесі жолда қайталанып жазылса.
- Бір сөзді қайталап жазып қойса.
1 қате ретінде есептелетіндер
- Екі бірдей орфографиялық қате.
- Ұқсас екі тыныс белгі қатесі.
- Екі өрескел емес қате.
Өрескел емес қате мысалдары
- Сөздегі әріптің екі рет қайталануы.
- Бір сөздің екі рет қайталануы.
- Мысалы: «орыындық», «қаала» сияқты.
Ескерту (бақылау сын жұмысы)
Бақылау сын жұмыстарын алғанда мұғалім бір орында тұрып оқып, жаздыруы қажет. Әрі-бері жүру оқушылардың зейінін шашыратады. Сөздерді артық қайталау да сауатты жазуға кері әсер етеді. Сондықтан жұмысты әдістемеге сай, бірізділікпен жүргізген тиімді.
Шығармашылық жұмыстарды бағалау
2–3-сыныптарда мазмұндама мен шығармаға 2 баға қойылады: бірі — мазмұны үшін, екіншісі — сауаттылығы үшін. Екі баға бір торкөзге жазылады.
Мазмұны үшін
5
Автор мәтінін (мазмұндама) жүйелі әрі дұрыс баяндайды. Тақырып ашылған, сөздік қоры бай, сөз қолданысы дұрыс. Сөз қолданыста ең көбі 1 қате.
4
Негізгі ой толық берілген. Тақырып ашылған, бірақ ойды жүйелеуде немесе мәлімет беруде, сөз қолданыста ұсақ кемшіліктер бар. Сөз қолданыста 3 қатеге дейін.
3
Мазмұнда ауытқулар бар, тақырыптан алшақтау байқалады. Ойды жүйелі жеткізуде және 2–3 сөйлем құрылысында кемшілік кездеседі. Сөздік қоры шектеулі; мәтін құруда және ойды жеткізуде 5-тен аспайтын қате болуы мүмкін.
2
Мазмұн тақырыптан едәуір алшақ. Қателер көп, ой жүйесі сақталмаған, бөлімдер арасында байланыс әлсіз. Сөздік қоры жұтаң. Мәтін құру мен мазмұнда 6-дан көп қате.
Сауаттылығы үшін
5
Емле қатесі жоқ, тыныс белгі қатесі жоқ. 1–2 түзету болуы мүмкін.
4
2 емле қатесі, 1 тыныс белгі қатесі. 1–2 түзету жасалған.
3
3–5 емле қатесі, 1–2 тыныс белгі қатесі. 1–2 түзету жіберілген.
2
6-дан көп емле қатесі, 3–4 тыныс белгі қатесі. 3–4 түзету жасалған.
Бастауыш мектепте шығармашылық жұмыстар үйретушілік сипатта болады. Сондықтан қанағаттанарлықсыз баға алған жағдайда мұғалім оқушымен жеке жұмыс жүргізуге міндетті. Өте төмен баға журналға қойылмайды.