Атау септік

7-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Бұл жоспар зат есімнің септелуі тақырыбын жүйелі түрде меңгертуге бағытталған. Құрылымы оқушының өткен білімін жаңғыртып, жаңа теорияны түсіндіруге және практикалық тапсырмалар арқылы бекітуге лайықталған.

Сабақтың тақырыбы

Зат есімнің септелуі

Сабақтың форматы

Типі:
жаңа материалды меңгерту
Түрі:
аралас
Әдіс-тәсіл:
сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістері

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Септік жалғаулары туралы теориялық білімді еске түсіру, оны тереңдету және жүйелеу.

Тәрбиелік

Көркем әрі сауатты жазуға үйрету, тіл мәдениетін арттыруға дағдыландыру.

Дамытушылық

Жаттығулар арқылы жылдам ойлап, жауапты тиянақты және жүйелі айтуға үйрету; мәнерлеп оқуға баулу.

Көрнекіліктер

  • Лингвистикалық кесте
  • Презентация
  • Үлестірмелі қағаздар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушылармен амандасу.
  2. Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
  3. Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

29-жаттығу: үш сөзді тәуелдеу. Мысал ретінде мақал-мәтел қолдану.

III. Жаңа тақырыпты түсіндіру

1) Идеялар жинау

«Абылайдың ақ туы» — бұл тіркес бұрын күллі қазақ атынан айтылатын ұранның баламасы ретінде қолданылған.

Тапсырма

Берілген сөйлемнен тәуелденіп тұрған сөзді табыңыз.

2) Теориялық білім

Септіктер мағынасы мен қызметіне қарай екі топқа бөлінеді: грамматикалық септіктер және көлемдік септіктер.

Грамматикалық септіктер

Атау, ілік, табыс — негізінен заттық мәнмен байланысты. Олар қимылды атқарушыны (бастауыш), объектіні (тура толықтауыш), меншіктік-қатынастық мәнді (анықтауыш) білдіреді.

  • Атау: кім? не?
  • Ілік: кімнің? ненің?
  • Табыс: кімді? нені?

Көлемдік септіктер

Барыс, жатыс, шығыс, көмектес — объектілік мәнмен қатар мекендік, мезгілдік, себептік, бағыттық және құралдық мағыналарда да қолданылады.

  • Барыс: кімге? неге? қайда?
  • Жатыс: кімде? неде? қайда?
  • Шығыс: кімнен? неден? қайдан?
  • Көмектес: кіммен? немен? қалай?

3) «Септіктер бейнесі» (рөлдік жұмыс)

Оқушыларға септік атаулары жазылған карточкалар таратылады. Әр оқушы өзіне түскен септіктің «кейпіне еніп», өзін таныстырады: сұрақтарын, мағынасын, қызметін айтады. Септіктер арнайы белгіленген үстелдерге топтасып, бір-біріне түсіндіреді. Соңында әр топтан бір оқушы шығып, септіктің бейнесін қорғайды.

4) Септіктердің қысқаша сипаттамасы

1. Атау септік

Арнайы қосымшасы жоқ. Затты атау, атап көрсету мәнін береді. Сұрақтары: кім? не?

2. Ілік септік

Әдетте тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркеседі. Негізгі мағынасы — меншіктілік, иелік, қатыстық. Сұрақтары: кімнің? ненің?

Мысал: мектептің маңымектеп маңы, есіктің тұтқасыесік тұтқасы.

3. Барыс септік

Бағыт, мақсат, мекен, мезгіл мағыналарын білдіреді. Сұрақтары: кімге? неге? қайда?

4. Табыс септік

Зат пен қимылды байланыстырып, объектіні білдіреді. Сұрақтары: кімді? нені?

5. Жатыс септік

Мекендік, мезгілдік мағыналарды білдіреді. Сұрақтары: кімде? неде? қайда?

6. Шығыс септік

Қимылдың шыққан орнын, мезгілін, себебін, материалын білдіреді. Сұрақтары: кімнен? неден? қайдан?

7. Көмектес септік

Құралдық, бірлесу, тәсіл мағыналарын білдіреді. Сұрақтары: кіммен? немен? қалай? Көмектес септіктің жалғаулары жиі -мен, -бен, -пен түрінде келеді.

Есте сақта

Көмектес септік жалғауларының басқа септіктерден ерекшелігі — жуан варианты болмайды.

5) Септік жалғауларының кестесі

Дыбыс үндестігіне байланысты септік жалғаулары бірнеше вариантта келеді. Төмендегі кесте арқылы бекітіледі.

Септік Жалғаулары
1) Атау жоқ
2) Ілік -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің
3) Барыс -ға, -ге, -қа, -ке, -на, -не, -а, -е
4) Табыс -ды, -ді, -ты, -ті, -ны, -ні, -н
5) Жатыс -да, -де, -та, -те, -нда, -нде
6) Шығыс -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен
7) Көмектес -мен, -бен, -пен

6) Жай септеу мен тәуелді септеуді салыстыру

Жай септеу Тәуелді септеу
1 қалам қаламым
2 қаламның қаламымның
3 қаламға қаламыма
4 қаламды қаламымды
5 қаламда қаламымда
6 қаламнан қаламымнан
7 қаламмен қаламыммен

7) Жаттығу жұмыстары

34-жаттығу (материалды меңгерту)

  • Мәтіннен септік жалғаулы зат есімдерді табып, талдау.
  • Септелген сөздерді ретімен кестеге түсіру (атау–көмектес).
Септіктер Мәтіннен алынған мысалдар
Атау
Ілік
Барыс
Табыс
Жатыс
Шығыс
Көмектес

36-жаттығу (шығармашылық ізденіс)

  • Әр жолға ұйқас табу.
  • Қарамен берілген сөздердің қай септікте тұрғанын анықтау.

Онлайн тест

Тест интернет арқылы орындалады. Нәтижесіне қарай сертификат беріледі. Бағалау топтық ұпаймен жүзеге асырылады.

Білімге арналған блог: http://baqytgul.kazjur.kz

Қорытынды бөлім

Нақыл сөз

«Білімді мыңды жығады.»

Бағалау

Оқушылардың жұмысы тапсырмалар мен топтық ұпай негізінде бағаланады.

Үй тапсырмасы

Есімдерді жылдам септеп үйрену (қайталау және бекіту).