Ұлы аға

Мақсаты

Оқушылардың ана тіліне деген құрметін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза әрі сауатты сөйлеуге баулу. Сонымен бірге өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін оятып, ана тіліміздің тұғырын нығайтқан бабалар өсиетін ұран ету арқылы қазақ тілінің қадір-қасиетін биіктету.

Тақырыбы
Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз
Көрнекілігі
Тақырыптық бейнероликтер, әндер, күй орындаулары

Іс-шара барысы

Құттықтау сөз

Қайырлы күн, ана тілін ардақ тұтар тіл жанашырлары!

Армысыздар, өрлі де асқақ рухты тәуелсіз елдің жас ұландары!

Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер күніне арналған «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты іс-шарамызға қош келдіңіздер!

Тәрбие сағаты Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылады.

Кіріспе өлең және бейнеролик

Жүргізуші

Қайта туды қазағымның ай-күні,

Күннен-күнге асар ма екен айбыны?

Жетпіс жылда өтті талай кешуден,

Қатар көріп шаттық, табыс, қайғыны.

Ана тіліміз туралы бейнероликке назар аударайық. (Бейнеролик ойнатылады.)

Тіл туралы үндеу

Жүргізуші

Қазақпын мен, қазақтың бөлшегімін,

Қажеті не басқаның өлшемінің?

Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,

Енді міне, жетеді көпке үнім.

Ортаға ағылшын тілі үйірмесінің тәрбиеленушілері шығады. Әдеби монтаж: қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде тіл туралы өлең шумақтары оқылады.

Ән: «Қазақ елі»

Ән орындалады (бейнеролик қатар ойнатылады).

Жастарға аманат

Жүргізуші

Қалың елім, қазағыма қорған бол!

Жеткіншегім, жайқала өсіп орман бол.

Шетел тілі мен компьютерді меңгеріп,

Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол!

Ортаға домбыра үйірмесінің тәрбиеленушілері шығады.

Күй: «Балбрауын»

Домбырамен күй орындалады.

Даналыққа бастар сөз

Жүргізуші

Асыл сөзді іздесең — Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең — жаттап тоқы көңілге.

Ендеше ортаға Үш биді сомдайтын оқушыларымызды шақырайық.

Көрініс: «Үш би»

Төле би

Уа, халқым, сөз қадірін білесің:

Жаңбыр жауса жер жетім,

Басшысы болмаса ел жетім,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім.

Атың жақсы болса — ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса — жан мен тәннің шырағы.

Қазыбек би

Аты жаманның арманы кетер.

Баласы жаманның дәрмені кетер.

Әйтеке би

Биікке шықсаң — көзің ашылады.

Жақсымен жолдас болсаң — көңілің ашылады.

Төле би

Сөз танығыш жастарға айтар он түрлі жұмбағым бар.

Әйтеке би

Айтыңыз, ұлы аға.

Төле би

Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Дауыс

Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?

Қазыбек би

Ұлы аға! Бұл жұмбағыңызды мен шешейін, рұқсат етіңіз.

Төле би

Рұқсат, қаз дауысты Қазыбегім, рұқсат.

Қазыбек бидің шешуі

Бір — бірлігі кеткен ел жаман.

Екі — егесіп өткен ер жаман.

Үш — үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман.

Төрт — төсектен безген жас жаман.

Бес — белсеніп шапқан жау жаман.

Алты — асқынып кеткен дерт жаман.

Жеті — жесір қалған жас жаман.

Сегіз — серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз — торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе, сол жаман.

Он — оңалмас кәрілікке дауа болмас.

— деген сөзіңіз, ұлы аға!

Төле би

Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым менің!

Әйтеке би

Суалмайтын суат жоқ.

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Тамыры суда тұрса да,

Уақыты жеткенде

Қурап қалмайтын құрақ жоқ.

Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.

Төле би

Дұрыс айтасың, Әйтеке. Ал, қаз дауысты Қазыбек би, мынау жиылған халайыққа не айтасың?

Қазыбек би — өсиет

Өркенім өссін десең — кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе.

Елің өссін десең — өршіл болма, өшкеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға қастық қылма — қайғысы көшіп басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға жәрдемші бол асыға — қиын-қыстау күндерде өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба.

Төле би

Сөзің асыл, қаз дауысты Қазыбек!

Уа, халайық!

Көсіле шабар жерің бар, тау көтерген ерің бар!

Қол боларлық елің бар, атадан қалған сара жолың бар!

Сөз қадірін біліңдер!

Күй: «Домбыра»

Домбырамен күй орындалады.

Тіл туралы түйін

Жүргізуші

Тілім менің!

Тілім үшін мың өліп, мың тірілді елім.

Арыммен де, намысыммен де қатар қойып,

Тілді қорғау — парызым бүгін менің.

Ән: «Сарыарқа»

Ән орындалады.

Қорытынды

Ана тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін!

Ана тіліміз тек биіктерден көрініп, өркендей берсін!

Келесі кездескенше аман-сау болайық.