Құлагердің құнын ұсынғанда, Ақан сері

Сабақ жоспары Әдебиет Сыни ойлау Топтық жұмыс

Елінің ардақтаған Ақаны еді… Бұл сабақ Ақан сері Қорамсаұлының ертегіге бергісіз жұмбақ өмірі мен әсем, сазды әндерінің мәнін ашуға, оқушылардың алған білімін тексеріп, тереңдетуге бағытталады.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Сал-серілердің падишасы Ақан сері Қорамсаұлының ғұмырынан алынған мәліметтерді тексеру, талдау және тереңдету.

Дамытушылық

Оқулық және қосымша дереккөздерді (электронды оқулық, интернет, ғылыми-зерттеу еңбектері) тиімді пайдалану; өз ойын еркін жеткізу; салыстыру, дәлелдеу, шығармашылық белсенділікті арттыру.

Тәрбиелік

Өнер иесіне құрметпен қарауға, кейіпкер тағдырына ортақтаса білуге, өз пікірін тұжырымдауға және өзгенің көзқарасын сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақ сипаттамасы

Түрі
Дамыта оқыту
Типі
Бекіту сабағы
Әдісі
Сұрақ-жауап, ассоциация, сын тұрғысынан ойлау

Ресурстар мен байланыс

Көрнекілік
Компьютердегі слайд-кестелер, бүктеме, көркем шығармалар, үлестірмелі қағаздар
Пәнаралық
Ән

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі: ой шақыру

Ән-жұмбақ: Ақанның «Балқадиша» әні орындалады. Оқушыларға сұрақ: «Бұл кімнің әні? Қандай ән?»

Мұғалімнің кіріспе сөзі: бүгінгі сабақ қазақ даласын ән мен күйге бөлеген ақиық ақын, сал-серілердің падишасы, елінің ардақтаған аяулы ұлы Ақан Қорамсаұлының сырға толы өмірі мен шығармашылығына арналады.

Күләш Ахметова:

Сол Ақан, жүрген жері сайран Ақан,
Жүрегін махаббатқа жайған Ақан.
Өзі жылап өтсе де, қалың елін,
Әнімен әлдилеген қайран Ақан!

II. Үй тапсырмасын тексеру

Талқылау сұрағы: «Ең алдымен, Ақанды кім деп танисыңдар?»

сері айтыскер ақын шешен әнші лирик ақын саятшы құсбегі психолог сазгер

«Поэзия минуты»

Оқушылар Ақанның жатқа білетін өлеңдерін мәнерлеп оқиды.

«Суреттер сыр шертеді»

Суреттер бойынша ассоциация: Көкшетау, сал-серілер, қаршыға, қыран құс, тазы, жүйрік ат, Ерейментау, ару қыздар, І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, С. Жүнісов портреттері.

Сурет-жұмбақ

Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы (1942). Талқылау: пьесаның тұсаукесерінде Ақан мен Ақтоқты бейнесін Шәкен Айманов пен Шолпан Жандарбекова сомдаған.

  • Ақан Ақтоқтыдай аруға арнап қандай өлеңдер жазған?
  • Ақан сүйікті Ақтоқтысына неліктен қосыла алмайды?
  • Ақан поэзиясындағы сүйікті тақырыптардың бірі — дала арулары, сұлу қыздар.

III. Мағынаны тану

1) Өзіндік жұмыс

Өлеңді топта талдап, төмендегі кесте тармақтары бойынша қорытынды жасайды:

Тақырыбы
Маңызы мен мәні
Лирикалық кейіпкерге сипаттама
Ерекшелігі
Ақын ұстанымы

2) Деңгейлік тапсырмалар

I деңгей

  1. Неліктен Ақанның шын аты өзгеріп кеткен? Жауап: көп қыздың ішіндегі жалғыз ұл болғандықтан, анасы еркелетіп «Ақан» деп атаған.
  2. Ақан — тума дарын ба, әлде серілік дәстүрдің көрінісі ме? Дәлелдеңіз. Жауап: ол — тума дарын; ерте жастан өлең-жырға әуестеніп, замандастарына арнап жыр шығара бастаған. Серілік дәстүрдің өзі уақыт өте бәсеңдеп, халық жадында ірі өнерпаздармен бірге сақталған.
  3. «Құлагер» өлеңінің оқиға желісін баяндаңыз.

