Аналарды шақыру
Тәрбие сағатының тақырыбы
Ақ жарқын – жан анам
Мақсаты
- 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің салтанатын сезіндіру.
- Анаға деген махаббатты арттыру, құрметті нығайту.
I. Дайындық кезеңі
Ұйымдастыру
- Аналарға арнап шағын сыйлықтар әзірлеу.
- Аналарды мерекеге шақыру.
Безендіру және көрме
- Қабырға газетін шығару: құттықтаулар, фотосуреттер, иллюстрациялар.
- Үздік шығармалар көрмесін дайындау.
II. Негізгі бөлім
Кіріспе
Аналар мен қонақтар төрден орын алады. Музыка бәсең естіліп тұрады.
Сынып жетекшісінің сөзі
Әке – өмірдің берік тірегі болса, ана – өмірдің ағынды арнасы. Ана жаны нәзік, ана жүрегі ізгі әрі мейірімді.
Нәресте шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, оны алақанына аялап, ақ сүтімен емізіп, әлпештеп баулитын – ана. Ананың асыл қасиеттерін аз ғана сөзге сыйғызу мүмкін емес.
«Ана» деген сөздің қуаты дарияға тең: ол сарқылмайды, ұмытылмайды, ескірмейді. Бала – ананың асыл арманы, алтын кені.
Ендеше, балаларыңыздың дайындаған шағын мерекелік тартуын қабыл алыңыздар. «Ақ жарқын – жан анам» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймын.
Сахналық көрініс
Музыка әуенімен сыныпқа қолдарында гүлдері бар оқушылар билеп кіреді де, гүлдерін аналарына тарту етеді.
Өлең жолдары
Асылхан
Қуанышы баланың —
Қуанышы ананың.
Бізді өсірген апатай,
Еңбегіңіз зор екен.
Тахмина
Қуанышы ананың —
Қуанышы баланың.
Құтты болсын, апатай,
Құтты болсын мерекең.
Хор
«Аяулы анашым» әні орындалады.
Аналарға арналған өлеңдер
1-оқушы
Өмірде ана — бұлақ, ана — пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ана! Ол – біздің елде ардақты адам.
2-оқушы
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — қуанышы өмірдің.
Ана деген — әрбір үйдің жылуы,
Ана деген — гүлі туған өмірдің.
3-оқушы
Жамандықтан сақтандырған,
Жақсы ісімен мақтандырған.
Ақ апамды әрқашанда,
Жүрсем деймін шаттандырып.
4-оқушы
Ана деген — ақылшың,
Анаң барда — батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаға жақынсың.
5-оқушы
Сегізінші наурызда,
Құттықтаймыз ананы.
Теңеп оны жұлдызға —
Сый тартамыз бағалы!
Сыйлық табыстау
Еңбек сабағында дайындаған құмырадағы гүлдер аналарына табысталады.
Би
Ұлдар тобы би орындайды.
Қызықты көріністер
1-көрініс
«Менің анам – ең жақсы адам»
Рөлдер: Асан, Самал.
2-көрініс
«Үш ана»
Рөлдер: Эльмира, Дильназ, Әсем, Данияр, Әли, Әлиби, Рамазан.
Құтты болсын, ардақты анам, асыл анам, мерекең!
Құтты болсын, теңдік алған қуанышты мерекең!
Енді аналарды ортаға шақырамыз. Сіздермен ойын ойнайық.
Ойындар
1-ойын: «Өз баласын иіскеп табу»
Көздері байланған аналар баласын қолмен ұстамай, тек иіскеп табуы керек.
2-ойын: «Кім жылдам?»
Көрсетілген сызыққа кім жылдам барады: жүре отырып, баласын еркелеткенде айтатын жылы сөздерді кезекпен айтады.
Ән
Асанның орындауында «Асыл ана» әні.
Үздік шығармалар көрмесі
Бұл бөлімде оқушылардың аналарына арнаған өлеңдері, салған суреттері және құттықтаулары қойылады. Қонақтар арасынан әділқазылар сайланып, үздік жұмыстар марапатталады.
Қыздарды құттықтау
Ұлдар қыздарға сыйлықтарын табыстайды.
Ән
Азаттың орындауында «Сұлу қыз» әні.
Алғыс сөздер
Мирас
Ерлік еткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін.
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді,
Аналарға мың алғыс!
Жібек
«Адал бол», – деп, балдырған,
Әділдікке баулыған.
Қуанышты күнде енді
Құттықтаймыз сіздерді,
Анамызға мың алғыс!
Күннің нұры мен шуағының барлығы ананың жүрегінен нәр алғандай. Қайда жүрсек те, жүрегіміз ананың аяулы алақанын аңсайды. Сондықтан бәріміз де ананың алдында қарыздармыз — ананың махаббаты алдында бас иеміз.
Қорытынды
Осымен сынып тәрбие сағатымыз аяқталды. Шын ниетімізбен алғыс айтамыз.
Қош сау болыңыздар!