Жылқы - киелі көк пырақ
Ана тілі · 4-сынып
Бастауыш сынып мұғалімі: Жиенбаева Сәуле · «№122 жалпы орта мектебі»
Бұл сабақ жоспары төрт түліктің бірі — жылқы туралы мәтінді түсінуге, ұлттық танымды тереңдетуге және оқушының ой-пікірін дәлелдеп айтуына бағытталған.
Шаттық шеңбері
Қайырлы күн, балалар!
Шеңбер болып тұрайық, жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген.
Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз —
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.
Үй тапсырмасын тексеру
«5 сұрақ» стратегиясы
Алдыңғы тақырыпты қайталау үшін оқушылар қысқа әрі нақты сұрақтарға жауап береді. Мақсат — негізгі ойды ұстау және дәлелмен сөйлеу.
Жұмбақ арқылы тақырыпты ашу
Қамыс құлақ, тоқсан тұяқ,
Мінсең — қанат,
Сүті — дәрі,
Еті — тамақ.
Жылқы туралы не білеміз?
- Тақ тұяқты
- Сүтқоректі
- Күйіс қайырмайды
- Өті жоқ
- Жеті қазынаның бірі
- «Ер қанаты» деп бағаланған
Мағынаны тану: автор және мәтін
Бүгінгі тақырып — төрт түліктің бірі жылқы. Мәтіннің авторы: С. Мұқанов.
Сәбит Мұқанов туралы қысқаша
Сәбит Мұқанов (1900–1973) — қазақтың аса көрнекті жазушысы. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Жастайынан ауыз әдебиетімен сусындап, өлең-жырды жатқа айтып өскен. Сәбит өзіне ұлы Абайды ақылшы ұстаз тұтқан.
Оқулықпен жұмыс
Табиғат көрінісін беретін жолдарды және жылқының аналық мейірімі сипатталған тұсты оқыңыз.
Қос туралы және жылқының еті туралы жазылған жолдарды тауып оқыңыз.
Жылқының терісі жөнінде айтылған тұсты табыңыз.
Мақан жылқышының сөзін тауып оқыңыз.
Сөздік жұмыс
- Қос
- Уақытша баспана.
- Тебік
- Жылқы тұяғымен қарды ашып, жайылатын жер.
- Борасын
- Қар аралас соққан жел.
Сұрақ-жауап: ойлан, сезін, дәлелде
- Әңгімеде жылқының аналық мейірімі туралы не айтылады?
- Мәтінді оқығанда қандай сезімде болдың?
- Сені таңғалдырған жайт болды ма?
- Жылқының адамға қандай пайдасы бар? Пікіріңді дәлелде.
Жылқының адамға пайдасы
Тағам
Еті — жоғары сапалы тағам. Қазының тағамдық та, емдік те қасиеті бар.
Сусын
Қымызы — өте құнды, шипалы, табиғи сусын.
Тері және тұрмысқа қажет бұйым
Терісінің иісіне жылан жоламайды. Теріден түрлі бұйымдар жасалады: торсық, саба (қымыз пісетін ыдыс).
Қорғаныс және қызмет
«Жылқы — ер қанаты» деуі тегін емес: жаугершілік заманда батырлар атқа мініп ел қорғаған. Қазіргі кезде де таулы аймақтарда шекара күзетінде ат қолданылады.
Киелі ұғым: көк пырақ
Көне түсініктерде жылқы — киелі көк пырақ. Еліміздің Елтаңбасындағы Қос Тұлпар — осы киелі бейненің жалғасы.
Есіңде сақта: жылқыны шақыру сөздері
Адам малды әртүрлі дыбыстау арқылы шақырады. Жылқыны шақырудың да өзіндік ерекшелігі бар.
«Құрау-құрау»
Биені сауу кезінде шақыру үшін айтылады.
«Моһ-моһ»
Жылқыны ұстау үшін айтылады.
«Тәк-тәк»
Ер салып мінгенше қозғалмай тұру үшін айтылады.
«Тыр-р, тыр-р»
Арбаға не шанаға жеккенде тоқтату үшін айтылады.
Сергіту сәті
«Қара жорға»
Қимыл-қозғалыс арқылы оқушылар сергіп, көңіл күйін көтереді және сабаққа қайта шоғырланады.
Жылқыға қатысты атаулар мен дәстүр
Түсіне қарай
Көк, жирен, күрең, боз, торы.
Жүйрік ат атаулары
Сәйгүлік, тұлпар, саңлақ, арғымақ.
Ұлттық ойындар
Бәйге, аударыспақ, қыз қуу, көкпар, теңге алу.