II деңгей

  1. Ақанға қарсы қойылатын тұлға кім? Әшкерелеңіз. Жауап: шығармада Ақанға қарсы тұлға ретінде Ақмола өңіріндегі Қуандық руынан шыққан бай Жүсіп мырза көрінеді. Бәйгеде оза алмаған атының ашуын Ақаннан алмақ болып, Сағынайдың асында жігіттері Құлагерді мерт қылады. Қызғаныш пен көреалмаушылық қылмысқа итермелейді.
  2. Құлагердің Ақан өміріндегі орны туралы пікіріңіз. Жауап: ел болып құн ұсынғанда, Ақан «Маған байлық керек емес, Құлагермен бірге жаным да өлді» дейді; бұл қайғы оны елден оқшаулануға алып келеді.
  3. «Құлагер» өлеңіндегі тарихи жағдайды сипаттаңыз. Жауап: Паң Нұрмағамбет — болыс; әкесі Сағынай. Сағынайдың асы 1876 жылы өткен.

III деңгей

  1. «Құлагер» өлеңінде қай кезеңнің өмір шындығы көрсетілген? Жауап: XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік ахуалы.
  2. Зар шеккен жалғыз Ақан ба? Құлагер қазасына көзқарасыңыз. Жауап: жалғыз Ақан емес; әлеуметтік теңсіздік халықтың жанын жаралады. Құлагер өлімі Ақанға ең ауыр соққылардың бірі болды.
  3. Ақан өнері бүгін жалғасып жатыр ма? Жауап: Ақан әндері халық арасында сүйіліп тыңдалады; танымал әншілер орындайды. Мұрасы сақталып, жалғасын тауып келеді.

3) Топтық жұмыс

I топ — «Әншілер»

Ақан әндерін орындаушыларды, әндердің шығу тарихын айтады. Ақанның бір әнін орындайды.

II топ — «Ақындар»

Өлеңдердің негізгі идеясын ашады және Ақанға арнап 1 шумақ өлең шығарады.

III топ — «Құлагер»

Құсбегілік, саятшылық, атбегілік туралы баяндайды. Ақанның «Құлагер» өлеңін Абайдың «Аттың сыны» өлеңімен салыстырады.

Ақан трагедиясы: тағдыр түйіндері

Ақтоқтысынан көз жазып қалу Ақанға оңай тимеді. Опасыз өмір оның басына талай қайғы-қасірет үйді. Қайғының салмағынан қажыған, жалғыздықтан жабыққан Ақан тау-тасқа кетіп, табиғатпен сырласа отырып, күңірене ән салады. Елі оны «пері» атандырады.

Қайғы өзегі

  • Құлагер
  • Тазысы Базаралы
  • Қараторғай
  • Мылқау баласы Ыбан

Саят пен серілік

  • Қаршығасы Көкжендет
  • Сал-сана құрбандары

Махаббат пен қасірет

  • Сүйіктісі Ақтоқты
  • Жары Ұрқия
  • Балқадиша мен Жамал

Ілияс Жансүгіров: «Тұсында сері болсын, пері болсын, ұнайды өмірімен Ақан маған» — деген ойға сүйене отырып, Ақанның аянышты тағдыры Ілиястың қай шығармасына арқау болғанын талқылаңыз.

4) Үлестірмелі қағаз тапсырмалары

  1. І. Жансүгіров поэманы неге «Ақан сері» емес, «Құлагер» деп атады деп ойлайсыңдар?
  2. Ақанның осындай аянышты тағдырына кім кінәлі деп санайсыңдар?
  3. Ақан – Ілияс – Құлагер тағдырларынан қандай ұқсастық байқадыңдар?

IV. Ойтолғаныс

Жазба жұмысы: «Ақан аты — ән қанаты» тақырыбында ойтолғау жазу.

V. Қорытынды

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», — деген оймен сабақ түйінделеді: Ақан сері бабамыздың асқар тұлғасы мәңгілік кербез Көкшетаудай биік болып, Ақан әндері Сарыарқаның ерке самалындай жанымызды жадырата берсін.

VI. Бағалау

Оқушылардың жауаптары, талдау сапасы, топтық жұмысқа қатысуы және шығармашылық тапсырма орындалуы бойынша бағаланады.

VII. Үй тапсырмасы

  1. Ақан өмірінен алған әсеріңді хат түрінде жазу.
  2. Ақан өлеңдерін көркемдік ерекшелігіне қарай талдау.
  3. Ақан өлеңдерінен ақыл-нақыл, қанатты сөздерді теріп жазу.

Автор туралы мәлімет

Өңір

Қызылорда облысы, Шиелі кенті

Мектеп

№219 Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі

Пән мұғалімі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Бимұратова Нұрсәуле Қалдыбекқызы