Ата - бабаларына деген құрметін, қазақ хандығының құрылуы туралы білімдерін толықтыру

Ашық тәрбие сағаты туралы мәлімет

Бұл ашық тәрбие сағаты Атырау қаласы, №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Қорғанова Базаргүл Әндірқызының 1-сыныбында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілді.

Тақырыбы: «Қазақтың ханы — Абылай».

Мақсаты

  • Қазақ хандары және ежелгі қазақ қоғамының дамуы туралы мағлұмат беру.
  • Оқушылардың патриоттық рухын көтеріп, елге-жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.
  • Ата-бабаға деген құрметті қалыптастырып, Қазақ хандығының құрылуы туралы білімді толықтыру.
  • Абылай хан тұлғасы арқылы бабалар ерлігін бағалай білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Абылай ханның үлкен портреті.
  • Слайд-презентация.
  • Бейнематериалдар (тарихи үзінділер).
  • Күй мен сахналық көріністер.

Тарихи негіз және мерейтой мәні

Қазақтың бүкіл тарихы — бірігу мен тұтастану тарихы. Ел бірлігі туралы ойды еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев та атап өткен. Бүгінгі ұрпақ ғылым мен білім саласында өз жолын қалыптастыратын, болашаққа нық қадам жасайтын буын болуы тиіс.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылу уақыты 1465–1466 жылдар деп көрсетіледі. Осы дерекке сүйене отырып, 2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы ретінде атап өтілді.

Атаулы күнді кең көлемде тойлау идеясын Қазақстан президенті ұсынды. 2014 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1448 қаулысы қабылданып, мерейтойды 2015 жылы атап өту туралы шешім жарияланды.

Ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы», — деп өсиет қалдырған. Осы ұстанымға сүйене отырып, тәрбие сағатының өзегі — «Бабалар ерлігі — ұрпаққа өнеге» қағидасы болды.

Тәрбие сағатының басты мақсаты — үш жүздің басын біріктіріп, елді ыдыраудан сақтауға жанқиярлықпен күрескен, қазақ тарихында өшпес орны бар Абылай ханның тұлғасын таныту.

Іс-шараның жүру барысы

Ашылуы

Қазақ биі (орындаушы: Анель)

Түріктің бір бұтағы — қазақ еді,
Қайсар мінез, өр еді, ғажап еді.
Жәнібек, Керей хандар басын қосып,
Өмірге келген еді Қазақ елі.

Өлең (орындаушы: Али)

Алтай мен Атыраудың арасында,
Жетісу, Жеті өзеннің сағасында.
Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп,
Хандық құрды қазақ өз даласында.

Бейнематериал

«Қазақ хандығының құрылуы» тақырыбында Ерден атаның әңгімесі (видео).

Әдеби үзінді

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,
Жанымды орай берсе ұлы уайым.
Кеудемде күннің нұры толғандай боп,
Жырлаймын алты алаштың Абылайын.
Арсыға асқандаймын, тәуап қылсам,
Кебедей Абылайдың Бурабайын...

Мағжан Жұмабаев

Сахналық көріністер

Абылайға арналған арнау

Бекарыс

Ұлы Абылай хан, алып ием,
Асқар таудай алып ең.
Қазағым деп жанып ең,
Қазағым деп налып ең.
Тосылғанда қалың ел,
Өзіңді-өзің танып ең.
Намыс өртеп жағып ең,
Ұлы Абылай, хан ием!
Қорғаным ең, бағым ең!

Көрініс: ел басына күн туған шақ

Көрініс Құрманғазының «Көбік шашқан» күйімен басталады. Сахнада босқын жұрттың ауыр халі, жаугершіліктен қалған жара көрсетіледі. Жас баланы жетектеген қарт көрінеді (бала 12–13 жаста).

Бала

— Ата, тұр, жүрейік. Жау келіп қалар. Мен сүйейін.

Қарт

— Жоқ, балам, енді жүре алмаймын. Сен тоқтама, жүре бер. Бірақ тыңдап ал: сенің атаң — Абылай, Түркістанның билеушісі болған. Әкең — Уәли, Орта жүздің сұлтаны. Сен сол екеуінің бауыры Әбілмәмбетті іздеп тап. Өзіңді ешкімге ашпа, жауға сырыңды берме. Сәті келер. Қош бол.

Бала

— Жоқ, ата, мен сізді тастамаймын!

(Бала қартты көтеріп алып, сахнадан алып шығады.)

Жүргізуші сөзі

XVII ғасырдың 30-жылдары Батыс Моңғолияда жоңғарлардың әскери-феодалдық мемлекеті құрылды. XVII ғасырдың 40-жылдары жоңғарлар Жетісу арқылы Қазақстанға баса көктеп кірді. Қазақ халқы жүз жылдан астам уақыт жоңғарлармен күрес жүргізді. Қазаққа қарсы Еділ бойындағы қалмақтар да тонаушылық жорықтарын үдетті. 1723 жылдан басталған ел босуы тарихта «Ақтабан шұбырынды» деген атпен қалды.

Көрініс: Төле би және «Сабалақ»

Төрде Төле би, қасында 1–2 ақсақал. Есіктен үсті-басы алба-жұлба, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ көзі отты, сөзі өткір бала кіреді.

Бала (Ильяс)

— Ассалаумағалейкум, Биеке!

(Сәлем беріп, шеткерірек отырады. Шапанын бүктеп астына төсейді.)

Төле би (Сұлтан)

— Қай баласың? Атың-жөнің кім? Бар ма еді әке-шешең, аға-інің? Адам болсаң — хан текті, құста — сұңқар. Байқасам, түрің соған келеді. Шырағым, төре тұқымысың, қарамысың? Жөніңді бастан-аяқ айтшы қане.

Бала (Ильяс)

— Атым да, жөнім де жоқ бір баламын. Дәм айдап тентіреген бейшарамын. Әке-шешем, ел-жұртым, туғаным жоқ. Атымды сіз қойсаңыз, құп аламын.

Төле би (Сұлтан)

— Ендеше, «Сабалақ» болсын сенің атың. Сөзің пысық, жауабың батыл. Қой қайыр, байқармыз одан әрі. Сынақтан сүрінбей өтсең, бағың ашылар.

(Сабалақтың мойнына қоржын іліп, қолына таяқ ұстатып шығарып салады.)

Бейнематериал

«Абылай хан» туралы бейнеүзінді (Ердосби).

Өлең жолдары: еңбек пен төзім

Алмаз

Малшы боп таяқ ұстап қойын бақты,
Кеш жатып, ерте тұрып, отын жақты.
Бұйырған әрбір істі көңілмен істеп,
Байыпты мінезімен биге жақты.

Зейнеп

Қойдан өтіп, одан соң бақты түйе,
Нені бақса, сол малға болды ие.
Отын алып, жүк артып, іркіт пісіп,
Құлын байлап, биені сауғызды жиып-тере.

Түйін

«Қазақтың ханы — Абылай» атты тәрбие сағаты тарихи дерек, бейнематериал, күй және сахналық көріністер арқылы оқушылардың ұлттық санасын нығайтып, ел бірлігі мен бабалар ерлігін құрметтеуге бағытталды.