Телефон туралы
Сабақтың тақырыбы: «Телефон – байланыс құралы»
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларды телефонның шығу тарихымен таныстыру.
- Телефон арқылы сөйлесу мәдениетін үйрету.
- Өткен тақырыптарды қайталау арқылы сөзжұмбақ шешкізу, ойлау қабілетін дамыту.
- Жаңа сөздер арқылы сөздік қорын кеңейту.
- Мәдениеттілікке, әдептілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Сабақ форматы мен ресурстар
Сабақтың түрі
Ауызша журнал.
Әдістер
Сұрақ–жауап, түсіндіру, талдау–жинақтау, көрнекілік.
Көрнекіліктер
- Телефон пішініндегі журнал
- Тапқышбектің суреті
- Сөзжұмбақ, сөздер
- Телефонның суреті
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу.
- «Әдемі амандасады – үй жануары» атты амандасу жаттығуын өткізу.
II. Жаңа сабақ
Балалар, бүгін бізде ерекше сабақ. Себебі сабағымызға қонақтар келді, әрі көптен бері көрінбей жүрген Тапқышбек пен Білгішгүл де қонаққа келіп отыр. Үйге келген қонаққа «Қош келдіңіздер!» дейміз.
Олар бізге тапсырмалар ала келіпті. Алғашқы тапсырма — сөзжұмбақ. Сөзжұмбақты шешу үшін төмендегі сұрақтарға жауап береміз.
Сөзжұмбақ сұрақтары
- Күні бойы көше кезіп зырлайды, жолаушыға қызмет етіп тынбайды. Автобус
- Анам мен әкемнің анасы бізге кім болады? Әже
- Бағдаршамның қай түсі жанғанда машина тоқтайды? Қызыл
- Бұл үйге «көзсіз» болып басыңды сұғасың, бұл үйден білімді болып шығасың. Мектеп
- Судан шашақ шомылады, су тоқтаса басылады. Фонтан
- Кімі көп болса, жау алмайды? Дос
- Ол ардақты асыл ас: аттамас оны кәрі-жас. Ас дастархан үстінде, қол жумай оны ұстамас. Нан
Жауаптар қатары
А В Т О Б У С · Ә Ж Е · Қ Ы З Ы Л · М Е К Т Е П · Ф О Н Т А Н · Д О С · Н А Н
Ендеше, бүгінгі сабақта не туралы пікірлесеміз? Телефон туралы.
Телефон — байланыс құралы
Алғашқы телефонды америкалық ғалым А.Т. Белл 1876 жылы ойлап тапқан. Содан бері телефон адамдарға қашықтан сөйлесуге, хабарласуға көмектесетін маңызды байланыс құралына айналды.
Телефонды еріккеннен біреумен ойнау үшін немесе қорқыту үшін пайдалануға болмайды. Бұзақылық мақсатта қолдану — қауіпті әрі жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Төтенше жағдай нөмірлері
Қиын жағдайда дұрыс нөмірді білу — қауіпсіздіктің бір бөлігі. Мына жағдайларда қай нөмірге хабарласамыз?
Өрт шықса
01 нөмірін тереміз.
Бұзақылар, ұрылар мазаласа
02 нөмірін тереміз.
Адам ауырып қалса
03 нөмірін тереміз.
Газдың иісі шықса
04 нөмірін тереміз.
Телефонмен сөйлесу мәдениеті
Ереже:
- Телефон қоңырауы түскенде ең алдымен амандасу керек.
- Сөйлесу соңында сыпайы қоштасу қажет.
Практика: дәрігермен, өрт сөндірушімен, мұғаліммен телефон арқылы сөйлесу диалогтарын рөлге бөліп орындау. Одан кейін сөйлеудегі қателерді бірге талдау.
Телефондар әлеміне саяхат
Бүгінде ең көп қолданылатыны — ұялы телефон. Оны дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіру маңызды. Ұзақ уақыт экранға қарау, артық отыру және қажетсіз сөйлесу зиян келтіруі мүмкін.
Алтын ақыл
- Телефонмен 20 минуттан артық сөйлеспеген дұрыс: басқа біреуге де шұғыл хабарласу қажет болуы мүмкін.
- Нөмірді қате теріп қойсаң, кешірім сұра.
- Сұхбатты, әдетте, бірінші болып хабарласқан адам аяқтағаны дұрыс.
- Ерекше жағдай болмаса, таң атпай немесе түнде телефон шалмаған жөн.
III. Сергіту сәті
«Телефон» тақпағы
Әй, телефон, телефон,
Мамаң келіп бұраса.
Кім керегін сұраса,
Тез шақырып келесің,
Айтқанына көнесің.
Әй, телефон, телефон,
Ал мен келіп бұрасам,
Кім керегін сұрасам,
Тыңдамайсың бірін де,
Гуілдейсің — мұның не?
IV. Қорытынды
- Оқушыларға: телефон туралы жұмбақ, тақпақ айтқызу.
- «Біздің үй телефоны» тақырыбында постер әзірлеп, қорғау.
V. Үй тапсырмасы
- Сөйлесіп үйрену.
- Телефонмен сөйлесу бойынша диалог құрастыру.