Риза болып жүреміз, Сүйікті біздің әліппе
Қош бол, құтты Әліппем!
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, бүлдіршіндер! Бүгін балалардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар тұңғыш сауатын ашқан, барша ғылымның анасы саналатын, болашағымыздың берік іргетасы — Әліппені аяқтап отыр.
Әліппені бітіру — алдағы өмірге бастайтын биік белестердің бірі. Бүгін біз сол белестің бірінен асып, осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, өнерімізді ортаға саламыз.
Шақыру
«Әліппені бітірді балаларым, әліппеден нәр алған даналарым. Өзі жазып, оқитын хәлге жетті — құтты болсын, білімі балалардың!»
Сіздерді «Қош бол, құтты Әліппем!» атты ертеңгілігімізді тамашалауға шақырамыз.
Салтанатты ашылу
1-бастаушы
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз — алаңсыз балғын шақты балалар.
2-бастаушы
Өтті оқу — сан сабақ,
Бүгін міне — үлкен салтанат.
Оқулықпен достасып,
Әліппемен қоштаспақ.
Өсті білім, бойымыз,
Құтты болсын тойымыз!
Хор
Сәлем саған, мектебім!
Балалардың жүрекжарды сөзі
Ұлжан
Бар білімнің бастауын
Әліппеден бастадым.
Үйренуге талпындым,
Құлшынып — балғын жас жаным.
Мүслим
Әліппем, менің әліппем!
«А» деген бастап әріптен
Сөз құрап жаза бастадым,
Таңба танып, тақылдап мен.
Айнұр
Осылай алға аттадым,
Әр әріпті жаттадым.
Жаттаған сайын әріпті
Сөз құрап жаза бастадым.
Қуаныш
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріпті.
Оқимыз қазір ертекті —
Үйреткен оны Әліппе.
Айкүнім
Әсем ою-өрнекпен көмкерілген Әліппем!
Сен болмасаң, білімге бастайтын жолды біліп пе ем?!
Нұрдәулет
Бірінші беттен елімнің Елтаңбасын таныдым.
Көк байрақты қазақтың — ұрпағымын, сәнімін.
Хор: Елтаңбасы — елімнің.
Әліппені ортаға шақыру
Мұғалім
Балалар, өздерің алғаш қолға ұстаған аяулы Әліппе оқулықтарыңды ортаға шақырайық.
Хормен: «Әліппе, келіңіз!»
Жақсы досым, келіңіз,
Тамашаны көріңіз.
Төрімізден орын бар,
Құтты мейман болыңыз.
Әріптер шеруі: алфавит сайысы
Айдана: «Алфавиттер, шығыңдар! Орындарыңа тұрыңдар. Бастайық кәне жарысты — жібермейік намысты!»
-
А
А дегенім — ақыл, алғыс, адалдық.
Нұрдәулет: Аналардан алған ақыл — адамдық.
-
Ә
Ә дегенім — әдеп, әсем, әділет.
Гауһар: Ержеткенде Отаныңа қызмет ет!
-
Б
Б дегенім — бақыт, білім, балалық.
Мүслим: Болашаққа нық сеніммен қаралық.
-
Г
Г дегенім — гауһар, газет, гүлдәурен.
Диана: Гүл-гүл жайнап, өсе бергін, балдәурен.
-
Ғ
Ғ дегенім — ғибрат, ғылым, ғанибет.
Нұрмұхаммед: Ата-анаңа қартайғанда қызмет ет!
-
Д
Д дегенім — достық, дарын, даналық.
Сабина: Мектеп бізді дана қып шығарады.
-
Е
Е дегенім — еңбек, есті, ел, ерлік.
Сүндет: Ер-азамат болам, елім сенерлік.
-
Ж
Ж дегенім — жолдас, жігер, жаңалық.
Назгүл: Жан анамның жұмсауына жаралық.
-
И
И дегенім — игілік, иба, инабат.
Сымбат: Үлкендерге әрқашан да сәлем ет!
-
К
К дегенім — кітап, кәсіп, компьютер.
Сабина: Кәмпиттерді төгер бізде кондитер.
-
Қ
Қ дегенім — қажыр, қайрат, қолғанат.
Нұрбек: Қасиеттің қадірлісі — қанағат.
-
Л
Л дегенім — лағыл, лашын, лалагүл.
Айнұр: Топты жарған лидер бола біл.
-
М
М дегенім — мектеп, мақсат, мархабат.
Нұрдәулет: Мерейлісі — мақтауменен марапат.
-
О
О дегенім — оқу, озат, ой-санa.
Айкүнім: Отан артық — қорға оны ойлана.
-
П
П дегенім — парыз, пікір, парасат.
Бауыржан: Пайдалы іс жасау — бізге жарасат.
-
Р
Р дегенім — рақымдылық, разы ет.
Райымбек: Рухы биік Республикама рахмет!
-
С
С дегенім — сенім, серік, сырғанақ.
Сабинұр: Бүгін бізде сондай сәтті салтанат.
-
Т
Т дегенім — талант, талап, тілектес.
Бекарыс: Тәртібіміз — әр кезде де кілең «бес»!
