Барлық әділ қонақтардың шешімімен Тұлпар және Қыран топтарының арасындағы сайыста Достық жеңді
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылы, «Балауса» балабақшасы
Әдіскер: Изжанова Мөлдір Набидоллақызы
Білім беру саласы
Денсаулық
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Денешынықтыру
Тақырыбы
Ұлттық ойын — халық қазынасы
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Ұлттық ойындарды дене шынықтыру іс-әрекетінде кеңінен қолдану арқылы балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберлігін арттыру, мүмкіндіктерін кеңейту.
2) Дамытушылық
Қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихымен таныстыру, ерліктің өшпес үлгісін қалдырған хан-батырлардың өмір өнегесін үлгі ету; өз жерін, өз елін қорғай алатын, елжанды, ұлттық намысы жоғары, жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу.
3) Тәрбиелік
Жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге, өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру.
Қажетті құралдар
- Арқан
- Жылқы (ойынға арналған ат)
- Теңге
- Қамшы
Спорттық кештің ашылуы
Тәрбиеші: Құрметті ұстаздар мен тәрбиешілер! Бүгін «Ұлттық ойын — халық қазынасы» атты спорттық кешімізге қош келдіңіздер! Сайысымыздың негізгі мақсаты — жас ұрпақты жаман әдеттен аулақ ұстап, дені сау, болашақта өз елінің, қоғамының салауатты, өркениетті, білімді азаматы етіп қалыптастыру.
Осы мақсатта біз бүгін «Айгөлек» тобы арасында сайыс өткізбекпіз. Ендеше сайыскерлерімізді ортаға шақырайық.
Көрініс:
(«Қара жорға» әуенімен балалар ортаға шығады.)
Міне, балалар шықты алаңға,
Жас спортшылар — жеке-жеке команда.
Ал, балалар, өздеріңді таныңдар,
Ептілік, мықтылық, батылдық көрсетіп, табанды болыңдар!
«Ура!» деген ұранды біз тастаймыз,
Жарысымызды енді бастаймыз — жеңіске жетеміз!
Қатысушылар және қазылар алқасы
Бүгінгі жарысқа екі топ қатысады. Ал жарысқа әділ баға беретін қазылар — біздің құрметті қонақтарымыз. Құрметті халайық, жарысты тамашалап, әділ бағаларыңызды берулеріңізді сұраймыз.
1-топ: «Тұлпар»
Топ капитаны: Мұханбет
Қатар өскен құрдасқа,
Жарыс ұнап тұрмас па!
Қуып жету жақсы ғой,
Озып шығу — бір басқа.
2-топ: «Қыран»
Топ капитаны: Әсел
Босқа қарап тұрмайық,
Бағымызды сынайық.
Намысты қолдан бермейік,
Жарысты озып шығайық!
Тәрбиеші: Балалар, сендерге сәттілік тілей отырып, жарысымызды бастаймыз. Енді сайыс шарттарымен танысайық.
Сайыс шарттары
-
1. Бәйге
-
2. Арқан тартыс
-
3. Теңге алу
-
4. Қол күрес
-
5. Ақсерек — көксерек
Ойындар мазмұны
Ұлттық ойын: «Бәйге»
Әр топтың алдына 3–4 метр қашықтықта межелер белгіленеді. Екі топтың балалары арақашықтығы шамамен 2 метр болып, сап түзеп тұрады. Ойын жұптасып жарысу түрінде өтеді.
Әр топқа бір ат және бір қамшы дайындалады. Белгі берілгенде әр топтан бір-бір бала атқа мініп, межеге дейін жарысады. Балалар аттың шабысына салып, шапшаңдық танытуы тиіс.
Ұлттық ойын: «Арқан тартыс»
Балалар екі топқа бөлінеді. Арқанның екі жағынан екі топ тартысады. Қай топ арқанды өз жағына қарай тартып әкелсе, сол топ жеңіске жетеді.
Ұлттық ойын: «Теңге алу»
Бұл ойынды көбіне ер балалар ойнайды. Аттың орнына шыбық ат пайдаланылады. Белгілі бір жерге теңге ыдысқа салынып қойылады. Ойыншы «атпен» шауып келіп, еңкейіп, теңгені ыдыстан тез іліп алып, әрі қарай шаба жөнеледі.
Егер ойыншы теңгені ала алмаса, жеңілген болып есептеледі.
Ұлттық ойын: «Қол күрес»
Ортаға екі ойыншы шығып, кілем үстіне жамбасынан жатады. Олар бас бармақтарын айқастырып, қолдарын берік қысып ұстайды. Мақсат — қарсыластың қолын жерге тигізу. Қол күші басым ойыншы жеңеді.
Ұлттық ойын: «Ақсерек — көксерек»
Ойын үшін балалар екі топқа бөлініп, қол ұстасып қатар тұрады. Арақашықтық шамамен 20–30 қадам. Бірінші топ өлеңдетіп шақырады:
1-топ:
Ақсерек-ау, ақсерек,
Бізден сізге кім керек?
2-топ:
Ақсерек-ау, ақсерек,
Жаман-жаман бала аты (бала аты) керек.
Аты аталған бала қарсы топқа қарай жүгіріп барып, олардың ортасындағы ұстасқан қолдарын үзіп өтуге тырысады. Егер үзіп өтсе, қарсы топтан бір баланы өз тобына ертіп қайтады; үзе алмаса, сол топта қалып қояды. Ойын осылай жалғаса береді.
Ұлттық ойынның тәрбиелік мәні
Өнерге биік сеніңіз,
Думанға қызық келіңіз.
Әділ қазы — ел сенген,
Өнерге баға беріңіз.
Құрметті ұстаздар мен қонақтар, алға қойған мақсатымыз — ата-бабадан қалған өнер мен өнегені, ұлағатты үлгілерді баланың сана-сезіміне сіңіріп, көзбен көріп, көңілмен қабылдату. Ұлттық ойындар арқылы балаларды әдептілікке, мейірімділікке, ізеттілікке, туыстық пен бауырмалдыққа, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуға баулимыз.
Ұлттық ойындардың бір ғажабы — олар баланың жан сұлулығын да, тән сұлулығын да жан-жақты жетілдіруге бағытталған.
Қорытынды және марапаттау
Бүгін балалармен ұйымдастырылған «Ұлттық ойын — халық қазынасы» атты спорттық кешімізді қорытындылайық. Қонақ-қазылардың шешімі бойынша «Тұлпар» және «Қыран» топтарының сайысында Достық жеңді. Екі топ та алтын және күміс медальдармен марапатталады.
Осымен спорттық жарысымыз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рақмет!