Оқушылардың бойында туған ауылына, мектебіне деген жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру
Ақ жол саған, жас түлек!
Іс-шара барысы
11-сынып жетекшісі: Армысыздар, ұстаздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Міне, бүгін көктемнің шуақты күнінде мектебімізде үлкен мереке өтуде. Көктемгі жауқазындай құлпырған, әсем де сұлу, қарлығаштың қанатындай қиғаш қасты, құралайдың көзіндей мөлдіреген сымбатты қыздарым!
Ойлаған армандарың мен мақсат-міндеттеріңді іске асыра алатын, егемен елдің байрағын биік көтеретін, халқымыздың сеніміне ие болатын, ел мен заман талабының үдесінен шығатын саналы азамат болыңдар. Сендер — үміт еткен көздің нұры, «балам» деген ата-ананың ғана мұрагері емес, тұтас елдің ертеңісіңдер. Үміт артқан болашақтың үздігі болыңдар!
Сөз кезегі мектеп бітіруші түлектерге беріледі.
Ән: «Өзіңді аңсап» әуенімен
Әні: Ж. Омаров • Сөзі: өзгертілген
1-шумақ
Күндердің өткен соңында қалар дерегі,
Алдағы күннің әлі де көп қой берері.
Мектебім, сенің өмірің — үлгі-өнеге,
Шәкірттер оны ұмытпай айтып жүреді.
Қайырмасы:
Мектебім менің — жасаршы, жайнап әрқашан,
Мектебім менің — мақтанышпенен айта алам.
Мектебім менің — ауылымның сәні, ажары,
Балалығымның, бал дәуренімнің базары.
2-шумақ
Мектебім менің — алаңсыз арман күндерім,
Сәби сезімім, гүл сезім жарған бүрлерім.
Түлетіп, өзің ұшырған шәкірттерің кеп,
Ақ ниетпенен ұсына берсін гүлдерін.
Түлектердің арнауы
Ұстазға алғыс пен жүрекжарды тілек
1-оқушы
Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерің оқытқан,
Келіп тұр жолдап сәлемін.
2-оқушы
Өмірдің ұғып тереңін,
Өркен жайған қауымым.
Қабыл ал жүрек сәлемін,
Құлақта сенің әр үнің!
3-оқушы
Көтеріп жүктің салмағын,
Жолында өмір талмадың.
Мерейің қандай шуақты,
Ұстазым — асыл арманым!
4-оқушы
Ардақтап адам,
Көтерсін сені жыр-таққа.
Ұлы елдің баулып ұланын,
Жасарып жылда.
Жасай бер әрбір ұрпақта!
5-оқушы
Атағым Алатаудай болып биік,
Тұрса да төбем өсіп, көкке тиіп.
Алдыңда әрқашанда тағзым етіп,
«Ұстазым!» деп басымды иіп тұрармын.
6-оқушы
Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым — қадірлі өнеге алабына,
Ұстаз тәрізді өнегелі болсам ізгі.
7-оқушы
Ұстаз сөзі — күн нұрына пара-пар,
Шәкірт оның әр сөзінен нәр алар.
Ізгілік пен мейірімге толы ол,
Шуақ болып жүректерге таралар.
8-оқушы
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың.
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір, мәңгі жас боп қаласың.
Ән: «Ертегілер әлемі» әуенімен
Әні: Е. Елгезеков • Сөзі: өзгертілген
Оқушы баламыз,
Өсті ғой санамыз.
Ертең-ақ бәріміз
Тараймыз жан-жаққа.
Студент те біздер болармыз.
Баласы аз сынып едік,
Ұйымшыл, көңілді едік.
Бүгінгі той күні,
Соңғы қоңырауда
Сұлу ән менен жыр төгілді.
Қорытынды ниет
Бұл мерекелік кеш — мектеппен қоштасу ғана емес, жаңа өмірге қадам. Түлектерге ақ жол, биік мақсат, берік мінез, адал еңбек тілейміз. Ал ұстаздарға — шәкірт қуанышы мен еңбектің жемісі мәңгі серік болсын.