Аспаптың дыбыс көзі - тербелген аспаптың ішегі
9-сынып
Тербелмелі қозғалыс және оны сипаттайтын шамалар
Бұл сабақта тербелмелі қозғалыстың мәнін ашып, оны сипаттайтын негізгі шамалар мен олардың өзара байланысын қарастырамыз. Тақырыпты ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұралар арқылы байланыстыра отырып түсіндіреміз.
Сабақтың типі
Жаңа сабақ
Технологиясы
СТО (сын тұрғысынан ойлау)
Әдістері
- Болжам жасау
- Сұрақ–жауап
- Рөлдік ойын
- Венн диаграммасы
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Тербелмелі қозғалыстың не екенін, оны қандай шамалар сипаттайтынын және олардың арасындағы байланыстарды меңгереді.
Дамытушылық
Тербелмелі қозғалысты сипаттайтын шамалардың формулаларын түрлендіріп, есеп шығару дағдысын қалыптастырады; тербелісті басқа қозғалыстармен салыстырады.
Тәрбиелік
Топпен жұмыс істеуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға, өзара сыйластық пен ұйымшылдыққа тәрбиелейді.
Көрнекіліктер
Электронды оқулық (ЭО), бесік, тұрғы, шарик, жіп, серіппе, гір тасы, домбыра.
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, әдебиет.
Ұлттық дәстүр арқылы тақырыпқа кіріспе
Қазақ әдебиеті пәні мұғалімі оқушыларға мына ойды ұсынады: қай пәнді оқысақ та, қандай ғылымды игерсек те, бабалар дәстүрінен қол үзбейміз. Себебі қазақ халқының тұрмыс-салтында қалыптасқан үрдістер күнделікті өмірде жиі кездеседі. Ендеше ұлттық дәстүрлерімізді еске түсірейік.
Көрсетілім
«Бесікке салу» дәстүрі туралы бейнематериал ұсынылады.
«Адам баласы дүниеге әнмен тербеліп келіп, әнмен тербеліп дүниеден өтеді» деген тұжырым бекер емес. Тоғыз ай, тоғыз күн ана құрсағында тербеліп жатқан сәби жарық дүниеге келген соң қандай дәстүр орындалады? Әрине, бесікке салу.
Талқылауға арналған сұрақтар
-
1. Бесікке салу дәстүрі қалай орындалады?
-
2. Баланы бесікке кімдер салған?
-
3. «Тыштырма» деген не?
-
4. Бесіктің пайдасы қандай?
Бесіктің пайдасы: негізгі ойлар
Тыныш ұйқы мен жүйке тепе-теңдігі
Қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы жиі бұзылады. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі де толық жетілмейді.
Дененің жайлылығы
Бесіктен шешкен кезде сәби керіліп-созылып, бойын жазып, жайланады.
Тазалық дағдысы
Сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа ерте бейімделеді.
Денсаулыққа қолайлы орта
Бесіктегі баланың денесіне дымқыл мен сыз өтпей, құрғақтық сақталады. Бұл — мықты денсаулықтың кепілі.
Әлди мен мінез қалыптастыру
Бесіктегі балаға ананың әлдиі сіңіп, мейірім мен қайырымдылыққа бастайтын жұмсақ мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған бала бойына ұлттық қасиеттерді дарытады.
Қорғаныш ұғымы
Халық танымында бесік сәбиді сыртқы жағымсыз әсерден, тіл-көзден сақтайды.
Маңызды байқау: ырғақ
Бесік қалай болса солай тербетілмейді: ол белгілі бір ырғақпен, бірқалыпты қозғалыспен тербетіледі. Бірқалыпты тербеліс ананың әлдиімен үйлескенде сәби тез тынышталып, тәтті ұйқыға кетеді. Мұндай бірізді тербеліс баланың жүйкесін тәртіпке келтіреді.
Төле би нақылы: бесіктің мәні
Ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп бағалаған. Мұны Төле бидің мына бір әңгімесі айқындайды: жоңғар шапқыншылығынан кейін тоз-тоз болған ел тауға қарай босып, үдере көшкенде, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатады. Сонда қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», — дегенде, Төле би:
«Баланың бесігі — кең дүниенің есігі ғой», — деген екен.
Әуен мен тербеліс: ұлттық аспаптар
Көрсетілім
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары туралы бейнематериал ұсынылады.
Тербеле отырып дыбыс, әуен шығаратын қандай ұлттық аспаптарды білесіңдер? Атадан балаға жеткен мәдени мұрамыздың бірі — қазақтың музыкалық аспаптары: домбыра, қылқобыз, шертер және т.б. Халқымыз өмір тынысын музыка арқылы бейнелей білген.
Физикаға байланыс
Музыкалық аспаптың үні естілгенде, ол белгілі бір дыбыс көзінен шығып, бізге жетеді. Дыбыс көзін қарастырсақ, оның негізінде әрқашан тербеліс жатқанын көреміз: аспаптың дыбыс көзі — тербелген ішек, ал орта — тербеліп тұрған ауа бағаны. Таралған тербелістер — толқын. Демек, дыбыс толқын түрінде таралады.
Ұлттық ойын және тербеліс: алтыбақан
Көрсетілім
«Алтыбақан» ойыны туралы бейнематериал ұсынылады.
Сұрақ
Алтыбақан қалай ойналған?
Сұрақ
Алтыбақанның сырығы неге жетеу?
Алтыбақан тепкенде де жастар ән айтып, ырғаққа ілесіп тербеледі. Жағада тұрған бозбала ән ырғағымен алтыбақанды баяу сүйеп, өз кезегінде қайта еппен артқа итеріп отырады. Осылайша алтыбақан еріксіз тербеліс жасайды.
Қорытынды ой
Қазақ халқы ерте заманда ғылым мен білімге әрдайым бірдей қол жеткізе алмаса да, өмірлік тәжірибеден үйреніп, шеберліктің сан қырын ұқыптылықпен сақтап, бүгінгі дәуірге жеткізді. Физикадағы тербеліс құбылысын сөз ете отырып, оның ұлттық дәстүрлермен қалай сабақтасатынын байқадық. Енді сабағымызды осы ғылыми ұғымдар негізінде жалғастырамыз.