Қарамен жазылған сөйлемдерді төл сөз, автор сөзіне айналдыру

8-сынып қазақ тілі: Төл сөздің тыныс белгілері

Бұл сабақта оқушылар төл сөз, төлеу сөз және автор сөзі ұғымдарын жүйелеп, төл сөздің тыныс белгілерін дұрыс қоюды тәжірибе арқылы меңгереді. Сабақ құрылымы сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау және деңгейлік тапсырмалар арқылы ұйымдастырылады.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: жаңа білімді меңгерту, өткен тақырыптармен байланыстыру, жаттығулар арқылы білімді бекіту, жүйелеу.
  • Дамытушылық: ой-өрісті, сөйлеу тілін және сөйлеу мәдениетін дамыту; белсенділікті арттыру; танымдық жаттығулар арқылы дүниетанымды кеңейту.
  • Тәрбиелік: адамгершілікке, еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа, өзара сыйластыққа, елжандылыққа тәрбиелеу; туған жер ескерткіштерін тануға және қорғауға баулу.

Сабақ форматы

Типі, түрі
Жаңа білімді игеру, өздігінен іздену сабағы.
Әдіс-тәсілдері
Сұрақ-жауап, түсіндіру, жаттығу, талдау, деңгейлік тапсырмалар, шығармашылық жұмыс.
Көрнекілігі
Интерактивті тақта (слайдтар).

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу, сынып журналына белгі қою.
  • Кітап, дәптерлерін тексеру.
  • Назарды сабаққа аудару.

2) Үй жұмысын пысықтау

  • Жаттығуды тексеру.
  • Өткен материалды сұрақ-жауап арқылы қайталау, еске түсіру.

«Сыр сандық» сұрақтары

  • Төл сөз дегеніміз не?
  • Төлеу сөз дегеніміз не?
  • Автор сөзі дегеніміз не?
  • Төл сөз бен автор сөзі қалай байланысады?

3) Жаңа сабақ: мақсат қою

Нені білуіміз керек?

  1. 1 Төл сөз, төлеу сөз, автор сөзі ұғымдары.
  2. 2 Төл сөздің тыныс белгілерінің қойылу ережелері.

Нені үйренуіміз керек?

  1. 1 Төл сөздің тыныс белгілерін дұрыс қоя білу.
  2. 2 Талдау жұмыстарын жүйелі орындау.

Практикалық тапсырмалар

№1 тапсырма: «Байлық пен ақыл» ертегісі

Мәтіндегі төл сөз бен автор сөзінің тыныс белгілеріне назар аударыңыз.

Бір қарияның төрт ұлы болыпты. Бір күні әкесі балаларын шақырып алып: — Мен қартайдым. Кімнің ақылы мен байлығы болса, сол менің мұрагерім болады, — депті.

  1. 1) Үлкен ұлы асыл тасты жүзігін көрсетіп: — Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды, — депті.
  2. 2) Екінші ұлы асыл киімдерін киіп келіп, әкесіне былай дейді: — Мені осы түрімде көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді.
  3. 3) Үшінші ұлы күміс пен асыл тастармен әшекейленген белдігін буынып: — Мұндай белдікті ешкім буынып көрген жоқ! — деді.
  4. 4) — Сен неге үндемейсің? — деді әкесі төртінші ұлына қарап. — Әлде сенің көрсететін ештеңең жоқ па?
  5. 5) Сонда төртінші ұлы басын төмен салып: — Менде асыл тас та, жүзік те, киім де, белдік те жоқ. Тек еңбексүйгіш екі қолым, қайрат пен жігерге толы жүрегім бар, — дейді.

Әкесіне кіші ұлының жауабы ұнайды. Ол мұрагері етіп кіші ұлын атап, үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етеді.

№2 тапсырма: Сәйкестендіру

  • Оқулықтағы ережелер мен ертегідегі 5 мысал сөйлемді салыстырып, сәйкестендіріңіз.
  • Топта талқылаңыз.
  • Мәтіндегі мысалдарға сүйене отырып, төл сөздің тыныс белгілерін түсіндіріңіз.

№3 тапсырма: 237-жаттығу

  • Қарамен жазылған сөйлемдерді төл сөз бен автор сөзіне айналдырыңыз.
  • Сөйлем мүшесіне және морфологиялық талдау жасаңыз.

№4 тапсырма: Сурет бойынша жұмыс

«Қандай ғажап, қандай әсем, осы менің туған өлкем…» тақырыбында суреттерге қарап отырып, төл сөздің тыныс белгілеріне мысал келтіріңіз.

№5 тапсырма: «Кім тапқыр?»

Мәтіндегі қалып қойған тыныс белгілерін тауып, дұрыс қойыңыз.

І топ

Шай құйып отырған Қанигүл жаулығының ұшымен жасын сүртіп: — Иә, үлкендерден естіген бұл әңгіме еміс-еміс есімде, — дейді.

ІІ топ

— Алтайды айналып шықсам, — деп армандаушы еді Бекен аға.

ІІІ топ

Бір кезде ұйықтап отырған Бекен аға ояна келіп: — Әй, Төке, біз бұрылыстан өтіп кеттік, артқа бұрыл, — дейді.

Қорытынды бөлім

Рефлексия: «Басбармақ»

  • Сабақ өте жақсы ұнады.
  • Сабақ жақсы ұнады.
  • Сабақ онша ұнаған жоқ.

Бағалау

Тапсырмаларды орындау сапасы, тыныс белгілерін дұрыс қоюы, талдау жүргізуі және топтық жұмысқа қатысуы бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Оқулықтан берілген тапсырмаларды орындап, төл сөз бен автор сөзінің тыныс белгілеріне арналған 5 мысал сөйлем құрастырыңыз.