-
У
У дегенім — уыс, уық, уызым.
Ұлжан: Инабатты бола білгін, ұл-қызым.
-
Ұ
Ұ дегенім — ұлан, ұстаз, ұлағат.
Қуаныш: Ата-анаңның үмітін ақта, азамат.
-
Х
Х дегенім — халат, хабар, халайық.
Ұлжан: Үлкендердің тек алғысын алайық.
-
Ш
Ш дегенім — шашу, шешім, шарапат.
Азамат: «Беске» оқу — алға қойған мақсат.
-
Ы
Ы дегенім — ырыс, ықылас, ынтымақ.
Айдана: Бүгінгі жыр — Әліппеге арналмақ.
Қорытынды сөз
Нұрдәулет: Барлық әріп — бағалы. Айттық әділ бағаны. Әріпсіз сөз болмайды, буын онсыз толмайды. Адам барлық әріпті ардақтайды, қолдайды.
Назгүл: Енді біз жаза білеміз, әріпті қосып әріпке. Риза болып жүреміз, сүйікті біздің Әліппе.
Нұрбек: Біз жазамыз «ана» деп, біз жазамыз «дана» деп. Біз жазамыз «қала» деп, біз жазамыз «дала» деп.
Әдеп, ұқыптылық, еңбекқорлық
Сұрақ-жауап
Сұрақ
Ұқыптылық пен әдептілік туралы не білеміз?
Ұлжан
Сыйлап үлкен ағаны,
Сәлем берген баланы
Кім дейміз?
Хормен: Әдепті екен дейміз.
Сүндет
Кітап, дәптер, қаламы
Кір шалмаған баланы
Кім дейміз?
Хормен: Ұқыпты екен дейміз.
Нұрмұхаммед
Таудай биік талабы,
Жақсы оқитын баланы
Кім дейміз?
Хормен: Үлгілі екен дейміз.
Сымбат
Бұғынбаса қорғалап,
Үлкенге болса қолғанат
Кім дейміз?
Хормен: Еңбексүйгіш екен дейміз.
Хор
Болайықшы осындай!
Ертегі және жаңа оқулықпен танысу
Әліппе
Рақмет, балалар, көп нәрсе үйренген екенсіңдер. Енді менен қандай ертегі оқып үйрендіңдер?
Ертегі: «Бауырсақ»
Рақмет, балалар, мені жақсы оқып бітірген екенсіңдер. Енді әрі қарай білім беретін оқулықпен таныстырайын:
Ұстаздар мен балалар, аталар мен апалар,
Танысыңдар досыммен, достасыңдар осымен.
Аттанғанда бүгін мен — ана тілін таныңдар!
Оқып жақсы ана тілін — ақыл, білім алыңдар!
Хормен: «Сәлеметсіз бе, Ана тілі!»
Қоштасу сәті: Әліппеге мың алғыс
Сабина
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Бекарыс
Білімге жолды бастаған — Әліппе, саған мың алғыс!
«Оқы!» деп ұран тастаған — Әліппе, саған мың алғыс!
Диана
Қош, Әліппем, биіктеткен асқарға,
Қанат берген шарықтауға аспанға!
Қоштассақ та, ұмытпаймыз өзіңді,
Тапсырамыз іні-қарындастарға.
Хор
Әліппем, менің Әліппем,
Өмірді көрем танып мен.
Қайталап айтам мың рет:
Өзiңе көп, көп рақмет!
Әліппенің батасы
Әр сөзімді жаттаған достар үшін мақтанам.
Рақмет айтып шаттанам, риза болып аттанам.
Аттанатын жолым бар — оқумен өсіп, толыңдар!
Аман-есен болыңдар!
Хормен: Бізге білім салып берген — хош бол, құтты Әліппем!
Хор: «Әліппемен қоштасу».
Ұстазға және ата-анаға алғыс
Балалардың тілегі
Гауһар: Әліппемен қош айтысып қаламыз, енді қолға Ана тілін аламыз. Ата-ана, қуанышқа ортақ бол — сауатты боп шықты міне балаңыз.
Сабинұр: Шыбықтай едік алтыдан жаңа асқанда, бірінші сынып есігін жаңа ашқанда. «Ботам» деген сөзді ғана білуші ек, «ұстаз» деген сөзді әлі біз білмеуші ек.
Азамат: Білім — бір теңіз, болмайды екен мүлдем шек. Біз сізге қарап үйренсек дедік, үйренсек. Өз балаңыздай сізге біз ыстық-жақын ек. Ардақты ұстаз, рақмет сізге, рақмет!
Ұлжан: Мұғалім, ғазиз мұғалім — сарқылмас мәңгі бұлағым. Ұланың бүгін тойыңда арнайды саған бұл әнін.
Ән: «Мұғалім — ол біздің».
Қорытынды тілек
Жүздеріңнен көрем шаттық арайын — болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Тойларыңыз құтты болсын, ата-ана!
Тойларыңыз құтты болсын, бүлдіршін!
Құрметті ата-аналар, «Қош бол, құтты Әліппем!» атты ертеңгілігіміз осымен аяқталды.
Концерттік бағдарлама жалғасады.