Менде қайдағы күш

Ашық сабақтың тақырыбы

«Сәулесі мен санаңның жігерленсін талабың»

Мақсаты

Оқушыларға ерік-жігер, күш-қуат, сана-сезім сияқты құндылықтардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру.

Міндеттері

  • Оқушыларды өз өміріне жауапкершілікпен қарауға, күш-жігерін саналы түрде толық пайдалана білуге үйрету.
  • Ерік-жігерді, күш-қуатты мақсатты түрде арттыра алу дағдыларын дамыту.
  • Табандылыққа, төзімділікке, жігерлілікке, қажырлыққа және ерік-күштің мықтылығына тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері: «Ерлікке шақыру»

Сөзі мен әні: М. Шаханов

Міне, саған ойланатын келді күн,

Азамат боп атқа міндің сен бүгін.

Бірақ атқа мінгеніңнен не пайда,

Жүрегіңде қалғып жатса ерлігің.

А-а-а, бозбала,

Қанатыңды талдырма,

Алай-түлей жаңбырда,

Тізгініңді беріп қойма тағдырға,

Қуанышым.

Жан-тәніңмен бір адамды сүймегенің үшін,

Сүйе алмағаның үшін,

Табиғаттың алдында кінәлісің.

Мәтінмен жұмыс

Мұғалім берілген мәтінді ықыласпен, мәнерлеп оқуды ұсынады. Тақырыпты ашатын сұрақтар арқылы оқушылар мәтіндегі негізгі ойды жинақтап, құндылықтық мәнін өз пікірлерімен пайымдайды.

Оқушылар жігер туралы ой бөлісіп, аңыз әңгімеде әркімнің өз ісіне лайық күші бар екенін байқайды. Ең басты тұжырым: дүниедегі ең күшті — адам.

Мәтінді үйде қайта оқып, ой қорытынды жасау тапсырылады.

Аңыз әңгіме: «Күш қайдан келеді?»

Авторлық баяндау және диалогқа құрылған мәтін

Басталуы

Мал қарауға шыққан бір бала жуан дөңнің етегіндегі сазды жерде қара батпаққа батып жатқан тайыншаны көреді. Жүгіріп барып, сүйемелдеп шығармақ болады, бірақ қозғалтуға шамасы жетпейді.

Мұны ағашқа қонақтап отырған құзғын сырттай бақылап тұрады.

Бала: «Шіркін, жойқын күшім болса ғой! Дүниедегі нағыз күшті кім? Күшті болу үшін не істеу керек?»

Құзғын: «Күллі әлемге жарық сеуіп, төбесінен қарап тұрған Күннен күшті кім болушы еді?»

Кім күшті: Күн бе, бұлт па?

Бала: «Ей, отты Күн! Айтшы, сен шынымен асқан күштісің бе?»

Күн: «Жоқ. Менен де күшті бар.»

Бала: «Сенен де күшті кім?»

Күн: «Аспанда көшкен көкала бұлттар күшті. Олар сырғып келіп бетімді жауып қалса, мен оларды әрі қарай қозғалта алмаймын.»

Бала: «О, жөңкіген бұлттар, расында сендер күштісіңдер ме?»

Бұлт: «Егер біз күшті болсақ, ызғарлы жел қалай айдаса, солай кетпес едік. Бізден жел күшті.»

Желдің жауабы

Бала: «Арыны қатты Жел, сен күшті екенсің ғой. Сол күшті қалай жинайсың? Оған жігерің жете ме?»

Жел: «Менде қайдағы күш? Нағыз күштіні білгің келсе — асқар Тауға бар. Ол өмірі маған жол берген емес.»

Таудың сыры

Бала: «Құдіретті Тау, күшті қалай жинайсың?»

Тау: «Нағыз мықтыны көргің келсе — Құмырсқаға бар. Одан асқан күшті, жігерлі жоқ. Менің алып денемді үңгіп, ін салады, ал мен қарсылық көрсете алмаймын.»

Құмырсқаның кеңесі

Бала қалың ағаш арасындағы ашық алаңқайдан құмырсқа илеуін табады. Ішке кіріп-шығып, дән тасып жүрген құмырсқалар тынымсыз еңбек етеді.

Бала: «Сүйкімді құмырсқалар, сендер шынымен күштісіңдер ме?»

Құмырсқалар: «Иә, біз күштіміз!»

Бала: «Онда айтыңдаршы: күшті қалай жинайсыңдар?»

Құмырсқалар: «Оның саған не керегі бар?»

Бала: «Мен де күш жинап, мықты болғым келеді.»

Құмырсқа: «Талабың таудай екен, шегінбе. Ол үшін алдымен өзіңді дайында, ойыңды бекіт.»

Бала: «Қалай? Не істеуім керек?»

Құмырсқа: «Санаңнан жалқаулықты қу. Ойыңды мақсатыңа бағындыр. Бұған ерік-күшің жете ме?»

Бала: «Мақсат етсем, орындауға жігерімді жұмсаймын. Одан кейін ше?»

Құмырсқа: «Күніне үш мезгіл — таңертең, түсте және кешке — үзбей қимыл-қозғалыс жасауды әдетке айналдыр. Уақытыңды бос өткізбе. Күн сайын бір істі бітір. Қай жұмысты да оймен, санамен саралап жаса. Асықпа, аптықпа, жігеріңді жасыма. Сонда ақылың толысып, күш-қуатың молаяды. Жиналған күш тынымсыз қозғалыс арқылы үнемі артып отырады.»

Қорытындысы

Бала айтылған кеңесті орындауға бел буады. Үй шаруасына көмектеседі: мал қайырады, шөп шабады, егін орады. Осылайша бірте-бірте шынығып, қабырғасы қатаяды.

Ақырында ол мына ойға келеді: «Күш — адамның бойына үздіксіз қимыл-қозғалыс арқылы жинақталады.»

Сөйтіп, адам бойына күштің қалай пайда болатынын ұғып, мақсатына жетеді.

Ойлануға арналған сұрақтар

1-сұрақ

Неліктен адам бәрінен күшті деп ойлайсыңдар?

2-сұрақ

Балаға өздерің қандай ақыл қосар едіңдер?

Жүректен жүрекке: «Жасымайтын жастық жігер»

Жасымайтын, жастық жігер — өр неткен,

Жүзіп келем, құлашымды сермеп кең.

Махамбеттің адырнасын мөңіреткен —

Онда жатыр менің бала арманым,

Армандаған асқар таудың заңғары.

Білесің ғой, айтқаныңа көнбейтін,

Әр жүректің өзіне тән заңы барын.