Жыраулар поэзиясынан өткенді қайталау

Сабақтың тақырыбы

Жыраулар поэзиясынан өткенді қайталау.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: жыраулар поэзиясының өзі өмір сүрген ортаның сипатына, тарихына тікелей қатыстылығын көрсету; толғауларындағы негізгі тақырыптарды ашу. Данагөй бабалар жырларындағы ел бірлігін сақтау идеясының бүгінгі күнде де өз мәнін жоймағанын дәлелдеу.
  • Дамытушылық: ойды көркем тілмен жеткізе білуге баулу, сөздік қорды молайту.
  • Тәрбиелік: рухани-эстетикалық және ұлтжандылық тәрбие беру.

Пәнаралық байланыс

Тарих, саз өнері, халық педагогикасы, әдебиет теориясы және т.б.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • «Бес ғасыр жырлайды» кітабы (I–II том)
  • «Ай, заман-ай, заман-ай» кітабы
  • Қосымша материалдар

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың типі
Білімді бекіту.
Сабақтың түрі
Кіріктірілген сабақ.
Әдіс-тәсілдері
Сұрақ-жауап, ізденушілік, талдау, жинақтау, бекіту, түсіндіру және т.б.

Сабақтың барысы

Сабақ құрылымы оқушылардың назарын шоғырландырудан бастап, мақсат-міндеттерді нақтылау, өткен материалды жүйелеу және бекіту кезеңдеріне негізделген.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II. Сабақтың мақсат-міндеттерін түсіндіру

Бүгінгі жұмыс жыраулар поэзиясының тарихи контекстімен байланысын айқындауға, толғаулардың тақырыптық өзегін тануға және ел бірлігі идеясын пайымдауға бағытталады.

III. Өтілген материалдарға шолу

Пысықтау сұрақтары ұяшықтарға орналастырылады. Әр топ өзіне қанша ұпай әкелгісі келсе, сол ұяшықты таңдап, сұраққа жауап береді.

I. Ұяшықтардағы сұрақтарға жауап беру

Ойын форматы: ұпай жинау арқылы бекіту

Сұрақ

20 ұпай

Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан. Мұсылман мен кәпірдің Арасын бұзып дінді ашқан…

  • Ол кім?
  • Қандай толғауларын білесіңдер?
  • Жауынгерлік фразеологизмдер мен ерлік образдарға толы шығармаларынан үзінді оқыңдар.

Сұрақ

40 ұпай

1523 жылы Астрахань түбіндегі әскери жорықта қаза тапқан жауынгер жырау кім? Оның арманға толы қандай толғауы бар? Осы тақырыпқа қалам тартқан тағы қандай жыраулар мен ақындарды білесің?

Сұрақ

30 ұпай

Үмбетей жырау кімдерге арнап арнау жазған? Арнауларынан үзінді оқыңдар.

Сұрақ

20 ұпай

Шал ақынның адамның жасына берген бағасы туралы айт.

Сұрақ

20 ұпай

1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы кезінде батырлығымен қол бастап, шешендігімен сөз бастаған ұлы жырау кім? Оның ұрпақтарына қалдырған өсиетінен үзінді келтір.

Сұрақ

20 ұпай

Санаулы сөзге салмақты ой сыйдырған жыраулардың нақылға айналған даналық сөздерінен мысал келтір.

Сұрақ

40 ұпай

Жыраулар поэзиясының көркемдік ерекшелігіне талдау жаса.

II. «Кім жылдам?» ойыны

Шарты

Үш топ бір-біріне сұрақ дайындайды. Әр оқушы сұраққа тез әрі дұрыс жауап беруге ұмтылады.

III. Қорытынды

Сабақ соңында оқушылардың жауаптары жинақталып, негізгі ұғымдар мен көркемдік ерекшеліктер бойынша қорытынды жасалады.

Оқушы жауаптарының үлгісі

Төмендегі үзінділер талқылау кезінде көркем тіл, образдылық және жыраулық дәстүрдің мәнін ашуға арналған.

1-сұрақ бойынша жауап

Қазтуған Сүйінішұлы

Қазтуған — қалмақтарға қарсы қол бастаған батыр жырау. Аңыз-әңгімелерде оның тоғыз ұлы да ел қорғаған ерлер ретінде сипатталады. Қазтуған толғауларындағы бейнелі тіркестер жауынгерлік рухты, ерлік ұғымын айқын танытады.

Үзінді 1

Белгілі биік көк сеңгір, Басынан қарға ұшырмас. Ер қарауыл қарар деп, Алыстан қара шалар деп. Балдағы алтын құрыш болат Ашылып шапсам деп тартар, Сусыным қанға қанар деп. Арғымақтың баласы Арыған сайын тың жортар, Арқамда қосым қалар деп. Ақ дария толқын күшейтер, Құйрығын күн шалмаған балығым, Ортамнан ойран салар деп. Азамат ердің баласы Жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ қылар деп!

Үзінді 2

Салп-салпыншақ анау үш өзен, Салуалы менің ордам қонған жер. Жабағылы жас тайлақ Жардай атан болған жер. Жатып қалған бір тоқты Жайылып мың қой болған жер. Жарлысы мен байы тең, Жабағысы мен тайы тең. Жары менен сайы тең. Ботташағы бұзаудай, Боз сазаны тоқтыдай, Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған. Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас. Бақасы мен шаяны Кежідегі адамға Түн ұйқысын таптырмас. Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың. Қайырлы болсын сіздерге Менен қалған мынау Еділ жұрт!

Талдауға бағыт

  • Жауынгерлік лексика мен тұрақты тіркестердің қызметі
  • Табиғат суреттері арқылы берілген елдік, жұрт, қоныс концептілері
  • Образ жасау тәсілдері: салыстыру, гипербола, метафора