Әке аманаты өлеңі

Әдеби-сазды кештің ашылуы

1-жүргізуші: Қайырлы күн, қадірменді жыр сүйер қауым!

2-жүргізуші: Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру мақсатында, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен елдің махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» әдеби-сазды кешімізді бастаймыз. Биыл ақын атамыз тірі болғанда 87 жасқа толар еді.

Күй мен домбыраға тағзым

1-жүргізуші

Күй ойнайды қазағымның қанында,

Күй ойнайды қазағымның жанында.

Жүрегіңнің дүрсілі —

Күмбірлеген домбырасы барында.

2-жүргізуші

Домбыра, жүрегіммен үндес едің,

Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,

Өмірдің не екенін білмес едім.

Мұқағали мұрасы — терең өзен

1-жүргізуші: Бүгінде самғауы биік қазақ жырының сырлы өлкесінде көкіректің тұңғиық сырын сыбызғы сазымен тербеген сыршыл әуен — Мұқағали Мақатаев мұрасы. Мұқағали аз ғана ғұмырында әдебиетімізге мол қазына қалдырған дара дарын. Өмір — бір өзен болса, оның өлеңі де өзендей тұңғиық, терең. Мұқағали жырлары бірде үнсіз шымырлап қайнап, тереңге тартып, бірде ақ күміс бұлттарды түйдектетіп, аспанға атқан — өмірдің өзіндей.

Қарасаз — ақынның алтын бесігі

2-жүргізуші

Мен туған жер — Қарасаз баурайдағы,

Жалғанда жер біткеннің балқаймағы.

Есім кетіп жүргенде ес білдірген,

Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы.

Іркес-тіркес ағады қара сулар,

Қарасаң, суларда да таласу бар.

Бұл суларға менің көп бересім бар,

Бұл сулардан менің көп аласым бар.

Бақытым ғой Қарасаз келіп қонған,

Кисем — киім, ішсем — ас, көлік болған.

Мендей ұлдың осы жыр мыңын тауып,

Әлі күнге маңына жерік болған.

Ақын 1931 жылдың 9 ақпанында Алматы облысы, Нарынқол ауданының қасиетті Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Туған күн толғанысы

1-жүргізуші: «Сырым да осы, жырым да осы, алдыңда…» деп, бір күндік сәуледей ағып өткен қазақ жырының шоқ жұлдызы — Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әсерлі жырлардың бірі — «Арыз жазып өтейін».

Өлеңнен үзінді

Бүгін менің туған күнім, ой, бәлі-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып:

«Мына шапан, мына атың!» — мін демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!

Бекер өмір сүргенім бе әлде мен?

Халқым, сенің қасиетіңді білем деп,

Басқа әуремен өмірім өтті ме?

Айтамын деп қуанышым, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?

Мен бәрібір өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең дағы ұлыңды.

Өмірбаян деректері

Әке тағдыры

Әкесі — Сүлеймен: қарапайым шаруа, аздап ұсталығы да болған. Өңірде колхоз ұйымдастыру ісіне араласқан. 1941 жылы майданға аттанып, соғыстан оралмаған.

Үйде әжесі, анасы және екі інісі қалған.

Оқу жолы

Мұқағали Алматыдағы Шет тілдер институтында неміс тілі факультетінде оқыған. Алайда отбасының тұрмысы ауырлағандықтан, оқуды еріксіз тоқтатып, ауылға қайтады. Зеректігінің арқасында неміс тілін едәуір меңгерген.

Көркем оқу

«Әке аманаты» өлеңін мәнерлеп оқитын: 6-сынып оқушысы Өмірбай Әсем.

«Әке аманаты» — үзінді

Аттанарда алыс жолға

Тапсырды әкем аманатын.

Серт етіп мен де алдым қолға

Әкемнің берген асыл затын.

Сұстандырған суық лебі —

Соғыс жылы, қыстың кезі.

Әкем сонда аймалап мені,

Аманат еткен мынау еді сөзі:

«Тыңда, балам, тыңда, күнім,

Болуға жара қолқанат!

Кәрі анаң, сәби інің —

Барлығы саған аманат!

Мен де сенің он жасыңда

Атадан жетім қалғанмын.

Аса ақылды болмасам да,

Аманатын алғанмын».

Әже тәрбиесі және білімге құштарлық

2-жүргізуші: Ақынды әжесі Тиын тәрбиелегендіктен, анасы Нағиманы ел ішінде еркелетіп «Нақа» деп атаған деседі. Нағиманың айтуынша, Қарасаздың Шалкөде жағы саздауыт болып, ол жерде қаз жақсы өсетін. Мұқағали анасы берген екі қазды почта машинасын айдайтын орысқа беріп, орнына орыс тіліндегі кітаптарды алып қалатын. Келесі сапарға дейін кітаптарды оқып бітіріп, қайта тапсырып отырған. Осылайша бірде-бір орысы жоқ, таза қазақ ауылында білім көкжиегін кеңейткен.

Ән орындалады

«Ана, сен бақыттысың, жыламағын» әнін орындайтын: 10-сынып оқушысы Нұрғалиева Салтанат.

Өлең оқылады

«Қара өлең» өлеңін мәнерлеп оқитын: 8-сынып оқушысы Дадажанова Зарина.

Әже туралы естелік

1-жүргізуші: Атасының аты — Мақатай, әжесі — Тиын. Мұқағали Тиын әжесінің бауырында өседі. Әжесі мейірімді, кісілігі мол, қайратты адам болған. Ақын әжесіне арнап өлең жазып, Н. Тілендиевтен ән шығаруды өтінеді. Ән тамаша болып шыққан сәтте: «Әжем, ұлы әжем, еңбегің ақталды» деп қатты қуанып, қуаныштан көзіне жас алады.

Естелікті тыңдайық

2-жүргізуші: Мұқағалидың әжесі туралы бір естелік бар. Оны 6-сынып оқушысы Сәрсенбек Ерсұлтан баяндайды:

Ақынның атасы көкпар шауып жүріп аттан құлап, аяғын сындырып алады. Ел-жұрт оны аттың алдына өңгеріп, аяғын салбыратып әкеледі. Туыстары сынықшы іздеп кеткенде, әжесі атасына: «Мына аяқ түбінде аяқ болмайды, шауып тастау керек» дейді. Атасы келіседі. Әжесі балтаны өткірлеп, аяқты шауып тастап, жуып, таза шүберекпен таңып қояды. Үш күннен кейін сынықшы келіп, бәрі дұрыс істелгенін айтып, батасын береді. Мінезіне қарап, атасы әжесін «Көкдауыл» деп атайтын болған.

Лашын — ақынның серігі

2-жүргізуші: Ақынның жары — Лашын. Әрі бақытты, әрі бейнетті; әрі азапты, әрі арманды жан. Мұқағалидың мұңы мен музасын, өмірге көктем гүліндей дүркіреп келген асау да дарынды, ағынды өлең-дастандарын алғаш тыңдаған — осы адам.